Елімізде қос азаматтықпен жүргендер туралы дерек жиі айтылады. Әйткенмен, сол кезде ғана талқылауға алынып, артынша ұмыт қалады. Заңгерлер мен саясаттанушылар қос азаматтықтың артында қауіп тұрғанын қанша ескерткенімен, әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын алуға қатысты қандай да бір шара қабылданып, тиісті заңға өзгеріс енгізілгені байқалмайды.
Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, күні кеше ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан мен өзге елдің азаматтығын алған 54 адамды анықтады. Шекара қызметінің хабарлауынша, қаңтар айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткізу пункттерінде қос азаматтығы бар 54 заң бұзушының көбі Ресей, Түркия мен Қытай елінің азаматтары. Құзырлы орын олардың ісін тергеп-тексеруді қолға алғанын және шетелдермен байланыстарды пайдаланып, қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыратынын хабарлаған. Бірақ оқиғаны мән-жайын анықтау қиынға соғатындай.
Жалпы, осы уақытқа дейін де екі ел азаматтығын алып, алаяқтыққа баратындар туралы көп айтылды. Шетелдіктер түгілі осы елдің суын ішіп, нанын жеген қарт кісілердің көбі қос азаматтыққа құмартып жатыр. Сондағысы – екі елдің зейнетақысын қатар қалтаға басу. Әшейінде әлеуметтік көмек берерде қорадағы тауықтың қанша жұмыртқа беретінін түгендейтіндер қос азаматтықтың «пайдасын» көріп жатқандарды анықтай алмай келеді.
Азаматтық алудың ережесін айналып өтеді
Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лесбек Диқанұлы қос азаматтықпен жүргендерді анықтайтын бірыңғай база жоқ екенін айтады. Бірақ сол елдің құзырлы орындарына сұрау салу арқылы заң бұзушының басқа елдің азаматтығын алғаны туралы ақпарат алынады екен. Оның негізінде қос азаматтық алғандардың жеке басының құжаттарын және төлқұжатын құжаттандыру деректер базасына жою үшін өзгерістер енгізуге жіберіледі.
«Қолданыстағы заңға сәйкес, қазақстандықтар басқа елдің азаматтығын алмас бұрын біздің есептен шығуы тиіс. Бұл үшін ішкі істер органдарына басқа мемлекеттің азаматтығын алу туралы бір ай бұрын хабарлап, жеке куәлігін тапсыру міндеттеледі. Азаматтық туралы заңнаманы бұзғандарға жауапкершілік те қарастырылған. Қазақстан азаматтығынан айырылғандар біздің елдің паспортын және жеке куәлігін пайдаланса, 100 АЕК-де айыппұл салынады. Егер шетел азаматтығын алу туралы хабарламаса, 200 АЕК айыппұл қарастырылып, әкімшілік жолмен елден шығарылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі адамдар, билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар жасаған осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер 300 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Не болмаса, елден шығарылады», – дейді Лесбек Диқанұлы.
Бір қызығы, бұл заңнама азаматтық алудың ережесін айналып өтетіндердің әрекетіне тосқауыл қоя алмайды. Себебі жаңағы айтқандай, қазақстандықтардың өзге елдің азаматтығын алғаны туралы дерек автоматты жүйеде көрсетілмейді. Оның үстіне, біздің заңда қос азаматтық алуға жол берілмегенімен, оны қолдайтын келісім бар. Бұл қалай? Айталық, 2019 жылдан бері Ресей зейнетақы қоры мен Қазақстанның «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы біріккен келісім негізінде зейнеткерлердің электронды базасын екіжақты тексере бастады. Келісімге сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары Ресейдің зейнетақы қорына сұрау жолдай алады. Ондағы мақсат – зейнетақы алған қазақстандықтар туралы мәлімет алу. Бірақ мына қызықты қараңыз, Ресейде зейнетке шығу жасы – 60. Ал бізде ер адамдар үшін – 63. Сол үшін қос азаматтықта жүргендер алдымен Ресейдің зейнетақы қорына өтініш жазады. Сол елдің зейнетақы төлемін ресімдеп алған соң 3 жылдан кейін Қазақстан заңнамасы бойынша зейнетке шығады. Бұл бір қарағанда, заңды болып шығады. Өйткені ЕАЭО елдерінің азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімге сәйкес, әрбір азамат ол мемлекеттерде 2 немесе 3 зейнетақы алуға құқығы бар.
Елге келгендердің бетін қақпаймыз
Екі елдің азаматтығын алуға заңды түрде рұқсат еткен елдердің түпкі мақсаты қандай? Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, қос азаматтыққа жол жоқ екенін біле тұра жыл сайын екі елдің азаматтығымен емін-еркін жүргендерді құрықтап жатады. Бұл ұсталғандары ғана, ал ұсталмай жатқандары қаншама? Олардың санын анықтау өте қиын. «Біздің азаматтар басқа елдің азаматтығын алып жатыр ма?» деген сұрау жіберген күннің өзінде екінші тарап жылы жауап беруі мүмкін. Ол екінші тарап үшін тиімді болуы мүмкін.
