Әскер беделі – әлеуметтің айнасы
Әскер беделі – әлеуметтің айнасы
© фото: Радмир Фахрутдинов
1,132
оқылды
Айналдырған алты айдың өзінде ғана елдегі Қорғаныс, Шекара қызметі мен Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздардың әлеуметтік-психологиялық жағдайы жиі сөз болды. Әсіресе, әскердегі әлімжеттік пен сарбаздар арасындағы суицид оқиғалары да естіген жұрттың жағасын ұстатып, қоғамның теріс пікірін туғызғуға себеп болып отыр. Сол себепті әскердегі тәртіпті сырттай сөз ететін сарапшылардың емес, Отан алдында міндетін өтеп жатқан сарбаздармен тікелей жұмыс істеп жүрген салаға жауапты мамандарды дөңгелек үстел басына шақырып, ой-пікірімен бөлісуді жөн көрдік. Өйткені халық тарапынан айтылып жүрген талай сұрақтың жауабын әскерилердің өз аузынан естіп, мәселенің мәнісін білгіміз келді. Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық, идеологиялық жұмыс басқармасының мамандары, әлеуметтанушы мен психолог, жеке құраммен жұмыс істеген әскери қызметкермен бірге әскердегі тәртіп пен әлімжеттіктің түп-төркініне үңіліп көрген едік. AIQYN: – Дөңгелек үс­телімізге қош кел­діңіздер! Әңгі­мемізді әскерилердің әлеуметтік-материалдық және әлеу­меттік-пси­хологиялық ахуалынан бастасақ...

Мемлекет әр сарбаз үшін ақша төлеп отыр

Әлішер ӘБДІРӘСІЛ, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқық- тық жұмыстар басқармасының қызмет бастығы: – Қазір бір жылдық әскери мін­детін орындауға келген әрбір сарбаз 3 300 теңге айлық алады. Үш мезгіл тамағы тегін. Тамақтың бір тәулік­тегі нормасы – 2 250 теңге. Қара­уылға түссе, қосымша тамақ бері­леді. Мереке күндері де қосымша тәттілер бар. Екі түрлі формасы, қыстық және жаздық аяқкиімі, қарауылға түскенде киетін пимасы тегін. Соның ішінде далалық киім жылына екі рет беріледі. Қоғамдық қауіпсіздікті күзететін сарбаздар негізгі формадан басқа бір аяқкиім, келте тон да алады. Одан бөлек, аптасына бір рет сарбаздар моншаға барады. Барлық төсек-жабдығы уақытында ауыстырылады. Өзіміз де кезінде рота командирі, бірнеше жыл бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары бол­дық. Бұрынғыдай емес, қазіргі сар­баздардың әлеуметтік қамсыз­дан­дырылуы өте жақсы. Неге олай деп отырмын, себебі сарбаздардың бі­рінші кезекте күнделікті тоя тамақ ішуін бағамдаймыз. Қазір асхана үстелінде көбінесе нан қалып кетеді. Бірінші және екінші астан кейін де тамақ артылып қалады. Сондықтан сарбаздың ас-ауқат жағынан хал-жағдайы төмен екен дегенге 100 па­йыз келіспеймін. Сол секілді күн­делікті жуынып-шайынуға ар­налған заттары да беріледі. Сонда сарбаз өзіне тек қана жеке гигие­налық қырыну құралдарын ғана са­тып алады. Ол үшін біз әрбір сар­базға ай сайын 3 300 теңге айлық береміз. Сарбаз әскер сапына алын­ғаннан кейін алғашында оқу пунк­тіне келеді. Сол жерде оларды өңір-өңірге бөліп, ата-аналарын тіркеп, What’App топ ашамыз. Мысалы, мен бірінші оқу взводының ко­мандирімін делік, взводымдағы бір­неше баланың әрқайсысы үшін топқа жауапты боламын. Біз ата-аналардан балаларға ақша жібер­меуін, «егер ақша сұрайтын болса бізге хабарлаңыз» деген өтініш ай­тамыз. Өйткені мемлекет әр сарбаз үшін ақша төлеп отыр. Одан кейін сарбаздар негізгі роталарға түседі. Олар өзінің қызметі бойынша қа­рауылға, патрульдік күзет қызметіне түседі. Иә, сарбаз бұрынғыдай хат жаз­байды. Хаттың орнына демалыс және мереке күндері взвод немесе бөлімше командирлері, сержант­та­рының телефонын алып, ата-ана­сына, бауырларына хабарласа алады.

