21 жыл құпия «құлпына» таңылған қылмыс
21 жыл құпия «құлпына» таңылған қылмыс
449
оқылды
21 жыл құпия «құлпына» таңылған қылмыс. Күдік пен үміт. Күту мен сену. Жаза мен әді­летсіздік. Иә, сюжеті шет­ел­дік шытырман фильмнен кем түспейтін бұл оқиға был­тыр жамбылдық жұрт­шы­лық­тың жағасын ұстатқан бола­тын. Ширек ғасыр бұрын көр­ші­сін атып өлтіріп, бастырма астына көміп тастаған Есма­ғам­­бет Тілеужанов өткен ап­та­да сот залынан босап шық­ты. Күдіктінің кінәсі толықтай дә­лелденсе де, қылмыстық жа­уап­кершілікке тарту мер­зімі ескіруіне байланысты сот қаскөйді жазасыз қалдырды. Алайда марқұм Кеңесхан Мә­ді­хановтың жақындары Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­­раткері, атақты «Тараз» трио­­­­сының әншісі Асылхан Шүңі­реков пен Қасымхан Шүңі­рек бұл әділетсіздік деп, сот ше­шімімен келіспей отыр. Жалпы, бұл жантүршігерлік оқиға 1998 жылдан тамыр тартады. Сол жылы Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылының тұрғыны Кеңесхан Мәдіханов үйден шы­ғып, белгісіз жағдайда жоғалып кет­кен. Сол кезде полиция із-түс­сіз жоғалу дерегі бойынша тиісті жұмыстар жүргізген. Алайда арада бес жыл өткен соң айғақтардың бол­мауына және мерзіміне бай­ла­нысты іс қысқартылған. Міне, осы Кеңесханның жоғалу жұмбағы 21 жылдан кейін былтыр ашылған еді. – Полиция істі қысқартқа­ны­мен, біз бауырымызды іздеуді тоқ­татқан емеспіз. Былтыр тамыз айында бауы­рым­ның жоғалуына байланысты тағы бір жайттардың ұшы шығып, прокуратураға арызданып бардым. Олар тексере келе, ағамның кісі қолы­нан қаза тапқанын анықтады. Сөйтсек, 1998 жылы күздігүні ағам­мен бірге үш адам болған екен. Сол жерде болған Сейфулла есім­ді жігіт үйіне жылап барған. Әйе­лін көрген кезде күйеуі ағамды өлті­ріп қойғанын айтқан. Бірақ әңгі­ме сол жерде қалған. Сол үйде әйелінің Қадірхан есімді ағасы жүріп, бәрін естіген. Уақыт өте келе күйеубаласы қайнағасын үйі­не сыйғызбай, қуа бастайды. Сол кез­де қайнағасы «Советханды өлтіргендеріңді айтамын» дейді. Күйеубаласы «Айтсаң айта бер, 20 жыл уақыт өтіп кетті ғой, енді ештеңе бола қоймас» дейді. Сөйтіп қайнағасы басқа бір үйге барып, тіршілігін жалғастырады. 2017 жы­лы қайнағасы қайтыс болады. Өлер алдында бұл қылмыс жайлы малын бағып жүрген Болат және Ха­лима есімді кісілерге айтып ке­теді. Ал ол кісілер бізге рулас, туыс болып келетін. Біз өзіміз Та­раз­да тұрамыз, сосын ауылға бір бар­ғанымда «Аға, біз сіздерді анда-санда тойлардан ғана көреміз, айту­ға ыңғайсыз, бірақ ішке сый­­­­­майды, ұйқы жоқ» деп бар жағ­­­­дайды айтып берді. Олар үш адам­­ның атын атады. Сосын мен про­­­­куратураға жаздым. Жамбыл об­лыс­тық прокуратураның тап­сыр­­­­масымен Мойынқұм аудандық про­куратурасының бақылауымен үш айдың ішінде істің беті ашылды, – дейді Асылхан Шүңіреков. Ал жантүршігерлігі, күдікті ретінде ұсталған Есмағамбет Тілеу­жа­нов көршісі Кеңесханның өлі де­несін өз ауласына көміп, үстіне бас­тырма тұрғызып тастаған. Осы­­лайша, табаны бетондалған жерде мар­құм тұп-тура 21 жыл жат­қан. Әрі көршісі арагідік келіп, «Ке­ңес­­хан табылмады ма?» деп үй ие­ле­­рінен сұрап жүрген.  

Қа­зір­дің өзінде ауылдастар ру-руға бөлініп, бір-біріне тістерін қай­рап отыр. Егер біздің қайта бер­ген ап­пеляциялық сотымыз дұрыс үкім шығармаса, мұның арты жақ­­сылыққа апармайды.

