Еліміздің 30 жылдық Тәуелсіздік тарихында өңірлердің бағы бір жанбай-ақ қойды. Соның ішінде «моноқалалар» деп айдарланған 27 шағын шаһардың шоқтығы бір төбе. Алғашқы 20 жылда олар стагнацияда болған болса, 2012 жылы оларды дамыту үшін алғаш рет арнайы бағдарлама қабылданды. Бірақ 2020 жылға дейін делінген құжаттың соңы сиырқұйымшақтанып кетті де, 2014 жылдан соң қаржыландырылмай қалды. Ал енді былтырдан бастап моноқалаларды қайтадан өңірлерді дамыту бағдарламасына қосып қойғанға ұқсайды.Үкіметтің тікелей қадағалауында
Елімізде 90-ға жуық кішігірім қала болса, соның 27-сі ғана моноқала деп танылған. Моноқала дегеніміз – қалақұраушы бір немесе бірнеше өндіріс төңірегінде шоғырланған елді мекен дегенді білдіретін сөз. Осы моношаһарлардың көпшілігінің әлеуметтiк-экономикалық даму қарқыны бәсең. Тұрғын үй қоры тозған, орталықтандырылған ауызсу, жарық, жылу, газбен қамту әлі де болса толық емес, инженерлік инфрақұрылым-дары сын көтермейді. Бір сөзбен айтқанда, 30 жылдан бері созылып келе жатқан депрессивті жағдайдан толықтай арыла алмай отыр. Миграциялық көңіл күй әлі де болса сақталып тұр. 2000 жылдары бұл қалаларда 3 миллион адам тұрған болса, қазір 1,4 миллион халық тұрады. Үкіметтің есебінше, бүгінде бұл елді мекендерде 32 қалақұраушы кәсіпорын жұмыс істеп жатыр екен. Солардың өндірістік қуатының бірте-бірте артуына байланысты 2015-2021 жылдары моноқалалардың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6,3 трлн теңгеден 11,2 трлн теңгеге дейін артқан. Бұл жалпы ел бойынша көрсеткіштің 29%-ын құрайды. Енді былтырдан бастап бұл елді мекендер шағын қалалармен біріктіріліп, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Ел аумақтарын дамытудың 2025 жылдарға дейінгі жоспарына» енгізіліп отыр.
«Қазір Қазақстанда 27 моно және 43 шағын қала бар. Оларда 2,5 млн халық тұрады. Осы елді мекендерді базалық инфрақұрылымдық қызметпен қамту шаралары «Мықты аймақтар – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асатын болады. Мәселен, 2025 жылға дейін бұл мақсатқа 83 млрд теңге қарастырылған. Ол ақшаға 1,8 мың шақырым желі тартылып, модернизацияланбақ. 2020 жылы 15 моно және 5 шағын қалаға 10 млрд теңге бөлініп, қалаішілік жолдар мен инфрақұрылымдардың 26 жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, 670 жаңа жұмыс орны ашылып, 200 шақырым автомобиль жолы мен инженерлік желілері модернизацияланды. Ал 2021 жылы республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлініп, 23 қалада 62 жоба жүзеге асырылды. 400 шақырым жол мен желі жөнделіп, 1 мың жұмыс орны ашылды. Былтыр 28 қалаға 25,8 млрд теңге бөлініп, 54 жоба іске асты. Осы ретпен алғанда 2012-2022 жылдар аралығында моно және шағын қалаларға 103,9 млрд теңге жұмсалды», – дейді Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Нұрлан Құдияров.
Жалпы, Үкімет моноқалаларға бөлінетін қаржы көлемін жыл сайын ұлғайта түспек ниетте екен. Бұл ақшаға тозған тұрғын үй қоры мен инженерлік инфрақұрылымдарға күрделі жөндеу жүргізу, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудің шеберлік жоспарын жасау, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жеделдетілмек. Ол үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп, анағұрлым перспективалы «зәкірлі» жобаларға баса назар салмақ.
«Бүгінде 27 моноқала бойынша 17,9 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, жалпы сомасы 2,1 трлн теңге болатын 86 «зәкірлі» инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың ішінде, тау-кен металлургия өнеркәсібі бойынша – 19, химия өнеркәсібі бойынша – 19, агрокешен бойынша – 18, құрылыс индустриясы бойынша – 18, машинақұрастыру бойынша 12 жоба бар. Осы 86 «зәкірлі» жобаның 54-і іске қосылған болса, 48-і тұрақты жұмыс істеп тұр. (Ақмола облысы – 7, Атырау облысы – 3, Жамбыл облысы – 4, ШҚО – 2, Қарағанды облысы – 17, Қостанай облысы – 6, Маңғыстау облысы – 2, Павлодар облысы – 5, Түркістан облысы – 2), 2 жобаның (БҚО) қуаты төмен, 4 жоба тоқтап тұр (Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстары).
32 жоба жүзеге асырылу кезеңінде (Қарағанды облысы – 9, Павлодар облысы – 7, ШҚО – 5, Ақтөбе облысы – 3, Қостанай облысы – 2, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары бір-бірден)», – дейді Нұрлан Мамытханұлы.
Елімізде моноқаласы ең көп өңір – Қарағанды облысы. Мұнда Теміртау, Балқаш, Абай, Саран, Шахтинск қалалары бар. Ал қазір облыс орталығы атанған моноқала Жезқазғанды қосқанда, Ұлытау өлкесінде Сәтбаев, Қаражал шаһарлары орналасқан. Сондай-ақ Қостанай облысында – 4 (Рудный, Жітіқара, Лисаковск, Арқалық), ШҚО-да – 4 (Риддер, Серебрянск, Алтай, Курчатов), Павлодарда – 2 (Екібастұз, Ақсу), Жамбылда – 2 (Жаңатас, Қаратау) қала және БҚО-да – Ақсай, Атырауда – Құлсары, Маңғыстауда – Жаңаөзен, Ақтөбеде – Хромтау, Ақмолада – Степногорск, Түркістанда – Кентау, Жетісуда Текелі қаласы бар.
Халің қалай, Кентау қаласы?
Еліміздегі 27 моноқаланың бірі – Кентау. Аты айтып тұрғандай, жерінің асты мыс, мырыш, қорғасын және тағы да басқа пайдалы қазбаларға толы өлке. Облыс орталығы Түркістан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан қалаға Хантағы, Байылдыр, Ащысай, Қарнақ атты 4 ауыл қарайды. Осылардың бәрін қосқанда, мұнда 100 мың халық тұрады. Кеңес кезінде тікелей Мәскеудегі түрлі түсті металлургиялар министрлігіне қараған қалақұраушы кәсіпорын «Ащысай» полиметал комбинатының» арқасында шаһар шалқып өмір сүрген екен. Тіпті кентаулықтар: «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміске атылған 10 оқтың 7-еуі осы Кентау қаласында шыққан кеннен құйылған» деп әлі күнге дейін мақтанады. Одан бөлек, мұнда экскаватор зауыты, ферроқорытпа комбинаты, трансформатор зауыты сияқты ірі-ірі өндіріс ошақтары болған. Қазір тек соңғысы дүркіреп жұмыс істеп тұр. Қалғандары жабылып қалыпты.
«Кентауда «Западный», «Глубокий» және «Мырғалымсай» деген үш руда кені бар. Кезінде олардан шыққан рудалар Шымкенттегі қорғасын зауытына апарылып өңделіп, сосын Мәскеуге жіберіліп отырған. Уақытында 24, кейбір жерінде 31 горизонтқа дейін барған шахта кейіннен жабылып, оған су толтырылып, бітеліп тасталды. Қаланың бір кездері жағдайы өте тамаша еді, көпұлтты халық тұратын. Өйткені репрессия жылдары орыс, шешен, грек, тағы басқа ұлттар көп қоныс аударылған. Кезінде солардың ішінен өнеркәсіпте шыңдалған жақсы-жақсы кадрлар дайындалған еді. Тәуелсіздікпен келген алғашқы тоқырау заманында олардың көпшілігі қайтадан көшіп кетті. Енді қазір жағдай біраз түзелді. Халық жеке кәсіпшілікте, трансформатор зауытында, мемлекеттік қызметте, коммуналдық шаруашылықта жұмыс істеп жатыр. Бірақ көпшілігі вахталық әдіспен бір айлап, тіпті жарты жылдап сыртқа кетіп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Алматы, Астана, Атырау қалаларынан бөлек, көптеген қала тұрғындары Оңтүстік Корея мемлекетіне қатынап жүр», – дейді Кентау қаласының тұрғыны, қалалық мәслихаттың екі мәрте депутаты Қабылан Елеусізов.