Он сарбаздың 8-інде кредит бар

Рүстем ИГІСІНОВ, Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департамен- тінің аға офицері, майор: – Полковник мырза негізгі қам­тамасыз етілуді айтып кетті. Біздің жарғымыз бен ережелеріміз ортақ. Сарбаздарымыз да бір жерден, яғни Қорғаныс министрлігінің өңірлік департаменттері арқылы ша­қыр­тылады. Бізде де сарбаздардың ата-анасымен тілдесуге арналған ко­мандирлердің What’App топтары құрылады. Әрбір рота командирі ро­тасындағы сарбаздардың ата-ана­ларымен ұдайы байланыста болады. Себебі әр сарбаздың шық­қан жері тәрбиесі, білім деңгейі, жасы әртүр­лі. Сондықтан олардың әрқайсы­сына жеке көзқарас қажет. Қажет жағдайларда «Балаңызда мынандай қылықтар байқалады» деп ата-анасына ескерту жасай алады. Сосын былтырдан бері Қор­ға­ныс министрлігінің бастамасымен «Отбасымен бейнеқоңырау» жо­басы басталды. Қазір барлық әскери бөлімшеде аптасына екі рет сар­баздар өздерінің кестесіне сәйкес, интернет арқылы бейнебайланысқа шығып тұрады. Бұл үшін арнайы дайындалған бөлмелер бар. Жігіт болған соң кейде сарбаздардың өздері «қайта-қайта сөйлесе бергіміз келмейді» деп ұялып, байланысқа шыққысы келмейді. Бірақ ата-ана­ның көңілі алаңдамау үшін ба­ла­ларын мейлінше жиірек байланысқа шығарудың жолын қарастырамыз. Дегенмен біз ата-аналарға бала­ларымен тілдескен кезде отбасын­дағы мәселелерді, кейбір жағымсыз жаңалықтарды айтпауын өтінеміз. Өйткені саптағы сарбаздың көңілі әр нәрсеге алаңдамауы тиіс. Кейде үйдегі ұсақ-түйек мәселенің өзі үйден жырақта, әскери тәртіпте жүрген баланың басына әртүрлі ойларды тудыруы ғажап емес. Сондай-ақ «Кредиттік демалыс» деген жобаны қолға алып жатырмыз. Оның мақсаты – мерзімді әскери қызметке алынған сарбаздың қар­жы ұйымдарының алдындағы бе­решегін 12 ай бойы уақытша тоқтату. Қазірдің өзінде қаржы басқарма­лары және екінші деңгейлі банк­термен келіссөздер жүргізіліп жа­тыр. Себебі қазір келіп жатқан 10 сар­баздың 8-де кредит бар. Бала­ларының басындағы қарызды ата-аналардың жартысы біледі, жар­тысы хабарсыз. Сарбаздардың көбі банктерден бөлек, пайызы жоғары және кредит алуға тез арада рұқсат беретін «Жылдам ақша», «Ақшамат» секілді микроқаржы ұйымдарының қызметтерін пайдаланған. Біз де өз тарапымыздан сарбаздарға қарызды жасырмау керек екенін айтып тү­сіндіреміз. Есепшоттарын бұғаттал­ған соң сарбаздар ай сайынғы тө­ленетін айлықтарын ала алмай жатады. Тағы бір жаңалық, Ғылым және жоғары білім министрлігімен мемо­рандумға қол қойылды. Ол бойынша Қорғаныс, Шекара қызметі мен Ұлт­тық ұланда мерзімді әскери қыз­метін өтеген сарбаздар 41 ЖОО-на тегін оқуға мүмкіндік алады. Яғни, әрбір университеттің белгіленген квотасы болады. Әуелі комиссия отырысында әр сарбаздың жетіс­тіктері ескеріледі. Ол тек ғана бака­лавр ғана емес, ал жоғары білімі бар сарбаздың да осы жоба арқылы ма­­гистратураға түсуін де қарас­тыр­­дық. Яғни, барынша сарбаздарды әлеуметтік-психологиялық жа­ғы­нан қолдау бойынша жұмыс істелуде.

