Мұнай зауыттарын жөндеу ақша жымқырудың жолы ма?
Мұнай зауыттарын жөндеу  ақша жымқырудың жолы ма?

Соңғы жылдары еліміздегі 3 ірі мұнай өңдеу зауыты жиі жөндеуден өтетін болды. Биыл да бұл әдеттен жаңылмадық. Жаңағы кешендердің бәріне де осы жылдың ішінде қайта жөндеу жүргізілмек. Жұмыс уақытша тоқтаған соң бензин тапшы боп, баға қымбаттайтыны айтпаса да белгілі. Оны кейбір аймақтар бастан өткеріп те үлгерді. Ал мұнай өңдеу зауыттарын жөндеуге мол қаржы шығындалады. Яғни, зауыт жиі жөнделсе, ақша да молырақ бөлінбек. Бірақ бұл ақшаның орнымен жұмсалатынына күмән бар.

«Бір шикілік бар»

Наурыз айының ортасына таман Энергетика министрлігі Шымкент пен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты жөндеу мақ­сатында жұмысын уақытша тоқ­тататынын хабарлаған. Бірақ осы кезде аяқасты Атыраудағы мұнай өңдеу зауытынан ақау шығып, жаңағы екі нысанның құрылысы кейінге шегерілген еді. Дегенмен үш кешен де биыл жөнделеді. Осы тұста бір қызық жайтты айта кет­сек. Негізі аталған мұнай өңдеу зауыт­тары осыдан 3 жыл бұрын ғана, 2018 жылы жаңартылған. Құрылысқа бақандай 2 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Осыған қарамастан зауыттар қай­та жабылып, жұмысын тұралатып жүр. Бұл жағдай Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмады. Жуырда Президент елдегі мұнай өңдейтін зауыттар мол қаржыға жаңар­тылса да, неліктен жиі жабылып қала бе­ретінін түсініксіз жайтқа ба­лады. Осыны айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы мұнда бір шикіліктің барын айтқан еді. Сон­дықтан Үкіметке осы мәселеге назар аударуды тапсырды. Мұнай өңдейтін зауыттардың жұмысы тұралаған соң елде жанармай ба­ғасы да қымбаттаған. Жыл басы­нан бері шамамен 13 пайызға өс­кен екен. Демек, мұнай өңдеу зауыт­тарын жиі жөндету күрделі схемалардан құралған ақша жым­қырудың жолы болуы мүмкін. Осы тұста әңгімені әріден тартуға тура келеді. 2018 жылы шілдеде мотор отынының сапасы K-4 және К-5 экологиялық клас­тарына сәйкес келуі тиіс болды. Сол кезде Энергетика ми­нистрі болған Қанат Бозымбаев үш ірі мұнай өңдеу зауытына енгізілетін жөндеуді басқаруды авто­мат­тандыру жүйесінің тиім­ділігін алға тартып, зауыттарға 3 жыл сайын 45 күндік жөндеу жүр­гізілетінін айтқан болатын. Бірақ бұл жөндеу жұмыстары жоспар бойынша әр зауыттың өңдеу көлемін жылына 300 мың тоннаға дейін арттырып, елді бензин тапшылығына ұшы­ратпау қажет болған. Алайда көріп отырғандай, нәтиже мүлде олай болмады. Қазақстанда бензин тапшылығы әдеттегі жағдайға айналды. 2018 жылы зауыттар жаңартылып жатқанда бензин тапшы болып, Аи-92 маркалы сұйық отынның бағасы кей аймақтарда 200 теңгеге дейін жетті. Енді биыл да кешен жөнделеді дегенде осыған ұқсас жағдай қайталанып отыр. Расы­мен, жөндеу жұмыстары тек кері әсерін тигізер болса, зауыттарды 3 жыл сайын неге жаңартуымыз керек? Яғни, Президенттің аталған мәселеге көңіл бөлуі орынды. Бұл проблема елге кесірін тигізетін тағы бір проблеманы туындат­қанын көріп отырмыз.

Вице-министрдің сөзі жалған болып шықты

Биыл наурызда Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов «қазақстандықтар мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу кезінде бензин тапшылығы мен қымбаттауын сезінбейтін болады» деп айтты. Оған «қаңтардан бастап біз қор жинау үшін мұнай өнімдерін экспорттауды тоқтаттық. Бұл уақытылы шара болды деп айтуға тиіспін. Бензин бойынша біздің қордағы көлем 200 мың тоннадан 250 мың тоннаға дейін өсті» деп қосып қойған еді. Бірақ мүлде олай болмады. Мәселен, жаздың ба­сында-ақ Қызылорда, Түркістан облысы мен Шымкент қала­сын­дағы жанармай құю бекеттерінде сұйық отыны тапшы болып жатты. Шынында, Шымкенттің аума­ғында бүтін бір үлкен аймақты жанармаймен қамтамасыз етуге шамасы жететін қазіргі заманғы мұнай өңдеу зауыты бар. Мәселе неде? Бензин тапшылығының түп себебі 2021 жылғы қаңтарда бас­талған. Атырау облысына KEGOC энергиясын жеткізуде қиындық болды. Бұл жағдай Атырау мұнай өңдеу зауытында бензин мен ди­зель отынының өндірісіне айтар­лықтай әсер еткен апатты тудырды. Кейін сәуір айында Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Нау­рыздың аяғынан сәуірдің аяғына дейінгі кезеңде күрделі жөндеу үшін Шымкент мұнай өңдеу зауытын жоспарлы түрде тоқтату көзделген еді. Ал Атырау мұнай өңдеу зауы­тында жоғары сұранысқа ие бен­зин мен дизельді отын өндірісі едәуір төмендеп, зауытты жоспар­дан тыс жөндеу қажеттілігі туын­даған соң, Энергетика министрлігі наурыз-сәуір айында жоспар­лан­ған Шымкент мұнай өңдеу зауы­тындағы жөндеу жұмысын кейінге қалдырды. Шынында, кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Сосын елімізде жанар-жағармайға сұра­ныс 20 пайызға өсті. Бөлшек сауда нарығының ірі қатысушылары сұраныс жоғары болатын мау­сымды қалыпты жағдайда өткізу үшін дизельдің қорын жасауды дер кезінде қамтамасыз еткен. Ал тауар қорын тек 2-3 аптаға ғана жасайтын жергілікті бөлшек сауда мұндай қарқында жұмыс істей алмай қалды. Шымкент МӨЗ жөндеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін, 18 маусымнан бастап сұйық отынды қайта жеткізе бастады. Биыл қаңтар-наурыз айы аралығының қорытындысы бо­йынша, Қазақстанда 3 миллион тоннадан аса мұнай өнімдері өндірілген. Ал бензин бойынша көрсеткіш 1,1 миллион тоннаға жетіпті. Энергетика министрлігі жоспардың 94,5 пайызға орын­далғанын айтады. Ал дизель оты­нының көлемі – 1 миллион тонна. Жоспар 89,7 пайыз іске асқан. Бірақ осыған қарамастан тапшы­лықты көріп отырмыз. Егер әр 3 жыл сайын мұнай өңдеу зауыттары жөнделе берсе, мұндай келеңсіз жағдай жиі қайталанбақ. Бірақ халықаралық тәжірибе бойынша, мұнай өңдеу зауыттары ылғи қа­дағаланып, қажет кезінде жаңар­тылып отырылуы қажет екен.

Мадияр ТӨЛЕУ