  Бұл іске қатысты былтыр об­лыс­тық прокуратура ресми мә­лім­деме жасап, оқиғаның қалай өрбі­генін баян еткен болатын. Мә­­лім­деме мәтініне сүйенсек,1998 жылы желтоқсан айын­да Ке­ңесхан Мәдіханов пен Есма­ғам­бет Тілеужанов бірге ішімдік ішкен. Екеуінің арасында жанжал шы­ғып, сол кезде ИЖ маркалы 12-калибрлі мылтықтан оқ атылып, Ке­ңесхан оқиға орнында қаза тап­қан. Сондай-ақ прокуратура күдіктінің қылмыстық әрекетіне заңды баға беріліп, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша 8 жылдан 15 жылға де­йін бас бостандығынан айыру жа­за­сы белгіленуі мүмкін екенін айт­­қан. Алайда сот процесінің қо­ры­­тындысында қылмыскер сот залы­нан босап шығып отыр. – Бұл – әділетсіздік. Есмағам­бет 21 жыл бойы бауырымыздың де­­не­­сін аяғымен таптап қана қой­май, біздің арымызды да таптап отыр. Тергеу барысында ол алты түр­лі жауап берген. Қылмыс орын ал­ған түні Есмағамбетпен бірге Сейфул­ла және Бөгенбай есімді жігіттер бір­ге болған. Алайда олар­ды сотта тек куәгер ретінде қа­ра­ды. Біз бұ­ны­­­мен келіспейміз, – дейді Қ.Шү­ңі­рек. Оның айтуынша, бауырының денесін бастырма астынан құзырлы органдар қазып алғаннан кейін 1,5 ай сот сараптамасын күткен. Туыстары «Кеңесханның денесін қашан жер қойнына тапсырып, әр­уағына құран бағыштаймыз» деп қоймаған соң, тергеуді жүргі­зіп жатқан Мойынқұм аудандық ПБ-нің аға тергеушісі Мәлік Ер­ме­геевке барып, мән-жайды сұра­ған. Содан ол бірнеше құжат­қа қол қойып, сүйекті алуға бола­тын­дығын айтқан». Бір бума қа­ғаз­­дың бірнешеуін оқып көріп едім, бәрі сот сараптамасына бай­ла­­нысты екен. Содан тергеуші қал­ған құжаттарда осы мәтінде жа­зыл­ғанын айтып, қол қойып бере салуды сұрады. Сөйтсем, со­ның арасына «жүргізілген тер­геу барысына еш қарсылығым жоқ» деген құжатты да салып жі­­­бе­­ріпті. Міне, осы қағаз сотта ал­дым­­нан шықты. Онда біз 2001 жылы ағамыздың мәйітін тауып, жер қойнына тапсырған болып көрсетіліппіз. Сонда осы ақылға сыйымды ма? Құқық саласының қызметкерлерінің өзі ағамның денесін былтыр Есмағамбеттің бастырмасының астынан қазып алып жатқанда, біз оны қалай 2001 жылы тауып, жерлеп қоямыз? – дейді марқұмның туысы. Ал атақты «Тараз» триосының ән­шісі Асылхан Шүңіреков қыл­мыс­кердің бостандыққа шыққаны ауыл ағайындары арасындағы жан­жалға ұласып кете ме деп қор­қа­­­тынын жасырмады. – Осы іске байланысты «Алла жа­засын берер» деген бола­тын­мын. Бірақ ағамның артында қал­ған балалары мен басқа да ба­уыр­лары «Қылмыс жасап, неге көше­де тайраңдап жүреді» деп ашу­ға булығуда. Мұның бәрі жү­рек­ті ауыртады екен. Жастар кек ала­мын деп немесе бір нәрсе бүл­­діріп қоя ма деп қорқамын. Қа­зір­дің өзінде ауылдастар ру-руға бөлініп, бір-біріне тістерін қай­рап отыр. Егер біздің қайта бер­ген ап­пеляциялық сотымыз дұрыс үкім шығармаса, мұның арты жақ­­сылыққа апармайды. Біз қа­зір қыл­мыстық істі «бұзақылық және қасақана адам өлтіру» бабы бо­йынша қарауға сотқа құжаттар дайындап жатырмыз. Бұл бап бо­йынша қылмыстық істің ескіру мерзімі жоқ екен. Енді осы бап бойынша тергеуді қайта жүргізуді талап етеміз. Егер оған құзырлы ор­гандар назар аудармаса, онда біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдаймыз. Себе­бі бұл айыпталушы мен жапа ше­гу­шінің арасындағы іс емес, тұтас ауыл мен ағайын арасындағы араздыққа ұласқалы тұр, – дейді Асылхан Шүңіреков. Иә, қазір марқұм Кеңесхан Мә­діхановтың артында Тамара есім­­ді жары мен бала-шағасы қал­ды. Бұдан бөлек, туған-туыс, жора-жекжаттары бар. Міне, осы аза­маттардың барлығы кінәсі то­лық­­тай дәлелденген қылмыскер лайық­ты жазасын алуын сұрайды. Ен­ді мұны аппеляциялық сот пен құ­қық қорғау органдары анықтай жатар.  

 width=Саятхан САТЫЛҒАН

Жамбыл облысы