Шикізат өңдеудегі шикілік
Шикізат өңдеудегі шикілік
© коллаж: Елдар Қаба
798
оқылды
Соңғы бесжылдық кө­лемінде елдегі мұнай за­уыт­­­тары жиі жөндеуден өте­тін болды. Жөндеу де­ген аты болмаса, бұл өзі ел­­ді біраз әбігерге сала­тын кезең. Өйткені өндіріс уа­қытша тоқтаған соң бен­зин тапшы боп, баға қым­бат­­тауы бірнеше рет қай­та­лан­ды. Ал мұнай өңдеу зауыт­­­тарын жөндеуге қы­руар қаржы шығындалады. Зауыт жиі жөнделсе, шы­ғын да молаймақ. Сайып келгенде, бұл көкейге кү­мән ұялатпай қоймайды. Теңіздегі бәсеңдеген «толқын» Таяуда Теңіз кен орнында соңғы бірнеше күнде мұнай өндірісі азайғаны мәлім болды. Оған себеп – 6 мұнай өндіру желісінің бірін­дегі жоспардан тыс жөндеу жұмыстары. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, өндіріс жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қайта жалғаспақ. Бірақ ведомство жөндеудің қашан басталғанын, қашан аяқталатынын нақтыламаған. Тек жыл ба­сынан бері Теңіз кенішінде өндіру жоспары 102 пайызға орындалғанын алға тартыпты. Осылайша, жоспардан тыс жөндеу өндірісті уақытша тұралатпақ. Аталған министрліктің 1 ақпанда өткен жиынында Теңіз кенішіндегі өндірісті жылына 12 миллион тоннаға арттыруға тиіс кеңейту жобасы 45,2 миллиард доллардан 46,7 миллиард долларға қымбаттағаны ай­тылған еді. 2016 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жоба 2024 жылдың маусым айында іске қосылуы тиіс. 2022 жылдың соңында жоба бойынша жұмыс 96,1 пайыз орын­далған. Биыл бұл көрсеткіш 99 пайызға же­теді деп күтіліп отыр. 2023 жылы Теңізде мұнай өндіру көлемі 27,9 миллион тонна, газ 16,1 миллиард текше метр болады деп бол­жанған. Қазақстан биыл жалпы көлемі 92 миллион тоннадан астам, 2024-2025 жыл­дары өндіріс болжам бойынша 100 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Әйткенмен, мұнай өңдеу зауыттары көңіл көншітпейтіндей. Жиі жөндеуді қажет ететін нысандардың шығыны пайданың біраз бөлігін кемітіп жатқан тәрізді. Жөндеуден соң жанармай «жоғалады» 2021 жылы елдегі мұнай өңдеу зауыттары кезегімен жөндеуге түсіп, халықты біраз әбігерге салғаны есте. Сонда наурыздың ор­тасына таман Энергетика министрлігі Шым­кент пен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты жөндеу мақсатында жұмысын уақытша тоқтататынын хабарлаған. Бірақ осы кезде аяқасты Атыраудағы мұнай өңдеу зауытынан да ақау шығып, жаңағы екі нысанның құрылысы кейінге шегерілді. Сөйтіп, үш кешен де бір жылдың ішінде жөнделді. Осы тұста бір қызық жайтты айта кетсек. Негізі, аталған мұнай өңдеу зауыт­тары содан 3 жыл бұрын ғана, 2018 жылы жа­ңартылған. Құрылысқа бақандай 2 трил­лион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Осыған қарамастан зауыттар қайта жабы­лып, жұмысын тұра­латты. Бұл жағдай Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмағанын білеміз. Президент елдегі мұнай өңдейтін зауыттар мол қаржыға жаңартылса да, неліктен жиі жабылып қала беретінін түсініксіз жайтқа балады. Осыны айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы мұнда бір ши­кіліктің барын жет­кізген. Демек, қаржы шығындауда көлденең көк аттылардың күр­делі схемаларға құрыл­ған мүддесі жатқан болуы мүмкін. Мұнай өңдейтін зауыттардың жұмысы тұралаған соң елде жанармай бағасы да қымбаттап шыға келеді. 2018 жылы алғашқы 6 айда 13 пайызға өсті. Осы тұста әңгімені әріден тартуға тура келеді. 2018 жылы шілдеде мотор отынының сапасы K-4 және К-5 экологиялық класта­рына сәйкес келуі тиіс болды. Сол кезде Энергетика министрі болған Қанат Бозым­баев үш ірі мұнай өңдеу зауытына енгізілетін жөндеуді басқаруды автоматтандыру жү­йесінің тиімділігін алға тартып, зауыттарға 3 жыл сайын 45 күндік жөндеу жүргізілетінін айтқан болатын. Бірақ бұл жөндеу жұмыс­тары жоспар бойынша әр зауыттың өңдеу көлемін жылына 300 мың тоннаға дейін арттырып, елді бензин тапшылығына ұшы­ратпау қажет болған. Алайда нәтиже мүлде олай болмады. Қазақстанда бензин тапшы­лығы әдеттегі жағдайға айналды. 2018 жылы зауыттар жаңартылып жатқанда бензин тапшы болып, Аи-92 маркалы сұйық отын­ның бағасы кей аймақтарда 200 теңгеге дейін жетті. 2021 жылы да кешен жөнделеді дегенде осыған ұқсас жағдай қайталанды. Расымен, жөндеу жұмыстары тек кері әсе­рін тигізер болса, зауыттарды 3 жыл сайын неге жаңартуымыз керек? Экономист Жан­келді Шымшықов бұл мәселеде шикілік жатқанын тілге тиек етеді.
