Дәрі-дәрмек өндірісінің дәрмені
Дәрі-дәрмек өндірісінің дәрмені
© коллаж: Елдар Қаба
986
оқылды
Жыл аяқталғанда жасалған қорытынды нәтижеге сүйенсек, елі­мізде фармацевтикалық өнім өндіру көлемі айтарлықтай тө­мендеп кеткен. Онсыз да көптеген дәрі-дәрмекті шетелден им­порт­тап отырмыз, өйткені ішкі нарықтағы фармацевтика өндірісінің үлес сал­мағы көп емес. Алайда мамандар бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келе жатқанын көңілге медеу тұтады. Фарминудстрияда даму бар Бірыңғай дистрибьютор «СҚ Фар­ма­ция­ның» мәлімдеуінше, Қазақстанның фар­миндустриясы даму қарқыны статис­ти­каға сәйкес, соңғы 10 жылда орташа алғанда жы­лына 12 пайызға артып отырған. Фар­ма­цев­тика өндірісінің өсуі кейінгі 20 жыл ішін­де ілгерілеп келген. Оған бірқатар фак­тор әсер еткені белгілі. Бұл – ішкі на­рық­тағы сұраныстың жоғары болуы, ірі же­лісі бар шетелдік инвестордың келуі, өн­дірістің жаңа стандартқа көшуі, мем­ле­кеттік дәрі-дәрмекке қатысты келі­сім­шарт­тар­дың ұзақ мерзімге жасалуы. Сонымен қа­тар пандемия кезінде көптеген пре­па­рат­ты алыстан тасымалдамай, жергілікті жерде өн­дірудің маңызды екені баршаға түсінікті еді. Ал отандық фармацевтика өнеркәсібіне ба­рынша назар аударылғандықтан, осы на­рықтың даму қарқыны еселеп арттты. Өйт­кені ол ұлттық дәрі-дәрмек қауіпсіздігінің ке­пілд­ігі болатын. Алайда өндірістің даму қарқыны көп­те­ген жыл оң нәтижелі болғанымен, фарма­цев­тика өнеркәсібінің үлесі еліміздің ЖІӨ-сін­де әлі күнге дейін төмен күйде қалып отыр. Өндіріс көлемі неге азайды? Ұлттық статистика бюросының соңғы де­ректері бойынша, 2022 жылғы қаңтар-қа­раша аралығында фармацевтикалық өнім өн­діру көлемі 2021 жылдың осындай ке­зеңі­мен салыстырғанда 85,5 пайызға дейін тө­мендеп кеткен. Ақшамен есептегенде, фар­­­­мацевтикалық өнім көлемі 2022 жылғы қаң­тар-қарашада 145,9 млрд теңге дең­ге­йіне дейін төмендесе, 2021 жылғы ұқсас ке­­зеңде 187,6 млрд теңге шамасында болған. Ал фармацевтика өнеркәсібінің экспорты был­тырғы жылдың 10 айында 1 миллиард 744 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл көр­сеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен са­лыстырғанда 21,5 пайызға аз. Айта ке­тер­лігі, экспорттың негізгі үлесі дәрілік зат­тар­ға тиесілі. Оқырманның ойында «соңғы ондаған жыл­да даму қарқыны үдеп келе жатқан сала қа­лайша кері кетті?» деген сауал туады. Біз де осы мәселені түсіндіріп беруді сұрап ДСМ Медициналық және фармацевтикалық ба­қылау комитетіне жүгінген болатынбыз. Комитеттің мәлімдеуінше, фарма­цев­ти­­­калық өнім өндірісінің төмендеуіне елі­міз­дегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақ­талуы әсер еткен. Коронавирус індеті се­бепші болған эпидемиологиялық жағдай тұ­рақталған соң дәрілік заттар мен ме­ди­ци­налық бұйымдарға халықтың сұранысы да азайған. Осыған байланысты фармавцевтика өнд­ірушілер сұранысқа сәйкес дәрі-дәрмек өн­діру көлемін азайтуға мәжбүр болған. Бұл – бір жағынан қуантатын жағдай. Се­бебі бір­неше жыл індет