Қалада қазір ірі кәсіпорын саналатын жалғыз мекеме – Кентау трансформатор зауыты. Республика бойынша 86 «зәкірлі» жобаның бірі әрі тұрақты жұмыс істеп тұрғаны. Тарихы сонау 1959 жылдан басталатын зауытты 1997 жылы банкрот болғалы тұрған жерінен белгілі бизнесмен Сайдолла Қожабаев сатып алып, бүгінде еліміздегі 50 мықты компанияның бірі Alageum Electric тобының негізі қылған екен.
«Зауытымызда 400 түрлі өнім шығады. Оларды елімізден бөлек, алыс-жақын шетелдерге жөнелтеміз. Біз шығаратын құрал-жабдықтардың 85%-ы қазақстандық шикізаттар мен материалдардан жасалады деп мақтанышпен айта аламыз. Бүгінде зауытта 1 300 адам жұмыс істеп жатыр, орташа еңбекақы – 305 мың теңге. Одан бөлек, пәтермен қамтып, сыйақы, жәрдемақы, материалдық көмек беріп тұрамыз. 2022 жылы кәсіпорын мемлекеттік бюджетке 3,8 млрд теңгенің салығын аударды. Соңғы 5 жылдағы төлеген салығымыздың жалпы сомасы 14 млрд теңгеге жеткен. Шамамыз келгенше қаланың өркендеуіне атсалысып жатырмыз. Әлеуметтік нысандарға, халықтың аз қамтылған бөлігіне қайырымдылық көрсетіп отырамыз. 2022 жылы осы мақсатқа 52,4 млн теңге жұмсадық», – дейді «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның басқарма төрағасы Бауыржан Құдайбергенов.
Үкіметтің зәкірлі жобаларға иек артуының жөні бар. Өйткені олардың төлеген салықтарының бір бөлігі жергілікті бюджетте қалса, одан бөлек, еңбекақы қоры мен қаржылай көмегі, жергілікті кәсіпкерлерге тапсырыс беруі мен қайырымдылық шаралары кентаулықтардың төлем қабілетін арттыруда мультипликативті әсер беретіні анық. Бірақ жүз мың халқы бар моноқалаға бір «зәкірлі» жоба аздық етеді әрі қордаланып қалған көп проблеманы шеше алмайды.
«Мен туған шаһарымның негізгі-негізгі 5 проблемасын атап айтқым келеді. Олардың ең ірісі – Кентау қаласы экологиялық аймаққа кірмей қалғаны. Бұл мәселені 2012 жылдан бері көтеріп келеміз. 25 шақырым жердегі Түркістан қаласы кіреді, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Кентау қаласы кірмейді. Қалаға 5 шақырым қалғанда аумақ бітеді. Неге екенін білмейміз. Бізден кейін тұрған Созақ, Отырар ауданы, Қызылорда облысы кіреді. Олардың тұрғындарының еңбекақысына 25% үстемеақы қосылады. Осы мәселеге 2019 жылы шындап кірісіп, сенатор Әли Бектаев араласып, Үкіметтің назарын аудартқанбыз. Содан 764 млн ақша бөлініп, қаланың экологиялық ахуалы зерттеліп, енді-енді шешім шығарылуы керек болатын. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігіне келгенде тоқтап қалды. Соның себебін біле алмай далмыз», – дейді Қабылан Елеусізов.
Одан бөлек, бұрынғы депутат қаланың Жылу-электр орталығының (ТЭЦ) 90% тозғанына алаңдайды. Өйткені нысанның өзінің салынғанына да 90 жыл болған, ал күрделі жөндеуден соңғы рет тек 2014 жылы өткен. Онда да 2012 жылы ірі апат болған соң ғана. Егер сондай апат қайталанатын болса, онда 226 көпқабатты үй, 2 200 жеке тұрғын үй, 106 бюджет мекемесі, 4 мың коммерциялық нысан, бір сөзбен айтқанда 14 мың тұтынушы жылусыз, тоқсыз, сусыз қалғалы отыр. Жөндеу жұмысынан бөлек, ТЭЦ-ті көмірмен қамту, мазутпен қамту да үлкен қиындық тудырып тұр. Көмір сапасыз, мазут жетіспейді.
