Иттер де күйзеледі...
Иттер де күйзеледі...
7,644
оқылды
Бүгінде арнайы дайын­дық­тан өткен құтқарушы иттер әлем­нің әр түкпіріндегі күрделі іздеу-құтқару операцияларына қатысады. Жер сілкінісінің, лаң­кестік әрекеттердің, әртүр­лі апаттың салдарынан қира­ған үйінділер арасынан мың­даған адамды құтқарған олар жайында тараған аңыз көп. Иттердің із кесуші-құтқарушы болып «жұмыс істеп» жүргеніне үш жүз жылдан асыпты. Олардың көмегін алғаш болып Альпі тауларын мекен еткен монахтар пайдаланған деседі. Епті сенбернарлар (сабалақ жүнді ит тұқымы) Швейцария мен Италия ара­сындағы тау өткелдерін бағындыр­мақшы болып, адасып қалған саяхат­шыларды іздеуге үйретілетін болған. Құтқарушы иттер адамның қай жерде екенін иісінен анықтайтыны белгілі. Сарапшылардың айтуынша, іздеу-құтқару қызметіндегі бір ит жиырма, тіпті отыз кәсіби із кесушінің жұмысын атқара алады. Кейбір ит­тердің иіс сезу қабілеті адамдікінен жүз миллион есе өткір. Орташа есеп­пен бір күнде осындай қызметтегі иттер кинологқа ере жүріп бір шаршы шақырым аумақты шолып шығуға қауқарлы. Олар алыс қашықтықтағы иісті бұлтты күндері және түн кезінде тезірек табады. құтқарушы иттер Әлем халқын тебіренткен хикая­лардың бірі – 2001 жылғы 11 қыр­күйекте АҚШ-та болған лаңкестік әрекеттен кейін адамдарды құтқарған 300 ит жайында. Неміс овчаркалары, ротвейлерлер, лабрадорлар, добер­ман­дар полицейлермен, өрт сөнді­рушілермен, құтқарушылармен бірге жермен-жексен болған екі мұнара астындағы адамдарды іздеуге қатысты. Қарындары ашқанына да, шарша­ғанына да қарамастан өз жұмысына берілген иттердің кейбірі қауіпті дерт­ке де шалдықты. Үйінді аумағында се­гіз сағат бойы жұмыс істеген Сервус атты бельгиялық овчарка инфаркт алған. Адам иісі шыққан жаққа жүгір­мекші болып ып-ыстық металл плат­формаға секірген Брутус атты неміс овчаркасының екі табаны күйіп қал­ған. Сириус атты тағы бір құтқарушы ит солтүстік мұнара ішіндегі отқа оранған қуықтай бөлмеде бес сағатқа қалып қойып, жан тапсырған. Аман қалған иттердің көбі кейінірек тыныс алу жолдарының ісігінен өлген. Эпидемиологтардың болжамынша, олар құтқару кезінде улы газдарды көбірек жұтып қойған. Бір таңғаларлығы, ветеринарлар құтқарушы иттердің көпшілігінде осы уақиға кезінде тұрақты стресс кесі­рінен депрессия пайда болғанын ай­тады. Өйткені иттер ұзақ уақыт бойы тірі адам­­дарды таба алмай, тек өлілерге кезіге берген. Бұл оларды кәдімгідей күй­зеліске түсіріп, кейбіреулері адам із­деуге шығудан үзілді-кесілді бас тартқан. Ит екеш иттің өзі қайғының, апат­тың салмағын сезінгені ғой...