Жемқорлықпен күрес баяндамамен өлшенбейді
Жемқорлықпен күрес баяндамамен өлшенбейді
391
оқылды
Өңірдегі облыстық басқармалар мен департаменттер, жалпы мемлекеттік мекемелер сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарының есебін бергенде қанша жиналыс пен дөң­гелек үстел өткізгендерін, басылымдар мен телеарна­лар­­да қанша сұхбат бергендерін, қанша баннерді көшеге ілгендерін санамалап, құр сандарды сайрата бермей, нақты істерге көшкені жөн. Жуырда Nur Otan партиясы­ның Шығыс Қазақстан облыс­тық филиалының жанындағы Сы­б­айлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғам­дық ке­ңестің мүшелері баянда­ма­шы­ларға нақты осындай талап қойды. Айта кетсек, кезекті рет өт­кі­зілген кеңестің мәжілісін­де об­лыстық Полиция департа­мен­ті мен облыс бойынша Мем­ле­кет­тік кірістер департа­мен­­ті­нің өкілдері былтыр сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы атқарған шаруа­ла­рының есебін берген болатын. Кеңес мүшелерінің алдында ал­ды­мен сөз алған ШҚО бо­йын­­­ша Мемлекеттік кірістер де­­­пар­таменті басшысының орын­­­басары Ержан Ктанов өт­кен есепті жылда департамент қа­­­ра­­мағындағы бір ғана лауа­зым­ды тұлға жемқорлық құ­қық­­­бұзушылық бойынша қыл­­­мыс­тық жауапкершілікке тар­­тыл­ғанын жеткізді. Оның ай­туынша, департаменттің Қа­тон­­қара­ғай ауданы бойынша басқар­ма­сы бастығының орынбасары Р.Рахимов Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 2-тармағында (пара алу) көрсетілген қылмысты жа­са­­ған. Ал жалпы 2019 жылда мем­­­лекеттік қызметтің беделін түсі­ре­тін жағдайлар кездеспепті. Ал Шығыс Қазақстан облыс­тық Полиция департаменті бас­тығының орынбасары Ренат Ұнар­бековтің баяндауынша, тиі­сінше жүргізілген жұмыстар­дың нәтижесінде полицейлер ара­­сындағы жемқорлық қыл­­мыс­­тары былтырмен салыс­тыр­ғанда бірден 78 пайызға азайып кеткен екен. Сонымен қатар ол аймақ­та­ғы ішкі істер бөлімдері қыз­мет­кер­лері бес қылмыстық құқық­бұзу­­шылыққа жол бергенін де жа­сыр­мады ( 2018 жылы бұл көр­­сет­кіш 18 болған). Жасалған бес қыл­мыстың үшеуі сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Алдыңғы жылы бұл сипатта 19 қылмыс жа­­­салған болатын. Бастықтың орын­­басарының мәлімдеуінше, қыл­мысқа барған полицейлер мен олардың бастықтарына ең қа­­таң тәртіптік шаралар қолда­ныл­ған. Осылай деген екі шенеунік те, келесі ретте әдеттегі жүріс­те­рі­­нен танбай, сыбайлас жем­қор­лықтың алдын алуда атқарып жат­қан шаруаларын, өңірлік БАҚ арқылы қанша материал жа­риялағандарын, қанша жерге сұхбат бергендерін жарыса баян­да­ды. Алайда облыстағы екі үлкен департамент өкілдерінің «Бізде бәрі жақсы, жұмысты ойдағыдай істеп жатырмыз» деген сыңайда берген есебі кеңес мүшелерінің кө­ңілінен шыға қоймады. – Баяндамаларыңызды тың­дап отырсақ, сіздерде бәрі жақсы се­кілді. Алайда шын мәнінде олай емес екенін бәріміз де жақ­сы бі­леміз ғой. Негізінде нақ­ты ат­­қарылған шаруаларды, қол жет­­кізілген нәтижелерді баян­дау керек. Ал ондай жұмысты өкі­нішке қарай, көре алмай тұр­мыз, – деді қоғамдық кеңес­тің мәжілісінде облыстық мәсли­хат депу­таты, кеңестің мүшесі Олег Чернышов. Сонымен қатар кеңес мү­ше­­лері мәжіліске үнемі тек орын­­­басарлар мен бөлім бас­шы­­­лары ғана келетінін, ал бі­рін­­­ші басшылар мүлдем төбе көр­­­сетпейтіндігін де нақты фак­ті­л­ер­ді алға тарта отырып, сы­нап тастады.   Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан