– Тараз қаласы әкімдігі 2022 жылы 2,58 млрд теңгеге бір көзден қаржы аудару тәсілімен 48 келісімшарт жасаған. Байзақ ауданы осындай әдіспен 1,43 млрд теңгеге 12 лот ойнатса, Жамбыл ауданы 1,39 млрд теңгеге 23 келісімшарт қабылдаған. Талас ауданы әкімдігі 206,4 млн теңгені, Меркі ауданы – 304,7 млн, Мойынқұм ауданы – 190,6 млн, Сарысу ауданы – 63,7 млн, Т.Рысқұлов ауданы – 234,8 млн, Шу ауданы – 719,2 млн және Қордай ауданы әкімдігі 1,07 млрд теңгені негізсіз ерте аударған. Басқармалардың арасында Денсаулық сақтау 244,7 млн және Білім басқармасы 558,4 млн теңгеге заңсыз келісімшарт жасаған. Тексеріс көрсеткендей, әкімдер мен басқарма басшылары аяқталуы маңызды емес жобаларды тез атқаруға тырысып, өрескел заңбұзушылықтарға жол берген, – дейді Жайықбай Шалдарұлы.Атап айтсақ, Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің басшысы Жаңа жыл мерекесіне орай шаралар өткізу мен безендіруге 19 млн теңгеге «Қарақат» жеке кәсіпкерімен бір көзден келісімшарт жасаған. Мәдениет үйінің басшысы конкурсты қыркүйек айында өткізуі тиіс болса да, бұл жұмысты соңғы күнге дейін созып келіп, Жаңа жыл қарсаңында жеке кәсіпкерге миллиондаған қаржыны бір көзден аударып жіберген. Талас ауданы әкімдігі болса, өткен жылдың басында 85 млн теңгеге жолды ағымдағы жөндеуден өткізсе, Қордай ауданы әкімдігі 2022 жылдың ақпан айында 252 млн теңгеге орталық саябақты жаңғыртқан. Аталған әкімдіктерге бұл құрылыс жұмыстарын конкурс арқылы өткізуге мүмкіндік болса да, жыл басында бір көзден ақша аударып заңсыздыққа барған. Мұндай бармақ басты, көз қысты әрекеттер жоғарыда аталған облыс әкімдігіне қарасты басқармаларда да байқалады. Нәтижесінде, 2021 жылы 5,7 млрд теңге бір көзден заңсыз аударылса, былтыр бұл сома 2,5 есеге өсіп 13,8 млрд теңгеге жеткен.
– Заңбұзушылыққа жол бергені үшін осы күнге дейін бөлім басшылары немесе мамандар жазаланып келді. Алайда олар тікелей әкімнің немесе салаға жауап беретін орынбасардың тапсырмасы болмаса қаржыны өздігінен аудара алмайтыны белгілі. Сондықтан мұндай жағдайда ең бірінші салаға жетекшілік ететін әкімдер орынбасарларының жауапкершілігін қарау керек, – дейді басқарма басшысы.Әрине, жоғарыдан тапсырма болмай бөлім басшылары мен мамандар саусағын қимылдата алмайтыны анық. Сондықтан олардың жазаға тартылуы шелек жалағанның кері екені айтапаса да түсінікті. Мемлекеттік сатып алу басқармасының мұндай ашық мәлімдемесінен кейін Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Нұр-Мұхаммед Мәделіұлы жұртқа жария болған ақпардың бірқатар тұсының тігісін жатқызуға тырысты.
«Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен бір көзден сатып алу тәсіліне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 10,5 млрд теңгеге негізсіз заңбұзушылыққа жол берілгендігі анықталды. Сол үшін Жамбыл облысы әкімдігі Мемлекеттік сатып алу басқармасының бұрынғы басшысы, екі бірдей бөлім басшысы мен бас маманы қызметтерінен босатылды. Бүгінде басқармада бұл лауазымдарда жаңадан тағайындалған азаматтар қызмет етіп жатыр», – деді Нұр-Мұхаммед Мәделіұлы.Облыс әкімі кеңесшісінің сөзіне сүйенсек, бұдан бөлек Байзақ ауданы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары, Жуалы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Қордай ауданы әкімінің орынбасары, Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Меркі ауданы әкімінің орынбасары мен Андас батыр ауылдық округінің әкімі, Шу ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы, Шу ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы да тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ Талас ауданы әкімінің орынбасары, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары және Денсаулық сақтау басқармасы мен Білім басқармасы басшыларының орынбасарлары да жазаланған. Облыс әкімінің кеңесшісі алдағы уақытта да тексеру жұмыстары жалғасып, жаза басқандарға кешірім болмайтынын айтады. Мемлекеттік сатып алу конкурсы майшелпек емес. Бұл орайда облыс әкімінің жауаптыларды жазалауы өзге шенділерге ескертудің нышаны болса керек. Әрине, қай кезде болмасын заңның қатаң сақталғаны дұрыс. Алайда жазаланғандардың тізіміне қарап тұрғындар «Айран ішкен құтылып, шелек жалағандар тұтылған ба?» деп ойға шомғандай. Былай алып қарасаң көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. Әйтсе де, бұл істе орынбасарлары мен бөлім басшылары мемлекеттік сатып алуда заңсыздыққа жол беріп жатқанда сол бірінші басшылардың қайда қарап отырғаны түсініксіздеу.
Жамбыл облысы