Әскер – қоғамның кішігірім моделі

Рамазан САТТАРҰЛЫ, әлеуметтанушы: – Қоғамдағы әскери өмірге де­ген жұрттың көрқарасына байла­нысты жүргізілген соңғы зерттеу­лерінің басым көпшілігі сіздер сипаттағандай әскери саланы әдемі етіп бейнелемейді. Бүгінгі әскердің сипаты жігіттері құлшынып бара­тындай деңгейде емес. Жастардың тең жартысы әскери борышын өте­меудің жолын қарастырғысы келіп тұрады. Бүгінгі билік те максималды түрде қоғамдық пікірдің жетегінде келе жатыр. Бұрынғы екі жылдықты мерзімді бір жылдыққа ауыстырдық, 24-25 жасқа толсаң, әскерге бармай 40 күннің ішінде тиісті соманы төлеп, заңды түрде әскерге мүлдем бармауға болады. Жастар арасында Отан алдындағы міндетін өтеуге деген құлшыныс жоқ. Анда-санда астыртын саяси технологтардың қақпанына түсіп қаламыз ба, ел арасында да әскердегі селт еткізер оқиғалар жиі жарияланып тұрады. Бұл қарапайым халықтың түсіні­гіндегі әскерді басқалай елестетуге сеп болып отыр. Әскер – қоғамның қоғамның кішігірім моделі. Экономикамыз бен саясатымыз оңып тұр, әскеріміз ғана оңбай қалыпты деп тағы айта алмаймыз. Себебі әскерге баратын сіз бен біздің баламыз. Әскерге барған балаң әлжуаз болса, қоғам да әлжуаз деген сөз. Қазір әскердегі баласымен байланыса алмай қалса, үйдегі ата-ана күйзеліске түседі. Біздің кезде екі жыл бойы шешем­мен телефонмен тілдеспедік. Айлап, жылдап хат-хабар алатынбыз. Әлі есімде, Семейдегі шалғай ауылдан Грузияға 5-6 рет телеграмма келген. Сөйлесу уақытын 4 сағат күтесің. Сөйтіп, бір рет те шешеммен теле­фонмен сөйлесіп көрмеген екем. Екі жылда күйзеліске түспей-ақ, түк болмай келдік. Сондықтан әскердегі ахуалдың бір ұшын қоғамның әл­жуаздығынан іздеу керек. Қазіргі ата-ана психологиялық тұрғыда күйзеліске төтеп бере алмайды. Әс­керге барған бала «Кез келген уақытта Отан үшін құрбандыққа дайынмын» деп барады. Біз осыны қаперден шығарып алдық. Біздің 30 жылдағы көп кемшіліктің бірі – әскердегі идеологияның дұрыс жүр­гізілмеуі. Кеңес әскерінің идео­ло­гиясы мықты жүрді. Одақ құра­мындағы ұлттардың барлығын Ке­ңес Одағына аянбай қызмет еткізу басты идеология еді, соның басты құралы әскер болды. Ауылдан не қаладан, білімің бар ма, жоқ па, тіл білесің бе, білмейсің бе, 2 жылдан кейін орысша сайратып, кеңестің саясатын миына құйдырып, барлы­ғын ағайын-туыс қылып жіберетін. Оған қоса, мамандығы бар. Осы модельді 30 жыл өтсе де біздің қазақ әскері қолдана алмай келеді. Біздің миымызға сол кездің саясатын құ­лаққа құйып, санамызға сіңіріп тас­тағаны сонша, 6 жылда 6 рет Ауғанға барамын деп өтініш бергем. тәрбие

Осы қалпындағы қазақ әскері қажет пе?