«Қазақстанның азаматтарына Ресей азаматтығын беру қолайлы, тіпті, ол сол елдің мақсаты деуге болады. Бұл олардың саяси бағыты болуы да мүмкін. Сондықтан қос азаматтық беру оларға тиімді. Егер тиімді болмаған болса, ол елдің құзырлы орындары да бөтен елдің азаматтары өз елінің азаматтығын алуға өтініш бергенін айтып сұрау салар еді. Ай сайын болмаса да, жылына бір рет осындай мәлімет беріп отыруға құлық танытар еді. Бірақ бұлай істемейді», – дейді саясаттанушы.
Осындай талап болмаған соң қазір қос азаматтықпен жүрген өзге елдің азаматтары көбейіп келеді. Оның ішінде Ресей азаматы көп. Саясаттанушы бұл өте қауіпті екенін жеткізді. «Мысалы, кезінде Абхазия, Осетия, Грузия елдері қос азаматтықтың қаупін бастан өткерді. Осы елдерге Ресей «өз азаматтарымыздың құқығын қорғаймыз» деген желеумен әскер кіргізуге дейін барған. Донбас пен Луганскіде де осындай жағдай қайталанды. Қысқасы, өз азаматтары көбейген жерде кейбір елдер өз азаматтарын қорғау туралы талап қоюы мүмкін. Бұл Қазақстанға тікелей қатысты. Сондықтан біздегі бір азаматтықты қолдаймын. Бірақ екі елдің азаматтығын алғандарды анықтауды қатайтып, жұмысын жандандыру қажет. Сол үшін қандай елдің азаматтары біздің елде азаматтық алып жатқанына зерттеу жасалып, сол елмен келісімге келу керек», – дейді Дос Көшім. Ол үшін бар болғаны, біздің елдің азаматтары өзге елдің азаматтығын алуға өтінім берген жағдайда жыл сайын хабарлап отыру керек. Бірақ саяси ұстанымы бұлыңғырлау елдердің бұл талапты орындауы қиын.
Өркениетті елдердегідей талап керек
Егер екі елдің арасында орталықтандырылған база жоқ болса, азаматтық алудың шарттарын қатайту уақыт күттірмеуі тиіс. Өркениетті елдің барлығында осындай талап бар екенін айтқан саясаттанушы осыдан бірер уақыт бұрын Үкіметте қаралып, соңы сиырқұйымшақтанып кеткен заңды алға тартты.
«Қазақстан азаматтарына қазақ тілін білуді міндеттеу туралы талап қойылатыны туралы айтылды. Бірақ неге екені ертеңіне заң қабылданбай қалды. Кезінде Конституцияның бір нормасы 18 минуттың ішінде өзгертілген болатын. Ал азаматтық алуға келгенде Парламентте отырғандардың өзі Үкіметті қолдап, заңды өзгертейік деген жоқ. Шын мәнінде, көптеген елде осындай шарт бар. Кейбір елдерде сол елдің тілін білу міндеттеледі. Емтихан тапсырып, сертификат алады, сосын ғана өтінім бере алады. Канаданың азаматтығын алғысы келетіндер де сол елдің тілін білуі керек. Бұл шарт біз үшін алғашқы маңызды бір қадам еді. Осыны жүзеге асырсақ, ары қарай да азаматтықты заңсыз иеленудің жолдарын кесудің түрлі жолы қарастырыла берер еді. Ал әзірге алғашқы қадамды жасаудан да қорқақтап тұрмыз. Өкінішке қарай, бізде ешқандай шарт жоқ. Салдарынан азаматтық алғысы келетіндердің бетін қақпаймыз. Кеше Ресейден қашқан адамдардың Қазақстан азаматтығын алуға кезекке тұрғанын көрдік. Олардың көбі уақытша жұмыс істеу туралы шарт қабылдағандар. Олар біздің жерімізде өле-өлгенше жұмыс істеуге құқығы бар. Ертең олар да орыстілді қоғамды көбейтеді. Себебі олар мемлекетімізде мемлекеттік тілдің қолдану аясының артуына толығымен қарсы топ. Осының өзі қауіп», – дейді саясаттанушы.
Сондай-ақ белгілі заңгер Камиша Есмұхамбетқызы да көп жағдайда шетелден келетін азаматтар өз азаматтығын жоймай, біздің азаматтықты алуға асығатынын айтып отыр. Егер Қазақстан азаматтығын алуға деген ниеті түзу болса, ондай заң бұзушылыққа бармаған болар еді. Демек, екі елдің азаматтығын алудағы мақсаттың артында қандай пиғыл тұрғанын анықтау маңызды. Осылай деген заңгер де «Азаматтық алудың шарттарын қатайтып, осы бағытта біраз жұмыс істелу керек те шығар. Өйткені біздің елімізге келіп, азаматтыққа өтінім беріп жатқандардың пиғылын білмейміз. Мүмкін, олар тыңшылық етіп жүрген адам шығар» дегенді айтады. «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлитыны» секілді, азаматтық алуда белгілі бір келісімге қол қойылмаған, не белгіленген шарты жоқ елде кім келіп, кім кетіп жатқаны қадағалаусыз болса, қауіпсіздікке кепілдік беруге қиынға соғары анық.