«AMANAT» партиясының «Ұрпаққа аманат» қоғамдық дәрісі жалғасып жатыр. «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында қолға алынған іс-шара бұл жолы елордадағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебінде өтті.
Оған алаштанушы-ғалымдар Елдос Тоқтарбай мен Ұшқын Сейдірахман қатысып, мектеп ұжымының және оқушылардың алдында Алаш идеясы туралы келелі ой өрбітті. Сондай-ақ осы жиында «Алаш кітапханасы» сериясы аясында жарық көрген жаңа форматтағы кітаптар таныстырылды.
Осы жолы шыққан кітаптар биыл туғанына 130 жыл толған Алаш қайраткерлеріне арналып отыр. Атап айтқанда, ақын, ғалым, лингвист, ұстаз, Алаш әскерін құрушылардың бірі Біләл Сүлейұлына арналған – «Күрескер», ақын, педагог Мағжан Жұмабаевқа арналған – «Ұлт руханиятының алдаспаны», ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған «Өксік ғұмыр» кітаптары.
«Біріншіден, кітапта тұлғаның ғұмырындағы ең басты оқиғалар жинақталып, жас оқырмандардың түйсінуіне негізделіп, мейлінше ықшам жазылған. Кітаптың деректері – қою, тілі – жеңіл. Екінші жағынан, креативті, көркем. Үшіншіден, кітаптағы «бас» пішіні идеясының тууына себеп ақын Серік Ақсұңқарұлының: «Қазақ бүгін – Кенесары, Кеудесі бар, басы жоқ» деген өлең жолдарындағы идеямен өзектес», – дейді ол.Жиналғандар жалпы Алаш идеясының құндылығы туралы тұщымды әңгіме айтып, бүгінгі ұрпаққа кімдер үлгі деген сұрақ төңірегінде де ой қозғады.
«Алаш идеясы қоғамды алға жылжыту, мемлекет құру, қазақ жұртын ұлттық ерекшелігі бар озық елге айналдыруды ұстын етуімен құнды. Алаш арыстары қазақ қоғамын тұтынушы елден өндіруші елге жеткізуге әрекет етті. Бұл идея бүгінгі қоғам үшін ең негізгі басымдық болуы керек», – деді Ұшқын Сейдірахман.Ғалымдардың айтуынша, ұлт мақтаныштарының қай-қайсысы да бірнеше тілді еркін меңгерген, интеллектуал азаматтар болды. Сондықтан олардың өмір жолы жас ұрпаққа жарқын үлгі бола алады.