AIQYN: – Әскердегі әлімжеттікті алып қарасақ, кеңестік кезеңде сарбаз­дардың жас айырмашылығы, бір­жылдық тәжірибе де үлкен рөл ой­нады. Ал қазіргі жағдайда барлығы бір жылда келеді. Жеке құраммен жұмыс істеген адам ретінде айты­ңызшы, әскерде әлімжеттік бар ма? Әмірхан ЕРКЕБҰЛАН, запастағы старшина: – Әскерге келген әр сарбаздың мінез-құлқы, тәрбиесі, танымы әр­түрлі. Біреуі – атасының, біреуі – әжесінің, бірі – ата-анасының ерке баласы. Бізге келген күннен бастап олар ішкі тәртіпке үйренеді. Қазір казарманың өзінде дәретханаға дейін бейнекамера орнатылған. Кез келген уақытта тексеріс келеді. Әр сарбаздың өзінде қарапайым теле­фон бар. Демалыс күні ата-анала­рымен хабар алмасуына болады. Оларға сөйлесу үшін бір сағат уақыт беріледі. Телефонды жинап алған соң әке-шешесімен сөйлескенін білу үшін телефонды тексереміз. Кейбіреуі белгіленген уақытта ата-анасына емес, қызына немесе до­сына хабарласады. Сосын ата-ана­сы хабарсыз кеткен баласы үшін алаңдап жатады. Оны ауылында бай­ланыс жоқтығымен түсіндіреді. Сосын біз олардың уақытына ың­ғайлап, ата-анасы хабарласатындай қосымша мүмкіндіктерді қарасты­рамыз. Ал қоғамда айтып жүргендей, әскердегі әлімжеттік, қол көтеру деген қорғаныс саласындағы әскери қызметкерлер арасында жоқ. – Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев бір сұхбатында «Әскердегі әлімжеттіктің 90 пайызын келісім­шартпен әскери қызметке алын­ғандар жасайды» деген. Бұл пікір қаншалықты рас? – Ондай қызметте қазір ме­ха­ник-жүргізушілер ғана отыр. Олар әрқа­шан паркте техникамен жұмыс іс­тей­ді. Ал сарбаздармен тек сер­жант­тар мен офицерлер ғана жұмыс жүргізеді. Әрбір бөлімшенің жеке-жеке ко­мандирі бар. Әрбір сержант өз бөлім­шесіндегі тәртіпті қадағалап отырады. Біреудің көңіл күйі бол­май жатқанын байқаса да жеке шы­ғарып сөйлесіп, не үшін жабыр­қап жүрге­нін, қандай мәселені шеше ал­май жүр­генін сұрап-білеміз. Қазір жуына­тын бөлмеге дейін коман­дирлер сар­баздарды сырттай бақы­лап тұрады. Рамазан САТТАРҰЛЫ: – Меніңше, әскерге шақырту кел­ген күннен бастап баладан бұ­рын ата-ананың өзі өз-өзімен жұ­мыс жүргізу керек. Содан кейін ба­рып баласына оның жауапты қыз­метке бара жатқанын, Отан ал­дындағы абыройлы міндетін атқару­дың абыройлы қызмет екенін құ­лағына құйып жіберу қажет. Кейде әскердегі әлімжеттікті улатып-шулатып, көрсете берудің өзі қаншалықты керек? Қылмыс болды делік, ақпарат бермес бұрын әуелі ашық зерттеңіз, талдаңыз, шын кінәлілерді табуға тырысыңыз, осындай оғаш оқиға қайталанбауы үшін басқа әскери бөлімшелерге таратыңыздар. Салдармен емес, себеппен күресуді үйренген жөн секілді. Бірақ «Ауруын жасырған өледі» деп тағы ойлайсың. Әскердегі әдеттен тыс оқиғалар кейде осы қалпындағы қазақ әскері қажет пе деген ойды тудырып жатыр. Осы жерде әскерилердің пси­хологиясымен жұмыс істеп жүрген ма­манды сөзге тартсақ. Әскери ко­миссияның алдынан жарамды бол­ған жігіттердің жыл өтпей есінен танып, денсаулығы сыр беруінің себебі неде? Айгүл ҚАРАМАНОВА, психолог: – Біріншіден, әскери бөлім­ше­лердегі әскерлердің психология­сымен жұмыс істейтін мамандардың көптеген кемшілігі бар. Мысалы, психиатр мен психологтардың ал­дынан өткен сарбаздың суицидке баруы әскердегі әлімжеттіктен бол­ды дегенге сене алмаймын. Себебі бұл – психологиялық ауытқулардың бір түрі. Бұл әскерге қабылдағанда дұрыс іріктеу жүргізбеген комис­сияның шалағайлығы. Әскерге баратын баланы психиатр тұқы­мында психологиялық ауытқу­шы­лық бар ма, туған-туыстары, жа­қындарының арасында суицид жа­саған жағдай бол­ған-болмағанын зерттеу керек. Егер сарбаз меди­ци­налық тексеруден өте­тін кезде әке-шешесі де психо­логиялық ауытқу бойынша есепте тұрса, оны алмау керек. Ол тұқым қуалайды. Екін­шіден, қазір шизо­френия барлық адамда бар. Күйзе­ліске түсіп кетсе, кез келген жағ­дайда өз-өзіне қол салуы мүмкін. Сон­дықтан мектеп­тен бастап пси­хо­логия дамып келіп жатқан кезде «Патриоттық тәрбие» деген сабақты өткізу қажет. Әке-шешесі де «сен отан үшін жа­рал­ғансың» дегенді құлақтарына құй­дырып өсірсе дей­мін. Үшіншіден, әскери психо­логтардың білімін же­тілдіру керек.

