Қараусыз бала өз болашағынан қорқады – Ғалия Байболатова
Қараусыз бала өз болашағынан қорқады – Ғалия Байболатова
979
оқылды
Балалар үйінен шыққан әрбір жасөспірім болашағынан қорқады, өйткені олар интер­наттан тыс жерде не күтіп тұрғанын білмейді. Олардың көбі жалғыздық сезімін бастан өткеріп, жиі күйзеліске ұшырайды. Қазақ­стандық қоғамдық даму институты балалар үйі тәрбиеленушілерінің қоғамға әлеуметтік бейімделуі тақырыбында ұсын­ған талдама­лық баяндамасында осылай делінген. Сондай-ақ, құжатта интернат­тағы балалар­дың психоэмо­ционалдық даму ерекшеліктері мен әлеуметтік бейімде­лудегі қиындық­тары, қылмыстық құқықбұзушылықтары мен суицид жасау әрекеттері зерттелген. Жалпы, балалар үйі түлектерінің түйткілді проблемалары мен олардың әлеуметтік интегра­ция­сы туралы Қоғамдық даму институты Отбасы институтын зерттеу орталы­ғының сарапшысы Ғалия Байболатовамен сұхбаттасқан едік. – Ғалия Қизатқызы, интер­нат­тағы балалардың әлеуметтік бе­йімделуінде қандай қиындықтар бар? Зерттеу нендей нәтиже көр­сетті? – Жыл сайын елімізде мыңға жуық жасөспірім балалар үйінен шығып, өз бетінше өмір сүре бас­тайды. Сол сәттен бастап олардың әлеуметтік бейімделуі, қоғамда қабылданған тәртіп ережелері мен нормаларына белсенді икемделу процесі басталады. Жетім және ата-анасының қамқорынсыз қал­ған балалар өміріндегі түрлі жағ­дайға байланысты (ата-анасының бас тартуы, бас бостандығынан айырылуы, ата-анасы мен жақын туыстарының азғындық өмір сал­ты) халықтың әлеуметтік осал са­натына айналуда. Толық отбасында тәрбие мен жылу көрмеген, ин­тер­натта ұжымдық өмір сүру дағды­сымен өскен балалардың қоғамға бейімделу процесі қиын жүреді. Бұл жағдай олардың қоғамға өз­дігінен икемделе алмауына, оқуға және жұмыс істеуге ықыласының төмендеуіне, сондай-ақ коммуни­кативті байланысының дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Көбіне әлеуметтік бейімделу кезінде олар жұмысқа орналасуда, орта және жоғары кәсіптік білім беру меке­мелеріне түсу кезінде, өз құқын қорғауда, сондай-ақ тұрғын үй алу мен үй тұрмысын ұйымдастыруда айтарлықтай проблемаларға ұшы­расады. Балалар үйіне түскендердің құқықтық мәртебесі «Қазақстан Республикасындағы баланың құ­қықтары туралы» 2002 жылғы 8 та­мыздағы № 345-II заңында ай­қын­далған, онда баланың ден­сау­лығын қорғауға, даралыққа және оны сақтауға; өмірге, жеке бос­тандыққа, қадір-қасиеті мен жеке өміріне қол сұғылмауға; қажетті өмір сүру деңгейіне кепілдік бе­рілген. Өкінішке қарай, зерттеу барысында интернат балаларының әлеуметке бейімделу кезіндегі көптеген мәселесіне куә болдық. – Олардың психологиялық жағ­дайына байланысты зерттеу не дейді? – Көптеген ғалым жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалардың психоэмо­ционалды даму ерекшелігін зерттеп келеді. Мамандар интернатқа түс­кен баланың психологиялық даму қарқыны баяулайды және ол бірқатар қиындық тудыратынын айтады, яғни интеллектуалды және эмоционалды даму деңгейінің тө­мендігін, қиял өрісінің жұтаң­ды­ғын, тәртібі мен мінез-құлқының нашарлауын байқай аламыз. Мұн­дай қиындық адамның тұлға болып қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Бала интернатқа қаншалықты ерте жастан түссе, салдары соншалық қиын болмақ. Интернатта баланың жеке қажеттілігі мен қабілетін дамытуға мүмкіндік жоқ. Мұндай жағдайда баланың бойында өзгеге тәуелділік дамиды және өзінің «мені» аз көрінеді. Мәселен, бала­лар үйінде жеткіншектің жеке ерекшелігін ескеруге мүмкіндік бермейтін өмір сүру режимі бар: ұйқыдан тұру, тамақ ішу, ойнау, оқу, ұйықтау және тағы басқа қатаң тәртіпке бағынады. Зерттеу ба­рысында көп бала өзін-өзі тану кезінде қойылатын «Мен не істегім келеді?», «Кім боламын?» деген сұрақтарға жауап беруге қиналды. Интернатта қалыптасқан тәртіптен тәуелсіз болу үшін бала жылауық, ашуланшақ болуы мүмкін. Бұл проб­леманы шешу үшін ол ре­жим­ге қарсы тұру, қашып кету, ауыру, өзін-өзі жарақаттау, бүлік шығару және т.