«Салиқалы ұрпақ» қоры Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде 500 000 доллар аударды
«Салиқалы ұрпақ» қоры Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде 500 000 доллар аударды
2,582
оқылды
«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде 500 000 доллар аударды. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи мен қор басшысының өзара кездесуінен кейін белгілі болды. Тараптар жер сілкінісінен кейінгі жағдайда «Салиқалы ұрпақ» қоры басқа да қандай көмек көрсете алатыны жөнінде кеңесті. «Қиын кезеңге тап болған бауырлас Түркия халқына «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Біз жер сілкінісінен зардап шеккендерге 500 000 доллар аудардық. Қаражат алғашқы керек-жарақ заттар мен дәрі-дәрмек сатып алуға және өзге де қажеттіліктер үшін жіберілді. Бауырларымыз бен әпке-қарындастарымыз бастарына түскен қиыншылықты көп ұзамай еңсерсін деп тілейміз!» – деді қор директоры Қасым Қасабеков. «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры 2016 жылы қайырымдылық бағытта құрылған. Оның мақсаты халықтың осал топтарына білім беру және денсаулық сақтау салаларында көмектесуге негізделген. Осы уақытқа дейін қор қайырымдылық іс-шаралар мен акцияларға 1 миллиард теңгеге жуық қаржы аударған. 2016 жылдан бері қор бастамасымен жетімдерге арналған «Береке үйі» ашылды. Бүгінге дейін 70-тен астам бала тәрбиеленді. «Салиқалы ұрпақ» 5 жылдан бері балаларға арналған лагерьлерде қайырымдылық спорттық-сауықтыру іс-шараларын өткізіп келеді. Сонымен қатар,  жыл сайын Алматы және Алматы облысы әкімдіктерімен бірлесіп, түрлі мәдени-сауықтыру бағытындағы бастамаларды ұйымдастырады. Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркия еліндегі апатты жер сілкінісінен зардап шеккендерге жедел көмек көрсету үшін 1 миллион доллар қаржы бөлуді тапсырған еді. Жалпы, қазіргі уақытқа дейін қазақстандықтар Түркия тұрғындарына көмек ретінде 2 миллион 849 мың 836 доллар жинады. Барлық қаражат AFAD ресми шотына аударылды.