қаупіне байланысты тұр­ғындар денсаулығына байланысты алаң­даулы болды, коронавирус тез тарап, елі­міздегі медициналық мекемелерге шамадан тыс жүктеме түспес үшін мемлекет түрлі шек­теуге барып, ол экономикалық кідіріс­тер­ге себепші болған еді. Екінші алаңдайтын тұс – бұл осы нарықтың қарқыны бәсең­де­генде экономикаға азды-көпті әсер етіп, осы салада еңбек ететін мыңдаған еңбек­ші­нің табысының төмендеп кетуі ықтимал­дығы. Мекеменің түсіндіруінше, жағдайды оңал­ту және фармацевтика өнімдерін өн­діруде қазақстандық үлесті арттыру үшін мем­лекет тарапынан бірқатар шара қабыл­дан­ған. Осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру жә­не бизнес ахуалды жақсарту мақсатында отан­дық тауар өндірушілер үшін мемлекеттік қолдауға қатысты үш шара қолға алынған. Біріншісі – «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 1-бабының 41-тармағына сәйкес он жылға дейінгі мерзімге дәрілік заттар мен меди­ци­налық бұйымдарды жеткізудің ұзақмерзімді шарттары жасалуы тиіс. Осы тұста ұзақмерзімді шарттар жасауға жауап­ты «СҚ Фармация» мәлімдеуінше, 2009-2022 жылдар аралығында жүргізілген дәрі-дәрмек сатып алуда қазақстандық дәрі-дәрмектер үлесі ұдайы өсіп келеді. Тап­сырыс саны да азаймаған. Бірыңғай дист­рибьютордың мәліметіне сенсек, 2010 жылы отандық өндірушілердің ақшалай мән­дегі үлесі 15 пайыз (4,8 млрд теңге со­масында) болса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ақшалай мәндегі сатып алу үлесі 2,2 есе өсіп, 33 пайызға жеткен. Әрі 2025 жыл­ға дейін аталмыш үлес көрсеткіші 50 пайыз­ға жеткізілмек. Былтырғы тізбе бойын­ша ұзақмерзімді шарттар шеңберінде жал­пы сомасы 99 млрд теңгеге 848 түрлі дәрі-дәрмек және медицина бұйымы жет­кі­зілген. Яғни, алдыңғы жылмен салыстыр­ған­да 9 млрд теңгеге артқанын байқаймыз. Бірыңғай дистрибьютордың тізбесі бойынша отандық тауар өндірушілерден сатып алу арқылы 2019 жылы жалпы сомасы 47,8 млрд теңгеге 515 дәрі-дәрмек және ме­дицина бұйымы жеткізілсе, ол көрсеткіш 2020 жылы – 68,2 млрд теңге, 2021 жылы 90,3 млрд теңге болған. Бүгінде 36 отандық тауар өндірушімен 4 669 түрлі дәрі-дәрмек жә­не медицина бұйымын (760 ДЗ және 3 909 МБ) жеткізу жөнінде жа­салған 100 ұзақ­мерзімді шарт қолданыста. Оның ішін­де 46 ұзақмерзімді шарт дәрі-дәрмекке, 54-і дә­рі-медицина бұйым жет­кізуге қатыс­ты. «СҚ Фармация» мәлімдеуінше, дәрі-дәр­мектерді сатып алуда отандық өндіру­ші­нің тендерге қатысуы кезінде оларға тен­дер­лік рәсімдерде артықшылықтар бе­рі­леді. Медициналық және фармацевтикалық ба­қылау комитетінің мәліметінше, мем­ле­кет­тік қолдауға қатысты екінші шара – Ден­саулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 21 қыркүйектегі №828 «Инновациялық дә­рілік заттар мен медициналық бұйым­дарды әзірлеу бойынша медициналық-фар­мацевтикалық кластерлерді қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру туралы» бұйрығымен Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларында 3 кластерлік аймақ бекітілді. Оның қызметінің мақсаты – заңды тұлға­лардың, мемлекеттік кәсіпорындардың, ғы­лыми, ғылыми-техникалық және ин­но­вациялық қызметті жүзеге асыратын оқу орын­дарының бірлескен жұмысын ұйым­дастыру. Сонымен қатар отандық меди­ци­налық және фармацевтикалық өнеркәсіпті да­мытуға бағытталған денсаулық сақтаудың ме­дициналық және фармацевтикалық сала­ларында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу көз­деліп отыр. Комитетттің мәлімдеуінше, осы ба­ғыттағы жұмыс жалғаса бермек. Үшіншіден, Денсаулық сақтау минис­трінің 2019 жылғы 7 маусымдағы №ҚР ДСМ-92 «Про­тез­дік-ортопедиялық бұйым­дар мен сур­до­тифлотехниканы қоса ал­ғанда, кез келген ны­сандағы дәрілік зат­тардың, оның ішінде фармацевтикалық суб­стансалардың (бел­сенді фармацев­тикалық субстансалардың), медициналық бұйымдардың, сондай-ақ оларды өндіруге арналған материалдар мен жинақтаушы­лардың, кез келген нысандағы дәрілік зат­тарды өндіруге арналған мате­риалдар, жаб­дықтар мен жинақтау­шы­лар­дың, про­тездік-ортопедиялық бұйым­дар­­ды қоса алғанда, медициналық бұйымдардың тіз­бесін бекіту туралы мүгедектігі бар адам­дар­ға берілетін бұйымдар, сурдо­ти­ф­ло­тех­ника, арнайы жүріп-тұру құралдары, өткізу жә­не импорт бойынша айналымдар қосыл­ған құн салығынан босатылады» деген бұй­рығына сәйкес айналымдары қосылған құн салы­ғынан босатылған дәрілік заттар мен ме­­ди­ци­налық бұйымдардың, сондай-ақ олар­­ды дайындауға арналған субстансалар мен жиын­тықтаушылардың тізбесі бекітіл­ген. Ведомствоның ұсынған дерегіне сәйкес, бүгінде елімізде 97 фармацевтикалық өн­діру­ші жұмыс істейді. Оның 34-і дәрілік зат­тарды өндіруге маманданған, 63-і меди­циналық мақсаттағы бұйымдарды өндіреді. Елімізде 1 046 атаулы дәрі-дәрмек және 1 320 медициналық бұйым түрі жасалады. Бірыңғай дистрибьютордың мәлім­деуінше, елімізде фармакологиялық топтар бойынша келесі дәрі-дәрмектердің өндірісі жолға қойылған. Олар – қатерлі ісікке қар­сы дәрі-дәрмектер және иммуномодуля­тор­лар, қышымаға қарсы дәрі-дәрмектер, жү­рек-тамыр жүйесін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер, антигистаминдер, жүйке жүйе­сінің ауруларын емдейтін дәрі-дәрмектер, вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер, стероидты емес қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер, муко­литикалық дәрі-дәрмектер, антикоагулянт дәрілер, плазманы алмастыратын және пер­фузия ерітінділер, аралас гипертензияға қарсы дәрілер, бактерияға қарсы дәрілер, антипсихотикалық, диуретикалық, реком­бинантты антигемофильді фактор, анемияға қарсы, эритропоэтика дәрілер, стероидты емес қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы не дейді? Дәрі-дәрмек өндірісінің азаюына не се­беп болды? Елімізде фармацевтикалық өнім өндіру көлемінің айтарлықтай тө­мен­деуінің қандай салдары бар? Өсу динам­и­ка­сы баяуласа қандай жағдай қалыптасады? Осы сұрақтарымызға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жауап берді. Палатаның мәліметінше, Қазақстанда 2021 жылдың жазында өршіген COVID-19 