Келесі бір мәселе – «Шұғыла» шағынауданына 364 млн ақша бөлініп, тартылған 4,6 шақырым су құбырының әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отырғаны. Бір қызығы, оны Кентау қаласының ТҮКШ мекемесі екі желісі бар деп қабылдап алған. Алайда екі құбыр желісінің біреуі ғана бар, екіншісі жоқ. Оны қабылдау құжатында бар деп көрсеткен. Жергілікті мәслихат депутаттары шу көтеріп, ҰҚК-ға, Антикорға жүгініп, көмілген құбырларды қаздырып тексерткеннің нәтижесінде ең басында желі екі құбыр болып шыққаны, бірақ шамалыдан кейін жердің астында бір-біріне қосылып кеткені анықталған. 2018 жылдан бері созылып келе жатқан бұл мәселемен жергілікті әкімдік хабардар екен. Бірақ әлі шара қолданбай отыр. Айта берсе, Кентаудың жыры таусылмайды. Келесі мәселе де экологияға қатысты.
«Түркістан, Кентау қалалары ауызсуды қыстың күні мамыр-маусым айларына дейін таудың бұлағынан алады, одан кейін шахталардан сорып ішеді. Енді тұп-тура сол шахтаның түбінен Қытай елінің азаматтары келіп 2015 жылдан бері алтын өңдеп жатыр. Ешқандай құжаты жоқ. Соларды тоқтата алмай келеміз. Олар түнде ұрланып істейді. Алтын кенді шаюға біздің су ішіп отырған шахтадан су алады. Одан соң шайынды суларын төгіп жатқан жерінің асты қуыс. Жаңбыр жауып, қар еріп алтынды жуғаннан қалған улы химиялық қалдықтар, мысалы цианид пен мышьяк жерастына сіңіп жатыр. Онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Жан-жақтың бәріне, тіпті Президент аппаратына дейін жаздық. Оларды ешкім тоқтата алмай отыр. Сондықтан да мұнда үлкен сыбайластық бар деп ойлаймын. Бір қызығы, біздің қай мәселе болмасын ПӘ-ға, Антикорға, БП-ға, ДЭР-ға жазған хаттарымыз қайтып облысқа, одан Кентау қаласының әкімдігіне келеді. Ал оны шешу олардың құзыретіне жатпайды. Осылайша, тұйық шеңберде қалып отырған жайымыз бар», – дейді Қабылан Елеусізов.
Кентаулық экс-депутаттың проблемалардан бөлек бір ұсынысы кеңес кезінен қалған экскаватор зауытын қайта іске қосып, әскери техника жөндейтін және шығаратын зауытқа айналдыру. Өйткені әуелден-ақ бұл нысан егер оңтүстік беттен, яки Ауғанстаннан соғыс аша қалса, онда оны танкі зауытына айналдырамыз деген стратегиялық мақсатта салынған екен. Сондықтан экскаваторлардың қазтабан базасы соған ыңғайланған. Кезінде мұнда тіпті Ресейде жоқ станоктар болған екен. Алайда Кеңес Одағы тарағаннан кейін зауыт қирап, тоналған. Жергілікті билік кішкене ғана бірлі-жарым цехты сақтап қала алыпты. Егер қайта аша алсақ, қалпына келтіруге болады.
Өңірлердің тасасында қалып қойғалы тұр
Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі моноқалалар мәселесін күн тәртібінен түсіруге болмайды. Қазір олар өңірлерді дамытудың тасасында қалып қойғалы тұр. Сондықтан өз алдына стратегиялық алаңға шығару қажет. Бұған дейінгі тоқырауға әкелген басты себеп, экономикаға қатысты алғанда әлеуметтік саясаттың екінші орынға ығыстырылуы болса, қазір де сол үдемен кетіп барамыз. Сондықтан моноқалалардың тағдырын шешуде бөлекше көзқараспен қарау керек.
