Кедей елдің қолы қысқа
Кедей елдің қолы қысқа
1,341
оқылды
Қазақ қоғамында дәулеттілер жетім-жесірін жылатпай, жағдайы төмен халыққа қамқор болғанына тарих куә. Кеңес Одағы қанша жерден бай-кулакты қудалағанымен, өзінің, ата-бабасының кедейлігімен мақтанған қазақты таппайсыз. Керісінше, аталарым бай болған деп дәріптейтіндер көп. Азаттық алған соң да елімізде байлардың саны арта бастады. Нәтиже жаман емес: республикада кедейшілік шегінен төмен өмір сүретін тұрғындар үлесі 6,5 есеге, яғни 1995 жылғы 34,6 пайыздан бүгінде 5,3 пайызға дейін азайыпты. Былтыр Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қолға алынды. Үкімет биыл оған түзету енгізбек. Бай, кедейдің саны қанша? Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, Қазақстандағы кедейлік дең­гейі Экономикалық ынтымақтас­тық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше ел­дер­ге қарағанда едәуір төмен көріне­ді және 5,3%-ды құрайды. Ресми ста­тис­ти­каға жүгінсек, ЭЫДҰ елдеріндегі ке­дейлік деңгейі 2021 жылғы жағдай бо­йынша 20%-дан асты. Ал АҚШ-тың өзінде – 15,1%, Аустралияда – 12,6%, Ұлы­­британияда – 11,2%, Канадада – 8,6%. Бұл ретте Қазақстанның 9 өңірінде кедейлердің үлесі орташа республи­калық деңгейден, яғни 5,3%-дан асып түседі. Бұларға Ақмола, Жамбыл, Қы­зылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қа­зақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы және Шымкент қалалары жатады екен. Бұл өңірлерде ең бай және ең кедей тұрғын арасындағы табыс алшақтығы өте үлкен. Жалпы, статистиканың өмір шын­дығынан алыс қонатын кезі сирек емес. Мысалы, статистика бойынша Қазақ­станда атаулы табыс көрсеткіші тұрақты түрде өсіп келеді. «Қазақстанда 2022 жылғы ІV тоқсанда атаулы-номиналды орташа жалақының көлемі 338 мың 715 теңгені құрады. 2021 жылдың төртінші тоқсанына қарағанда бұл көрсеткіш 22,9 пайызға өсті» деп хабарлады кеше Ұлттық статистика бюросы. Салыстыра кетсек, сонау 2010 жылы халықтың атаулы табысы 39,2 мың теңге ғана бо­лыпты. Сонда тоғыз есеге жуық артып отырғандай.
«Шынында, халық табысының қазіргі жағдайы теріс тенденцияға ие. Номиналды табыстардың тұрақты оң динамикасына қарамастан, халық­тың нақты табысының өсу қарқыны тө­мендеуде: өсімі 2019 жылы 6,4%, 2020 жылы 4,3%, 2021 жылы 4,1%, 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте 3,5% ғана болды. Бұған бірінші кезекте эконо­микалық өсудің баяулауы ықпал етті: ЖІӨ 2020 жылы -2,5%-ға кеміді, 2021 жылы 4,3%, 2022 жылы 3,1% ғана арт­ты. Екіншіден, 2023 жылы сақталатын жоғары инфляциялық қысым да әсер етіп отыр: 2020 жылы инфляция 7,5%, 2021 жылы 8,4%, 2022 жылдың желтоқ­санында 20,3% болды. Бұл ретте, 2022 жылғы желтоқсандағы азық-түлік ин­фляциясы 25,3%-ды құрағанын және халықтың төлем қабілеттілігіне айтар­лықтай кері әсер еткенін ерекше атап өткен жөн» делінген экономика ве­домствосының мәліметінде.
Тәуелсіздіктің бастауында Қазақ­станда ең бай тұрғындар мен ең кедей тұрғындардың табысы арасындағы алшақтық 4 есе болыпты. 1998 жылы бұл аражік 11,3 есеге жетіп, халықтың тұрмысының қиындағанын білдірген рекордтық көрсеткіш тіркелді. Сонда ең бай қазақстандықтар бүкіл табыстың 27 пайызын иеленген, ал ең кедей топқа бүкіл табыстың 2,3 пайызы ғана тиген. Қазір ше? Бүгінде бұл алшақтық 3,9 есені құрайды. Тоқсаныншы жылдар басындағы көрсеткіштен сәл жақсарды. Сонда елдегі орташа ғана ауқаты барлардың үлесі 60 пайыз, олар жалпы табыстың 51,1 пайызын иемденген. Кедейлікпен күрес нәтижелі ме? Әлеуметтанушы ғалым Нәзира Өсіпова әлемде кедейлікті жеңген бір­де-бір ел жоқтығына назар аудартты. Бірақ бұл онымен күреспеу керек дегенді білдірмейді. Бұл орайда мем­лекеттің міндеті – еңбекке қабілетті, жұмыс істеуге ынтық адамдардың ла­йықты табыс табуына жағдай жасау. Алайда Қазақстанда тіпті жұмыс іс­тейтін азаматтар арасын кедейлік кең жайлаған.
