Туризм тұралап тұр
Туризм тұралап тұр
757
оқылды
Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттік ұлттық та­биғат паркін құру туралы ұсыныс жасап отыр. Олардың айтып отыр­ғаны – Шалқар-Имантау курорттық аймағына қа­тысты. Бүгін­де бұл демалыс орны Солтүстік Қазақстан облысының ау­мағында орна­лас­қанымен, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық та­биғат паркінің құрамына кіреді. Ендеше тө­ленген салық та көр­ші­лес өңірдің қазынасына құйылады. Жергілікті кәсіпкерлер мұ­ны­мен ке­лісер емес. Көлдердің саны бойынша Сол­түстік Қазақстан облысы елі­мізде бірінші орынға, ал орман кө­лемі жағынан екінші орынға жай­ғасқан. Ендеше өңір туризмді да­мытуға қолайлы. Дейтұрғанмен, бұл сала тұралап тұр. Бұған не се­беп? Солтүстік Қазақстан «Атаме­кен» кәсіпкерлер палатасы жа­нын­­дағы туризм комитетінің оты­­рысында осы саланың бір­қа­тар келелі мәселелері талқыланды. Шал­қар-Имантау курорттық ай­мағы 2018 жылдан бастап туристік са­ланы дамытудың 2019-2025 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасына сәйкес, туризмді да­мытудың ең перспективалы топ-10 аймағының қатарында. Со­ған қарамастан, «Көкшетау» ұлт­тық паркі негізінен Зерендіні да­мытуға ғана көбірек назар ау­дарады. Солтүстікқазақстандық кә­сіпкерлердің пікірі осындай. Белгілі болғанындай, Петро­павл қаласынан небәрі 15 шақы­рым, ал Көкшетаудан 200 ша­қы­рым қашықтықта орналасқан Сог­ров қорығы да «Көкшетау» ұлт­тық паркіне қарайды екен.
«Неліктен «Көкшетау» ұлттық пар­кі? Өзіміздің ұлттық паркімізді құ­ру қолымыздан келмей ме? Біз­дің барлық салығымыз Ақмола об­лысына кетіп жатыр. Ал түйінді мәселелер шешімін табар емес. Мә­селен, жолдар жөнделмейді. Өйт­кені жол – ұлттық парктің қа­рамағында. Олар бұл мәсе­ле­лерді шешу үшін шырпы басын сын­дырар емес. «Көкшетау» ұлт­тық паркі біздің курорттық ай­мақ­қа келгенде қалдық қағидатын қол­данатынын, көбінесе Зерен­ді­ге көп қаржы жұмсайтынын бә­рі­міз де көріп жүрміз», – дейді Айыр­­тау ауданындағы «Досу­го­вый центр» ЖШС-і директоры Виктор Надъярный.
Солтүстік Қазақстан облыс­тық Кәсіпкерлік және индуст­рия­лық-инновациялық даму бас­қар­масының туризмді дамыту бө­лі­мі­нің басшысы Қанат Шамсут­ди­нов шынымен де жол сапасына бай­ланысты қиындық бар екенін рас­тады.
«Биыл бізге әзірге бір жолды жөн­деуге қаржы бөлінді, бұл – Ақ­мола облысының шекарасы-нан Ло­­банов ауылына дейін 11 ша­қы­рым жол. Ал қалғандары бойынша жо­балық-сметалық құжаттама бар, Қаржы минис­трлігіне бюд­жет­тік өтінім берілді. Енді рес­пуб­ликалық бюджет комис­сия­сы­ның отырысын күте­міз. Са­лық­қа келетін болсақ, ұлт­тық парк екі өңірге: Ақмола және Сол­түстік Қазақстан облыс­тары­на бөлінгенін бәрі біледі. Оның үсті­не, Қызылжар ауданын­дағы Сог­ров қорығы да «Көк­шетау» ұлт­тық паркінің құрамына тіпті кі­реді, бұл Көкшетаудан 200 ша­қы­рым қашықтықа орналас­қан. Жеке ұлттық парк құру ту­ралы мә­селе Экология министр­лігінде ше­шілуі тиіс», – деп жауап берді Сол­түстік Қазақстан об­лыстық Кә­сіпкерлік және индус­триялық-ин­новациялық даму басқарма­сы­ның туризмді дамыту бөлімінің бас­шысы Қанат Шам­сутдинов.
Сондай-ақ бұл демалыс айма­ғын­да электр жарығын, байланыс жә­не интернет тартуға байланыс­ты қиындық шаш-етектен. Бұл мә­селені оң шешуге бір жағынан қал­дық қағидаты бөгет жасаса, екін­шіден, Экология және Мә­де­ниет жән спорт министрліктеріне байланысты. туризм тұралап тұр Кәсіпкерлер палатасының жо­баларды сүйемелдеу бөлімінің бас­шысы Аслан Нұрсейітов бұл мә­селе комитет тарапынан ег­жей-тегжейлі зерделеуді талап ете­тініне тоқталып, респуб­ли­ка­лық деңгейде шешу мүмкіндігін қа­растыру үшін «Атамекеннің» ор­талық аппаратына жіберіле­тінін жеткізді. Солай бола тұра, ұлттық парк­тің мәліметінше, 2022 жылы Сол­түстік Қазақстанның інжу-мар­жа­ны саналатын Шалқар-Иман­тау аймағында 42 мың турист де­малыпты. Бұл 2021 жылдағыдан 10 мың адамға көп. Ендеше ту­рис­терге тиісінше жағдай жасал­са, олардың ағыны үдей түседі де­ген болжам бар. ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕ КӨП Туризм саласында қызмет көр­сетіп жүрген кәсіпкерлердің бұдан басқа да базынасы жетерлік. Мәселен, Айыртау ауданында тұра­тын кәсіпкер Әсем Адамова 2020 жылдан бері жеңіп алған гран­ты бойынша әлі күнге дейін қыз­мет көрсете алмай келе жат­қанын айтып шағымданды.
«Мен 2020 жылы Имантау-Шал­қар курорттық аймағында квад­роцикл мен велосипедтерді жал­ға беру жұмысын ұйым­дас­тыру жөніндегі грантты жеңіп ал­ған болатынмын. «Көкшетау» ұлт­тық паркінің жоспары бойын­ша Имантау курорттық айма­ғын­да велосипед және жаяу жүр­гін­ші­­лер жолдарын салу көзделген-тін. 2023 жыл басталса да, әлі күн­ге дейін ешқандай қозғалыс жоқ. Бұл мәселені шешу жолдары бар ма?» – деп сұрады кәсіпкер Әсем Адамова. Туризмді дамыту бөлімінің бас­шысы Қанат Шамсутдинов мыр­за бұл жұмыс шынымен де тым созылып кеткенін мойында­ды. Оның түсіндіруінше, бар гәп – Экология министрлігінде. Он­дағылар осы уақытқа дейін инф­ра­құрылым тартуға рұқсат бер­меп­ті. «Қазір бұл мәселе ше­шілу­де», – деп сендірді ол.
Кеңесте көтерілген тағы бір мә­селе – солтүстікқазақстандық­тар­дың сүйікті мерекелерін қай­тару. Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы «Мөңке күні» ме­рекесі мен KYMYZFEST фес­тивалін қайта жандандыру ту­ралы ұсыныс жасады. Панде­мия­ға дейін бұл екі мейрам Пет­ро­павл қаласында дәстүрлі түрде өткі­зіліп тұратын. Кеңесте көтерілген барлық мә­селелер өңірлік және респуб­ли­калық деңгейде қарастырыла­тын болды.

Солтүстік Қазақстан облысы