б. әрекетке барады. Өкініш­ке қарай, біз интернаттан шыққан балалардың психоэмоционалды дамуының себебі туралы көп айта бермейміз, көбіне оның салда­ры­мен күресеміз. – Яғни, көбіне олардың қо­ғамдағы құқық бұзу фактілерін жіпке тізіп, қылмысын әшкерелеуге шеберміз дейсіз бе? – Қазір Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде тәртіп бұзушыны тіркеу кезінде балалар үйінің түлектерін сәйкестендіретін жеке баған жоқ. Осыған байланыс­ты комитет балалар үйі тәрбиеле­нушілерінің қылмыстық құқық­бұзушылықтары туралы деректерді ғана ұсынады, ал әкімшілік құ­қықбұзушылықтары туралы мә­лімет жасамайды. Соңғы 5 жылда балалар үйі тәрбиеленушілерінің суицид жасау және өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері болған, 2019, 2020 жылдары мұндай жағдайлар артқан. Балалар үйінің тәрбие­ле­нушілері жасаған ең көп құқық­бұзу­шылық 188-бап – ұрлық, 191-бап – тонау, 190-бап – алаяқ­тық, 200-бап автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау, заңсыз иелену және тағы басқа. Өкінішке қарай, зерттеу кезінде балалар криминалды ортамен байланысқан достарының бар еке­нін, олардың көбі түрмеде отыр­ғанын атап өтті. Мұның себебін қарапайым ортада оларға жалған достық, бауырластық және өтірік қолдау көрсететініне байланысты көбіне қылмыстық топтардың құ­рамына кіретінімен түсіндірді. Интернаттан шыққаннан кейін өзі­мен-өзі қалған бала өзін тү­сіне­тін және барлық жағынан қолдай­тын «өз» ортасын тапқысы келеді, басқа жайлы орта жасау­дың жол­дары мен мүмкіндіктерін көрмейді. Бүгінде өмірде өз орнын тапқан балалар үйінің түлегі өзінің сұхба­тында көп қыздар – оның құрдас­тары, сырт келбеті сұлу қыздар интернаттан шыққаннан кейін жезөкшелікпен айналыса бас­тайтынын айтты. Респонденттердің біреуі қыздардың құлдыққа сатылу фактілерін атап өтті. Оларды оқы­ған колледждің директоры сатып жіберген. Қыздардың бірі «қожа­йындардан» үш рет қашып кетіп, құқық қорғаушыларынан көмек сұраған, сөйтіп зорлық-зомбы­лықтан құтылған. Қалған қыздар­дың тағдыры белгісіз. Респон­денттер интернатта таныс түлек­тердің арасындағы суицид жағ­дайларын да атап өтті. Мұның се­бебін тағдырластарының сынақтан өтпей, қиындықты жеңе алмауы­мен түсіндірді. Жетімдіктің ең маңызды сал­дары – қоғамға сенімнің жоғалуы. Бұл интернатта кадрлардың жиі ауысуынан, бала асырап алғаннан кейін оны кері қайтарылуынан, олардың басқа мекемеге ауысуынан болады. Мәселен, бала ерте жастан мемлекет қамқорлығына алынса, ол кемінде 3 интернат ауыстырады. Айналаға сенімнің болмауы жеке тұлғаның тәуелсіз, бастамашыл болу, еңбек ету сияқты маңызды өзін-өзі дамыту қабілетін тежейді. Есейген шақта алкогольге, есірт­кіге немесе токсикологиялық зат­тарға тәуелді болуы мүмкін. Осы­лайша, балалар ата-анасының қамқорлығынан неғұрлым ерте қалса, баланың жасына, ақыл-ойы мен физикалық дамуына сәйкес келетін қалыпты жағдай аз болады. Олар белгіленген ережелерге сәй­кес өмір сүруге мәжбүр болғандық­тан, өз қалауын түсіну, сондай-ақ тәуелді көңіл күй мен бейқамдықты тудыратын шешім қабылдау қабі­летінен айырылады. Балалардың ерте жастан бастан кешкен осы шектеулерінің барлығы қоғамға бейімделу кезінде оларға кедергі тудырады, бұл өз кезегінде әлеумет­тік жауапкершіліксіз жүре алатын жұмыссыз, күрделі жастардың пайда болу қаупін тудырады. Ал негізінен балалар үйінің тәр­бие­ленушілерінің өзін-өзі дамытуына толық қабілеті бар. – Балалар үйінің түлектері көбіне-көп жұмыссыз жүреді. Неліктен? – Интернатқа көбіне өз жасына сай білім алмаған, физикалық кеш дамыған және созылмалы ауруы бар балалар түседі. Сәйкесінше, олардың көпшілігі арнаулы орта білім алумен ғана шектеледі. Оған қоса, балалар колледжге көбіне көп тәрбиеленушілер таңдап берген мамандыққа түседі. Түлектердің жұмысқа орналасудағы қиындық­тарының бірі ретінде сапалы білім алмауын айтсақ болады. Қалаған мамандыққа түспеген түлектер көп жағдайда орта жолдан оқуын тастап кетеді немесе мамандығы­мен жұмыс істемейді. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 2016-2021 жылдарғы интернат түлектерінің 16-31 пайызы ғана ЖОО-ға түскен. Яғни, олардың аз ғана бөлігі жұмыс берушілерді қызықтыратындай жоғары білім алады. Зерттеу кезінде жұмыс бе­рушілер арасында балалар үйінің түлектері ұрлыққа жақын болуы мүмкін деген ой бар екенін бай­қадық. Мұндай күмәнді болдырмас үшін балалар өзінің интернат түлегі екенін жиі жасырады. Сондай-ақ тәжірибенің жоғынан да жұмысқа орналасу қиын. Жеке жұмыс беру­шілер де, жергілікті атқарушы ор­гандар да интернат түлектеріне көбіне жалақысы төмен және ауыр жұмыс түрлерін ұсынады. – Әңгімеңізге рақмет!