Соңғы уақытта елдегі ерекше балалардың ата-анасы бейімделген спорт бойынша қызығушылығын арттырып, өз бетінше шекара асып білімін жетілдіруге бел буған. Болмаса осындай балалардың ата-анасы бірігіп қор ашып, өз қотырларын өздері қасуға мәжбүр. Өйткені әлі күнге дейін мүгедектігі бар балалардың көп жерде мүмкіндігі шектеліп келеді.Ерекше балалар «екінші» сұрыпты емес
Мақаланы жазу барысында қаладағы бірқатар спорт секциясы мен үйірмеге қоңырау шалып көрдік. Өкінішке қарай, біз хабарласқан бірде-бір спорт секциясы ерекше және мүмкіндігі шектеулі балаларды тегін түгілі ақылы негізде қабылдай алмайтынын бірден кесіп айтты. Себебі ондай балаларды спортқа бейімдейтін маман жоқ. Бұл мүгедектігі бар балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасалмағанын және бейімдік спорт түріне көңіл аударылмайтынын көрсетеді. Салдарынан елдегі ерекше оқытуды қажет ететін балалар физикалық және психологиялық жағынан қолдауды сезінбей келеді. Дәл осындай мәселемен бетпе-бет келген «Ерекше бала» орталығының негізін салушы, бейімделген спорт маманы Берікбол Әсербаев шекара сыртында білім алуға бел байлаған. Айтуынша, ерекше балалармен жұмыс істейтін бейімделген спорт мамандарын елде ешбір университет даярламайды.
«Біздің елде мүгедектігі бар және психикалық дамуы бар балаларға арналған үйірмелер, паралимпиадаларға дайындайтын спорт секциялары өте аз. Жалғыз Алматыда ғана бейімделген футбол үйірмесін ашқан Юрий Куликов деген жаттықтырушы бар. Бізде мұндай балалармен жұмыс істейтін маман жоқ. Кейбір жерде мүгедектігі бар балаларды жүзуге алады, бірақ оның өзінде санаулы ғана маман жұмыс істейді. Ал ерекше оқытуды қажет ететін балаларға арналған үйірме жоқ. Мемлекет те мұндай балаларды ұмыт қалдырған секілді. Тіпті, осындай балаларға арналған орталықтардың ашылып жатқаны туралы естіген жоқпыз», – дейді бейімделген спорт маманы. Оның айтуынша, қазір оның ашқан орталығына келген ата-аналардың көбі белгілі бір диагнозы бар, сөйлеу тілі мен психикасы кенжелеп қалған балаларын қайда апарарын білмей жүргенін айтады екен. Сөйлей алмайтын, тілінің шығуы қиындаған балаларын ешбір спорт секциясы қабылдамайды. Ал мұндай балалар физикалық тұрғыда моторлы түрде дамымаса, денсаулығы жақсаруы екіталай. Сол себепті Берікбол Әсербаев та бейімделген спорт саласын дамыту үшін Ресейде білімін жетілдірген. Әзірге Қазақстанда мұндай спорт түріне оқыту Алматыдағы Спорт және туризм академиясы мен Оралда ғана қолға алыныпты. Оның өзінде оларда паралимпиада жаттықтырушыларын оқытады. Сонда тілі шықпай қалған, сөйлеуі қиындаған ерекше диагнозы бар балалар көлеңкеде қалып қоюы керек пе?