Уақыт өткен сайын әдіс-тәсіл өзгереді

Рүстем ИГІСІНОВ: – Қазір біздің әр бригада, әр полктің өз психологтары бар. Оның ішінде әрбір батальондарына дейін жеке әскери психологтар жұмыс істейді. Қорғаныс министрлігінің Құр­лық әскерлері әскери институ­тының тәрбие және идеологиялық жұмыстар факультетінің ішінде «Психология» кафедрасын 4 жыл оқыған әскери психолог маман­дарымыз тағы бар. Психологтары­мыз Ресейдің әскери университет­терінде дайындалады. Азаматтық оқу орындарының әскери кафе­драларында «психология педаго­гика» мамандығын бітірген маман­дар әскерге шақырылады. Олардың өзінің министрлік бекіткен заңы бар. Соның ішінде өзінің белгілі бір тестілеулері бар. Олар әскерге ша­қырылған кезден бастап, әскерден кеткенге дейін ұдайы психоло­гия­лық зерделеуден өтіп отырады. «Аңсұңқар» деген бағдарлама арқылы сарбаз әскерге шақыртыл­ғанға дейін іріктеуден өтуі тиіс. Онымен қоса, моральдық-психо­логиялық бейімділігін тексереміз. Әр сарбаздың социометриясын, психологиялық портреттері жаса­лады. Психологиялық портретін жасау арқылы динамикалық бақы­лау топтарына кіргізіледі. Психоло­гиялық тұрғыда тестілеуден төмен көрсеткіш жинаған, тәртіптік жа­ғынан теріс қылықтарымен көрініп қалған әскери қызметшілер осы топқа түсіп, оларға деген бақылау басқалардан қарағанда жоғары бо­лады. Өйткені олар ұдайы бақы­лауды қажет етеді. AIQYN: Ол топты психолог шартты түрде құрып ала ма? Рүстем ИГІСІНОВ: – Иә, бірақ ол туралы ешкім білмейді. Психолог командирлеріне ескерту беріп қояды. Бірақ бұл бір орнында тұрып қалған дүние емес. Уақыт өткен сайын жаңа әдіс-тә­сілдермен жұмыс істейді. Тағы бір тәжірибе, азаматтық психологтарды тарту. Яғни, сарбаз өзінің психоло­гына үйреніп қалмау үшін әскери бөлімшеге сырттан маман шақы­рып, психологиялық тренингтер өткізеді. Бұл сарбаздың ашылуына және жаңа қырларын көрсетуіне көмектеседі. Әлішер ӘБДІРӘСІЛ: – Психологиялық жұмыс Қорғаныс министрлігі департамент­терінен басталады. Сол жерден сар­баздарды зерделейді, зерттейді. Алғашқы тексерістің өзінен әскерге өтпей қалатын балалар болады. Психологиялық тесттен, тексеруден өте алмай сүрінетін жігіттер бар. Одан кейін біздің оқу пунктінде балалармен тағы бір психологиялық жұмыс жүргізіледі. Бұл жерде де неше түрлі әдіс-тәсілдер бар. Мы­салы, бізде күнделікті қарумен қыз­метке түсетін қызметтер бар. Олар­дың әрқайсысына жеке-жеке пси­хологиялық тестілердің әдіс-тәсіл­дері бар. Жүргізушілердің тесті де бөлек жасалады. Қарауылға түсердің алдында тағы да психолог жұмыс істейді. Бізде де сарбаздың социоме­триясы жасалады. Ол жерде әрқай­сысының ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Социометрия арқылы пси­холог өзіне қажетті дүниелерді зерт­теп-зерделейді. Ол әскерде жы­лына екі рет жасалады. Одан кейін анонимді анкета алынып, ай сайын психологиялық диагностика жаса­тамыз. Айталық, қарумен қызмет жасайтын сарбазды 3 сағат бойы жалғыз өзін қалдыруға болмайтыны ескертіледі. Психология әскерге кейіннен енді. Мысалы, бізге 2005 жылдан келе бастады. Оған дейін психиатр деген мамандар болатын. Олардың жұмысына көңіліміз толады. Дәл қазірдің өзінде жетістіктер бар. Біздің сарбаздың жан сырын білу үшін өз менталитетімізге келетін са­уал керек. Бұл бағытта әскери пси­хологтардың атқарып отырған жұмысы ауқымды. Алдағы уақытта осы саладағы ғылыми-зерттеу инс­титуттары біздің психологтармен бірлесіп жұмыс істесе екен деймін. Рамазан САТТАРҰЛЫ: – Әскерсіз мемлекет жоқ. Ке­ңестің әскері ақшамен қарық қыл­маса да қолына күрек ұстатып, мамандық игеруге көмектесті. Кредит алып әскерге кету деген сұмдықты бірінші рет естіп тұр­мын. Мүмкін біздің жігіттер әс­кер­ден келгенде кредитін өтей алатындай бір мамандықты қоса алып шықса деймін. Біз қазір көп мамандықты жоғары оқу орын­да­рына аударып тастадық. Негізінде, қазір универ­ситетте оқытылып жатқан кейбір мамандық түрлері колледж деңге­йінде тоқтау керек. Сарбаздан кел­ген бала алғашқы кәсіби маман­дықты колледжде де алуға болады.