пан­демиясының алғашқы толқыны дәрі-дәрмектерге сұраныстың артуы нәтижесінде отандық фармацевтика нарығының дамуына, өсуіне әсер етті. Коронавирус инфекциясының таралуынан нарықта COVID-19-ды емдеуге арналған көптеген жаңа препарат пайда болды. Вирусқа қарсы вак­цина өндірісі де ашылды. Мұның бәрі 2021 жылы отандық фармацевтика өнер­кә­сібінің күрт өсуіне себеп болды. «2022 жылы елде фармацевтикалық өнім­дер өндірісі коронавирус инфекция­сы­мен ауырғандардың азаюына және Ресей мен Украина арасындағы геосаяси жағдайға бай­ланысты қысқарды. ТМККК/МӘМС шеңберінде де, коммерциялық сегментте де дәрілік заттарға бағаны қатаң реттеудің болуы отандық фармацевтикалық өндірістің дамуын баяулатып отыр. Сондай-ақ дәрілік зат­тарды нарыққа шығару рәсімі ұзақ әрі күрделі екенін ескере келе, нарыққа шығу шамамен 5 жылға созылуы мүмкін», – дейді ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хат­шысы Назерке Бастами. Оның айтуынша, отандық фармацев­тикалық өнім өндірісінің төмендеуі, әсіресе тағы пандемия болса, үлкен қиыншылық ту­дырады. «Есімізде болса, пандемия кезінде көп­­теген елмен әуеқатынасы тоқтап қал­ған­дық­тан, дайын дәрілік заттар мен ме­ди­ци­налық бұйымдарды жеткізу мүм­кін­дігі бол­май қалған кездер болды. Хаб­тар мен логис­тикалық компаниялар да жұ­мы­сын тоқ­татты. Қиыншылық туған кезде әр мем­лекет өзі үшін жауап береді. Қазақстан им­портқа тәуелді мемлекет бол­ғандықтан, біз өз өндірісімізді дамы­туы­мыз керек. Панде­мия дәрілік заттар мен медициналық бұйым­дардың отандық өндірісін дамыту ке­рек екенін көрсетті. Дағдарыс туында­ған жағ­дайда халықты тиісті дәрі-дәр­мекпен уа­қытылы қамта­ма­сыз ету ұлттық қауіп­сіз­діктің бір бөлігі», – деді Назерке Бастами. Ол осы тұста Мемлекет басшысының Жолдауында 2025 жылы отандық өндірістегі дәрі­лік заттар мен медициналық бұйым­дар­дың үлесін 17-ден 50 пайызға дейін ұлғай­ту­ды тапсырғанын еске салды. Бұл орайда «дәрі-дәрмек импорты қай дең­гейде?» деген сұрақ туындайды. Өйткені елімізге көптеген препарат шетелдерден та­­­­сымалданады. Ұлттық статистика бюро­сы­ның деректері бойынша 2022 жылғы қаң­тар-қараша айларына шығарған соңғы ақ­паратына сәйкес еліміздің фармацев­ти­ка­л­ық өнім импорты шамамен 2 млрд АҚШ дол­ларын, ал экспорт бар-жоғы 40,2 млн АҚШ долларын құрады. Фармацевтикалық өнімдер елімізге кө­біне ТМД, Германия, Италия елдерінен им­портталады. Осы елдерден құрамында гор­мондар немесе стероидтары бар дәрі-дәр­мектер, иммунологиялық өнімдер, вак­циналар, антибиотиктер жеткізіледі. Ал елі­мізде өндірілген препараттар мен меди­ци­на бұйымдары ТМД елдеріне көп экс­порт­талады. Мамандардың пікірінше, отандық фар­мацевтика саласы Орталық Азия айма­ғында ал­дыңғы қатарда. Отандық өндірушілер ЕАЭО ортақ нарығы аясында Ресей және Бе­ларусь өндірушілерімен де бәсекеге қау­қар­лы. Сондықтан пандамия соңындағы ір­кі­­ліс отандық фарминдустрия қарқынын бә­­сеңдетпейді деген үміттеміз.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