Сенаторлар оқушыларға жасалған шабуылдардың жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді
Сенаторлар оқушыларға жасалған шабуылдардың жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді
555
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады. Отырыс барысында Сенат депутаттары «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісім өнімнің ЕАЭО-да және үшінші елдің аумағында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау нәтижелерін өзара тану мәселесін қарастырады. Бұл ретте  құжаттың нормаларына сәйкес, мүше мемлекеттерде және үшінші елде қолданылатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу рәсімдерінің баламалы болуы қамтамасыз етілуге тиіс. Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттаманы (карта 1:200 000) ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл хаттаманы ратификациялау екі ел арасында тату көршілік қатынастарды қолдауға, өзара тиімді экономикалық және өзге де ынтымақтастықты дамытуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әрбір қатысушы мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған келісілген шекара саясатын жүргізуге мүмкіндік береді.
«Тәуелсіздік алғалы бері көршілес әрі бауырлас екі ел арасында тығыз достық қарым-қатынас орнады. Ынтымақтастықты одан әрі нығайту Қазақстан мен Қырғызстан үшін айрықша мәнге ие. Бұл ретте бүгін мақұлданған заңның маңызы зор. Осы орайда бұл хаттама – біздің мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Нұртөре Жүсіп еліміздің оқу орындарында, жалпы әлемде оқушыларға жасалған шабуылдардың жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының жеткіліксіз екеніне назар аударды. Осыған орай депутат бұл проблеманың алдын алу шараларын күшейтуге айрықша көңіл бөлуді ұсынды. Айнұр Арғынбекова еліміздің бірқатар облысында орман саласы бойынша қордаланған проблемаларға назар аударды. Оның айтуынша, орманды зиянкестер мен аурулардан қорғау жөніндегі іс-шараларды жеткіліксіз деңгейде қаржыландыру өңірлердегі экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеп соғады. Амангелді Толамисов елімізде киберқылмыстың, оның ішінде интернет-алаяқтықтың көбейгенін және қазақстандықтардың дербес деректерінің таралуы жиілеп бара жатқанын атап өтті. Нұрлан Бекенов елордада сумен жабдықтаудың баламалы көздерін іздеу қажеттігін тілге тиек етті. Сенатор ол үшін Нұра жерасты сулары кен орнын игеру, оның инженерлік желілерін қайта жаңарту және Бұзылық су қоймасын салу қажет екенін айтты. Руслан Рүстемов артспорт бағдарламасын іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету жолдарын ұсынды. Алтынбек Нухұлы академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын жоғары идеологиялық және ұйымдастырушылық деңгейде атап өту керегін айтты. Сұлтан Дүйсембинов фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қиын жағдай туралы хабарлады. Депутат фитосанитариялық бақылау бекеттерін заманауи зертханалармен жарақтандыру процесін жеделдетуге және инспекторлардың жалақысын көтеру мәселесін қарауға шақырды. Геннадий Шиповских өрт қауіпсіздігін, оның ішінде өртке қарсы қызмет депосының тапшылығын қамтамасыз етуге қатысты өзекті проблеманы көтерді. Сенатор атап өткендей, бүгінде аталған деполарды салуға «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентіндегі кемшіліктер негізгі кедергілердің бірі болып отыр. Андрей Лукин «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының жұмысын сынға алды. Сенатор кәсіпорын тарапынан болатын бұзушылықтарға наразылығын білдірді. Аталған бұзушылықтардың қатарында құрылыс жұмыстарын орындау кезінде нормаларды сақтамау, қаржыны тиімсіз пайдалану және ұрлау, лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін теріс пайдалану және тағы басқа келеңсіздіктер бар. Жанболат Жөргенбаев шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы сын көтермейтінін айтты. Сенатордың сөзіне қарағанда, мұндай ахуал қызметкерлердің моральдық-психологиялық жағдайына әсер етеді. Сенатор қолданыстағы Жол картасын іске асыруды және шекара пункттерін үлгілік үй-жайлармен, газбен және электрмен қамтамасыз ету проблемаларын шешуді ұсынды.