Осылай деген Берікбол Әсербаев «Аутизм, Даун синдромы бар балаларға арналған ешқандай спорт түрлері бойынша қолдау жоқ. Жалғыз ғана Жанат Қаратай адаптипті сырғанауды қолға алып жатыр. Оның өзі маусымдық кезде ғана. Ал осындай психикалық тұрғыда бұзылысы бар балаларға арналған тегін сабақ беру үйірмелері жоқ», – дейді. Оның сөзінше, «Ерекше бала» орталығы қазір осындай балалардың кішкентай спорттан үлкен спортқа жолдама алуына тынбай тер төгіп келеді. «Бейімделген спорт – психикалық және физикалық бұзылысы бар баланы белгілі бір спорт түріне бейімдеу. Өйткені ондай балалар жүгіру, секіру, артына қарау дегенді білмейді. Сондықтан осының барлығын саты- сатысымен үйретеміз. Бұл біздің елде арнайы мамандық ретінде оқытылмайды. Мамандардың тапшылығын тудырмау үшін қолымыздан келгенше орталықта бейімделген спорт бойынша арнайы курстар ұйымдастырып жатырмыз. Арнайы диплом бермесек те, тәжірибеден өткізіп, өзіміз оқып келген әдіс-тәсілдерді бөлісіп келеміз. Біздің дәрістен өткен мамандар қазір 6 өңірден орталық ашты. Қазір олардың өзінде кезекте тұрған балалар өте көп. Демек, осындай спортқа деген сұраныс бар, бірақ мемлекет тарапынан бұл сұранысты өтеуге тиісті шаралар қабылданған жоқ. Амал жоқ, өз қотырымызды өзіміз қасимыз. Ал мұндай балаларды қоғамнан алшақ ұстауға болмайды», – деп ағынан жарылды бейімделген спорт маманы.
Қатардан қалмауына көңіл бөлсе...
Өкінішке қарай, біздің елде ғана емес, бүкіл әлем бойынша мүмкіндігі шектеулі балалар саны жыл санап артып келеді. Ал олардың спорт үйірмелеріне бірдей қатыса алуы – елдің даму деңгейінің көрсеткіші. Сол үшін «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының негізін қалаушы Нұргүл Ұлжекова бала кезінен спортқа қатысу арқылы ерекше балалардың болашақта отбасын құрып, жұмысқа бейімделіп, қоғамымызға үлес қосуына мүмкіндік беретін, бойында жеке-дара тұлғалық қасиеті мен өз құндылығын арттыруға септігін тигізу қажет екенін жиі көтеріп жүр.
Оның сөзіне қарағанда, қазір елде 170 мыңнан аса ерекше білім беруді қажет ететін бала бар. Бірақ осы балалардың физикалық тұрғыда дамуы үшін мемлекет тарапынан қолға алынған арнайы жүйе де жоқ. Салдарынан ерекше балалардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасалмаған. «Бізде ондай балаларға арналған қолжетімді спорт залдары жоқ. Осы салаға бейімделген маман тапшы. Нормативтік-құқықтық қаулылардың өзінде ерекше балалар назардан тыс қалған. Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жүйелі жұмыстың жоқтығынан мүмкіндігі шектеулі балалардың спортпен айналысуы мұңға айналды. Өйткені біздің қоғамның өзінде ондай адамдарға спорт емес, оңалту жұмыстары ғана керек деген қасаң түсінік қалыптасқан. Сол себепті біз балаларымызды Оқушылар сарайына, аула клубтарына, тіпті мүгедектігі бар балаларға арналған спорт клубтарына қабылдата алмаймыз. Ондай орталықтар барлық баланы қабылдамайды. Мүгедектігі бар балаларды алуы мүмкін, ал Даун синдромы, аутизм немесе интелектуалды дамуы кешеуілдеген балаларды қабылдаудан біржола бас тартады», – дейді ол. Оның себебі біздегі нормативтік-құқықтық базада ерекше балалардың тең мүмкіндігі туралы норма қарастырылмаған. Егер заңды құжатта ерекше балалардың құқығы басқа балалармен бірдей қарастырылып, қосымша білім беру орталықтарына міндет етіліп қойылса, бейімделген спорт түріне арналған түрлі спорт секциясына қызығушылық артар еді.
Сондай-ақ Нұргүл Ұлжекова ерекше балалармен жұмыс істейтін жаттықтырушыларды көптеп тарту үшін мемлекет тарапынан мотивация болу керек дегенді айтады. Ол үшін бейімделген спорт жаттықтырушының айлығы қарапайым жаттықтырушының жалақысынан жоғары болуы тиіс. Себебі мүгедектігі бар баламен жұмыс істейтін жаттықтырушылардың физикалық және моралдық тұрғыдан жұмыс жүктемесі бірнеше есе артық. Ал олардың айлығын көтеріп, мемлекет қолдау білдіріп ерекше балалардың ертеңіне қызығушылық танытуға ешкім құлықты емес. Бір сөзбен айтқанда, мүгедектігің бар және ерекше балаларды қолдау ауадай қажет. Бұл баланың өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, өмірге деген көзқарасын өзгертуге септігін тигізеді.