«Кедейшілік – әрдайым адамзат өркениетімен қатар өрбіген кесел. Оның барлық елдегі сипаты бірдей: кедей адамдар күнделікті түрде қа­лағанын таңдап жеп, тойып тамақ іше алмайды, өмір сүруге қажетті қарапа­йым жағдайлардың өзі – оларға қол жетпейтін дүние. Бұл кесапаттың әлеу­меттік, психологиялық салдарлары бар, себебі кедейлік адамның ар-ұжданын қорлайды, абыройдан айырады, қа­жытады. Адам өмірге, айналасына, мем­лекетке өшігуі мүмкін. Азамат ре­тінде мемлекет алдындағы парыздарын толыққанды орындауға шамасы жет­пейді, құқықтары мен мүмкіндіктерін түбегейлі пайдалана алмайды. Қоғам­дық өмірге белсене араласпайды, үнемі қалыс қалады. Мұның бәрі елдің да­муына тежеу болады. Сондықтан ке­дейлікпен шынайы күрес – Үкіметтің басты, басымдықты міндеттерінің бі­рі», – деді ғалым.
Сарапшылар «бұл күрес бірнеше бағытта жүруге тиіс» дейді. Біріншісі, әрине, халықтың ең аз қамтылған, осал топтарын қорғау. Ол негізінен, түрлі жәрдемақы төлеу, әлеуметтік қолдау бағдарламаларын қабылдау арқылы жүзеге асырылады. Екінші бағыты – жұмыскерлер арасындағы кедейшілікпен күрес. Мұнда еңбек өнімділігі мен жалақы көтеру маңызды. Әзірге Қазақстанда өнімсіз жұмыспен қамтудың үлесі тым үлкен. Бүгінде жұмыс істейтін қазақ­стандықтардың елеулі бөлігі – 5,6 млн адам немесе жұмыспен қамтылған ха­лықтың 64,1 пайызы өнімділігі төмен еңбекпен айналысады. Тиісінше, та­быстары төмен. Соның ішінде 3 мил­лион жалдамалы жұмыскер жоғары біліктілікті қажет етпейтін қызметтерге тартылған. Еңбек министрлігі мен әкімдердің жұмыспен қамту бағдарламалары ая­сында маусымдық жұмыстарға, қо­ғамдық жұмыстарға арналған уақытша жұмыс орындарын ашумен тым әуес­теніп кеткенін сарапшылар сынап жүр. Бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының басым көпшілігі жоғары біліктілікті талап етпейтін қара жұмыс болып келеді. Бұл экономи­кадағы еңбек өнімділігіне де, еңбекақы көлеміне де теріс ықпал етеді. Оның орнына өңдеу өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Әсіресе, тамақ, тігін, тоқыма өнеркәсіптері өнімдері­нің бағасы ұдайы қымбаттауға бейім. Тиісінше, табыстар да артады. Жалақы артса, жағдай да оңалады Күрестің үшінші бағыты өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасындағы кедейлікті төмендетуді қарастырғаны жөн. Тұрақты жұмыс орны болмаған­дықтан, тиіп-қашып, әр істің басын бір ұстаған азаматтардың едәуір бөлігі қартайғанын айтпағанда, қазіргісіне жеткілікті табыс таба алмайды. 2022 жылғы 3-тоқсанда Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны 2,1 миллионнан асты. Оның 49,5 пайызы айына 100 мың теңгеден аз табыс та­бады, 3,4 пайызының тұрмысы ең тө­менгі күнкөріс деңгейінен төмен. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, сарапшылардың сын- ескертпелерін ескеріп, былтыр күшіне енген Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасын өзектендіретін кешенді жоспар әзір­ленді. Оны іске асыру 5 бағыт бойынша іс-шараларды қамтиды: біріншіден, өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында экономиканың нақты секто­рында жұмыс орындарын құру көз­делген. Екіншіден, «Ауыл аманаты» жо­басын іске асыру арқылы ауыл халқының табысы артпақ. Үшіншіден, әлеуметтік құралдар және мемлекеттік қолдау шаралары қолданылады. Төртіншіден, Үкімет бюджеттен жала­қыны арттыру жөнінде міндеттемелер қабылдады. Бесіншіден, халықты мем­лекеттік әлеуметтік қолдау шаралары қабылданады. Жаңа кешенді жоспарды іске асыру арқасында халықтың нақты табысының орта есеппен жыл сайын 4-5 пайыз дең­гейінде өсу қарқынына қол жет­кізілмек. Қазақстан бойынша 3,3 мил­лионнан астам жұмыс орны құрыла­ды екен. 2023-2029 жылдары дәрігерлердің, орта медициналық персоналдың, мәдениет және мұрағат қызмет­кер­лерінің, педагогтердің, ғалымдардың, дінтанушылардың, психологтердің, ХҚКО қызметкерлерінің, спорт судья­ларының, сот-медициналық сарап­шылардың және медициналық емес бейіндегі сот сарапшыларының, «Қаз­селденқорғау» ММ негізгі персона­лының, өрт сөндіру, авариялық-құт­қару, өртке қарсы қызметтер қызмет­керлерінің және басқасының орташа жалақысы ұлғайтылады. Мұның сыртында электр, жылу энергетикасы, сумен жабдықтау, су бұру және газбен жабдықтау сияқты коммуналдық саладағы табиғи моно­полиялар субъектілерінің өндірістік персоналының орташа жалақысын ұлғайту жоспарланған. Қорасында мал ұстайтын ауылдық­тарға ауыл шаруашылығы кәсібін дамытуы үшін арзан несие беріледі, олар агроқұзыреттерге оқытылады. Пилоттық ауылдарда жеке қосалқы шаруашылықтардан сервистік-өткізу кооперативтері қалыптастырылады, ол кооперативтер лизинг арқылы техни­камен және жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Өзге де шаралар жетерлік. Жал­пы, кедейшілікпен күрес және халық­тың табысын арттыру бағытында биыл­дан бастап, салмақты жобаларды қолға алу, қомақты қаражат, қайта­рым­сыз гранттар үлестіру жоспарланған. Енді олардың бәрі жоспар күйінде қалмай, жүзеге асқаны маңызды.