Әскердің өзі кішігірім мектеп

Рүстем ИГІСІНОВ: – Бұл бағдарламаны толықты­рып кетейін. Бір жылда 37 мың сар­баз ша­қырылса, соның барлығы универ­ситетке түсіп кетеді деген сөз емес. Оның 20 пайызында онсыз да жоғары білім бар. Көбісі колледж бітіріп ке­леді. Алғашқы кезеңде 3000-4000 сар­баздың әрқайсысына мінездеме беріледі. Әскерде олар­дың оқу бағ­дар­ламасы бар. Әр сабақ бойынша білім деңгейі бағалану керек. Әс­кердің өзі кішігірім мек­теп. Сондық­тан бұл сарбаз ертеңгі күні Отаны­мызға жақсы жағынан пайдасын ти­гізе алатынына көз жеткізгенде ға­на білімін жалғасты­руға жолдама алады. Әмірхан ЕРКЕБҰЛАН: – Әскерге алғаш келгенде ба­лалар қазақ әскерін шетел кино­сын­дағы әскермен салыстырады. Мы­са­лы, арнайы жасақ жауынгер­лері ту­ралы әлеуметтік желі арқылы кө­ріп алып, сондай болуға еліктейді. Бі­рақ іс жүзінде оларға алғаш кел­ген­де әскерде сабақ оқиды. Сол кез­де «9 жыл сабақ оқып келдім, тағы сабақ оқимын ба?» дейтіндері бар. Ондай балаларды өз мақса­тынан айнып қалмау үшін көбірек спортқа бау­ли­мыз. Әскерге келгенін сезіну керек. Рамазан САТТАРҰЛЫ: – Әскери саладағы келеңсіз­дік – қоғамның бір ауруы. Өкініш­ке қарай, қазір ұлмен отырып ай­татын ортақ әңгіме жоқ. Ақыл ай­тайын де­сең, өзіңнің білімің аз. Элитамыз қарапайым халықтың мұқтаждығын түсінбейді. Қоғам­­дағы әділетсіз­дік­тің салдарынан адамдар бір-бірінен дараланып, тағы да сол жалпы қо­ғамның осын­дай келеңсіздіктері сарбазбен бірге әскерге де келеді. Әскердің мәсе­лесін қоғамнан ажы­рата алмаймыз. Бұдан бөлек, әскер беделінің түсуіне БАҚ өкілдерінің хайп ақпарат қуып, әр нәрсенің байыбына бармай ­бас-көзге салмай кез келген дүние­ні дабырайтын жариялай беруінде. Рүстем ИГІСІНОВ: – Әскердегі құқықбұзушылық­тың белгілі бір статистика жүріп отырады. Қазір бұрынғымен салыс­тырғанда қылмыстық істердің ста­тистикасы төмендеп келе жатыр. Әкімшілік құқықбұзушылықтардың кейбір кездері өсу динамикасы кез­деседі. Себебі қазір кез келген аза­мат жол-көлік ережесін біліп-біл­мей бұзып қояды. Оның барлығы са­рапталып отырады. Тіпті, азамат­тық емханаға