«Біздің елімізде моноқалалардың перспективалары бар. Олар көмір, мұнайгаз, металл, руда кені, химия өнеркәсібі сынды салаларға ие. Сондықтан әлемдегі моноқалалардың гүлдену тәжірибесін басшылыққа алып, жаңаша қадамдарға бару керек. Оларды дамытуға арнайы стратегиялық жоспар жасалуы керек те, қаржыландыру мәселесі мемлекеттік бюджетпен қатар жеке қордан да қарастырылу қажет. Қазір ғылымды экономикаға тарту үшін қаражат бөлінуде, ендеше ғылыми бағдарламалардың 50%-ы моноқалаларда жүзеге асуы тиіс. Мәселен, ғылыми жобалары жеңіске жеткен ғалымдар оларға аппробацияны осы елді мекендерде өткізуі керек. Ондай мысал ретінде Курчатов қаласын айтуға болады. Сол сияқты металлургия, мұнай-газ, түрлі кен қазбаларына қатысты ғылыми әлеуетті моноқалаларға орналастыруға болады. Әрі ғылым дамиды, әрі қала дамиды. Екіншіден, қаңырап қалған зауыт-фабрика, комбинаттарды технологиялық музейге айналдырып турист тартуға болады. Жоғары оқу орындарының студенттерімен моноқалалардың арасында дуалды оқыту тәжірибесін жолға қою қажет. Осыған дейін бізде ірі бизнес пен шағын бизнес арасында мемлекет грант бөлетін бизнес-инкубаторлар болатын. Осыны қайта жаңғыртсақ, жергілікті мазмұнды арттыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтарды (СЭЗ) моноқалаларда ашу керек. Сонда инвесторлар келеді, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Дағдарыстық жағдайдағы моноқалалардың экономикасын әртараптандыруда немесе даму бағытын қайта құруда мемлекеттік және муниципалдық іс-шаралар кешенінің маңызы зор екені рас. Олар «Тұрақты даму тұжырымдамасының» негізінде жүзеге асырылуы керек. Яғни, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардың өзара үйлесімді дамуына негізделуі тиіс. Бұл келесі бір сарапшы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы Думан Алиасқаровтың пікірі.
«Әлеуметтік сала бойынша моноқалалардағы тұрғындарды біріншіден, кәсібилікке қайта оқыту қажет, екіншіден, еңбек демалысы төлемдерін арттыру, баспана алуға жеңілдетілген несиелер беру, зейнет демалысына ерте шығуға құқық беру сынды әлеуметтік жәрдемдер жасалуы керек. Ал нағыз болашағы жоқ моноқалалардан халықтың өзге аймақтарға қоныс аударуына жәрдемдескен дұрыс. Сонымен қатар экономикалық сала бойынша әртараптандыру, яки ғылымды қажетсінетін өндірісті және үйлесімді қызмет көрсетудің рөлін күшейту керек. Экологиялық сауықтыру шаралары аясында тау-кен өнеркәсібімен байланысты жағдайы қатты нашарлаған қалалардың табиғи-экологиялық каркасын құрылымдау қажет. Өндірістік қызметтер нәтижесінде тозығы жеткен жерлердегі топырақ құнарлылығын қайта қалпына келтіру (рекультивация) керек», – дейді Думан Тоқтарұлы.
Тарихтан білетініміздей, әлем нарығындағы тұрақсыздық, дағдарыс жағдайлардың қайталануы моноқалаларға постиндустриялық даму сценарийлерін қолдануды талап етеді. Ол тұрақты дамудың қағидаттарына негізделеді, яғни біріншіден, экологиялық тепе-теңдікті бұлжытпай сақтай отыра, экономикалық өсімді; екіншіден, адам өмірінің өлшемінде қабылданған экономикалық және әлеуметтік салалардың теңгерімділігін; үшіншіден, қазіргі жағдайда ғана емес, болашақты ескере отырып қалалық қоғамдастық пен болашақ ұрпақтың үйлесімділігін қамтамасыз ету қажет. Мамандардың осындай тұжырымдарымен келіспеуге болмайды. Өз тарапымыздан қосарымыз, моноқалаларды дамытуға мемлекеттен бөлінетін қаржының басым бөлігі оның инфрақұрылымын жаңғыртуға емес, бірінші кезекте жергілікті өндірісті, кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға жұмсалуы керек. Сонда кентаулықтар сияқты ешкім Оңтүстік Кореяға дейін айлап-жылдап үй көрмей қаңғып жүрмейді. Екіншіден, жергілікті салықтың басым бөлігін қала бюджетінде қалдыру қажет. Осындай кешенді іс-шаралар нәтижесінде ғана моноқалалардың тамырына қан жүгіре бастайды.