«90-жылдары экономист Жарысбек Абу­талипов «біздің мұнай өңдеу зауытта­рымыз мұнайды 60 пайыз деңгейінде ғана қайта өңдейді, ал озық елдерде бұл көр­сеткіш 95 пайызға дейін жетіп отыр. Мұ­найды қайта өңдеу деңгейін шетелдер дә­режесіне көтеру үшін мұнай өңдеу зауыт­тарын түбегейлі жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу қажет» деген бо­латын. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, зауыттар жаңа инновациялық өнім­дер өндіруді қолға алмақ түгілі, экономи­камыздың жанар-жағармайға деген қажет­тілігін де қанағаттандыра алмады. Бұл өз кезегінде ел ішінде жанармай бағасының тұрақсыздығына себеп болып отыр. Егіс науқаны басталар тұста мұнай өңдеу за­уыттары «жоспарлы» жөндеуге тұрғызы­ла­ды, баға да бірден қымбаттайды. Бұрын ЖЖМ-ның қымбаттауын мұнай бағасының өсуімен түсіндіріп келгендер мұнай бағасы арзандағанда кезде де неліктен баға толас­сыз жоғарылап отырғанын тағы да зауыттар қуатының әлсіздігіне жаба салды. Біздің пайымдауымызша, бұл мәселе зауыттардың әлсіздігінен емес, монополияға қарсы тиісті комитеттің бағаны реттеп, қадағалаудағы дәрменсіздігінен туып отыр. Нәтижесінде, барша тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасы көлік шығындарының өсуі салдары­нан жаппай көтеріліп, инфляцияны одан сайын өршітті», – дейді маман.
Қауырт іс қатар келеді Жанармай тапшылығы дегеннен шыға­ды, 2021 жылы Энергетика министрлігі «қа­зақстандықтар мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу кезінде бензин тапшылығы мен қымбаттауын сезінбейтін болады» деп жар салған. Әдеттегі сылтау – осы. Бірақ мүлде олай болмады. Мәселен, сол жылы Қы­зылорда, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы жанармай құю бекеттерінде сұйық отын тапшы болып жатты. Шынында, Шымкенттің аумағында бүтін бір үлкен аймақты жанармаймен қамтамасыз етуге шамасы жететін қазіргі заманғы мұнай өңдеу зауыты бар. Мәселе – неде? Бензин тапшылығының түп себебі 2021 жылғы қаң­тарда басталған. Атырау облысына KEGOC энергиясын жеткізуде қиындық болды. Бұл жағдай Атырау мұнай өңдеу зауытында бензин мен дизель отынының өндірісіне айтарлықтай әсер еткен апатты тудырды. Кейін сәуір айында Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарын тоқтатуға мәж­бүр болды. Ал Атырау мұнай өңдеу зауы­тын­да жоғары сұранысқа ие бензин мен дизельді отын өндірісі едәуір төмендеп, зауытты жос­пардан тыс жөндеу қажеттілігі туын­даған соң Энергетика министрлігі наурыз-сәуір айында жоспарланған Шым­кент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысын кейінге қалдырды. Шынында, кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Сосын елімізде жанар-жағармайға сұраныс 20 пайызға өсті. Бөлшек сауда нарығының ірі қатысушылары сұраныс жоғары болатын маусымды қалып­ты жағдайда өткізу үшін дизельдің қорын жасауды дер кезінде қамтамасыз еткен. Ал тауар қорын тек 2-3 аптаға жасайтын жергілікті бөлшек сауда мұндай қарқында жұмыс істей алмай қалды. Осылай біртіндеп күрделене бастаған мәселенің соңы неге соқтырғанын жақсы білеміз. Былтыр жыл басында болған ке­леңсіз оқиғада халықтың көңіл күйіне сұйық отын бағасы да әсер еткені жасырын емес. Әрине, мұнай өңдеу зауыттарынан ахуалы жақсарғаны жөн, дегенмен күтпеген жерден жөндеу жұмыстары қайталана бе­ретіні қызық-ақ. Бұны шикіліктің шеті ре­тін­де балаймыз ба, анығы беймәлім.