барған әскери қыз­меткердің қандай өтінішпен кел­геніне дейін біліп отырамыз. Бар­лығы зерделенеді. AIQYN: – Әскердегі әрбір келеңсіз оқи­ғаны БАҚ өкілдерінен бұрын күштік құрылымның өздері бірінші болып сараптап, жан-жақты талдап беру керек шығар. Өйткені ақпаратты кім бірінші берді, соның ықпалы күшті. Қоғам оның ақ-қарасын анықтап жатпайды. Қалай берілді, солай қорыта береді. Ендігі жерде осындай жағымсыз теріс ақпараттың алдын алуға бола ма?

Қаталдық пен қатыгездік екі бөлек нәрсе

Рүстем ИГІСІНОВ: – Қорғаныс ісі жөніндегі депар­таменттер іріктеу жасаған кезде ба­ланың физиологиялық ауруына қа­рап алады. Бірақ психологиялық ауыт­қуын 100 пайыз анықтау мүм­кін емес. Өйткені кейбір адамда эндо­гендік типтегі психологиялық ауыт­қушылық тумысынан болады. Ол белгілі бір кезеңде сыртқа шығуы мүм­кін. Ал саладағы заңдарды қа­тай­ту әскердегі құқықбұзушыл­ық­тың түбегейлі жойып жіберуге қау­қары жетпейді. Өйткені әскер де қоғамның бір бөлшегі. Қоғамда бо­лып жатқан келеңсіздіктер әс­керде де кездеседі. Біз сондай жағ­дай­лар­дың орын алмауына жұмыс істейміз. Әлішер ӘБДІРӘСІЛ: – Жастар қазір телефонда оты­рады. Бір үйдің еркесі. Не істеймін, не киемін демейді. Барлығын өзі біледі. Ал әскерге келгенде бір күнде осы еркінің барлығынан айырылып қалады. Әжетханаға да сұранып ба­рады. Командирлерді де ақтамай­мын. Бауыржан атамыз айтқандай, айқайламай болмайды, бірақ ай­қайдың өзін ақылмен есептеп жа­саңыз. Сондықтан қаталдық пен қа­тыгездікті ажыратып алу керек. Қазір сарбаз таңдап келуге коман­дирлер барғысы келмейді. Себебі балалардың ата-анасы алғашқы күннен «Сиком қалай, Биком не іс­теп жатыр? Не жеп жатыр?» деп те­лефондарына тыным бермейді. Әс­кер­де ортақ тәртіпке бағындыра ал­маса, командирдің үстемдігі бол­маса, әскердің қажеті не? Ата-анасы ұлдарын әскерге моральдық, пси­хо­логиялық, физикалық тұрғыда да­йын­дап жіберсе, қазақ әскерінің қуа­ты мығым боларына сенімді­мін. «Бір жыл Отанның адамысың, үйің – казарма, әке-шешең – коман­дир­лерің, бізге ұят келтірме» деп жі­бер­генде ғана мықты сарбаз болады.