«Осы сен айтшы: креативті индустрия деген не өзі?» Үкімет отырысына қатысуға келген белгілі әкім әріптесіне сұрақты төтесінен қойды. «Нақты білмеймін. Бірақ тойға әнші шақырсаң, креативті қолдағаның!» деп әзілге аударды екінші әкім. Шынында, билік бұл өзекті сауалға нақты жауап іздеу үстінде. Мысалы, Туризм индустриясы комитеті креативті индустрияға шұлық пен колготки өндірісін қосқалы тұр. Креативті индустрияларды дамыту орталығы оған TikTok жобалары мен подкасттарды жатқызды. Ал нағыз креатив Кореяда: бір ғана K-pop топ елге 40 миллиард долларға жуық табыс әкеледі. Қазақтар креативтің көгіне, өрмелеп шығып, күн бола ала ма?
Қазақстанда креативті индустрияны (creative industries немесе CI) дамыту мәселесін бірінші Президент көтерген болатын. 2017 жылғы 31 қаңтардағы Жолдауында үшінші модернизацияны жариялаған ол соның аясында цифрлық технологиялармен ере келген жаңа индустрияларды өркендету міндетін қойды. Табыстың көзін жазбай танитын әкімдіктер өз жанынан тиісті орталықты да тез құра қойды.
Сол тұста креативті индустрияға (КИ) нақты қандай салалар жататыны да нақтыланбаған еді. Соған қарамастан, мысалы, Алматы қаласының әкімі болып тұрған Бақытжан Сағынтаев 2021 жылы мегаполисте, осы салада жалпы сомасы 513 млн теңгеге 9 жоба қаржыландырылғанын, алда креативті кәсіпкерлерді қолдауға тағы 630 млн теңге қаржы бөлу жоспарланғанын айтқан-тын. Бұл ретте 10 бағыт – кино және анимация, әдебиет, сән, жаңа медиа және цифрлық мәдениеттер, театр, опера және балет, киберспорт және геймдеволопмент, сәулет және дизайн, музыка, қазіргі заманғы өнер, ойын-сауық индустриясы басшылыққа алынған.
Үкіметтің дерегінше, Қазақстанда соңғы 10 жылда креативті индустрия саласындағы инвестиция көлемі 4 еседен астам ұлғайды. Онда еліміздің барлық жұмыспен қамтылған халқының 3,5%-ы немесе 310 мың қазақстандық жұмыс істейді. Оның салаларының Қазақстан экономикасына үлесі 2,7%-ды құрайды.
Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, алда жүзеге асырылатын қолдау шаралары арқасында креативті индустриядағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының санын 1,5 есеге өсіру жоспарланған. Нәтижесінде креатор мәртебесі бар нысандар саны 2023 жылғы – 66 мыңнан 2024 жылы – 73 000, ал 2025 жылы – 80 мыңға жетуі тиіс.
«CI» дегенге сый бар ма?
Ел Үкіметі 2021 жылғы 30 қарашадағы №860 қаулысымен Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Дегенмен, онда CI құрамына кіретін салалардың тізімі нақты айқындалмады. Оған қазір ғана қадам жасалып отыр. Тиісінше, мемлекеттік қолдау шаралары да енді нысаналы, адресті болуы мүмкін.
Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті екі маңызды құжатты – Креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесін және Жеке кәсіпкерлік субъектілерін креативті индустриялар субъектілеріне жатқызу өлшемшарт-критерийлерін бекітетін Үкіметтің қос қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Талқы 23 ақпанға дейін жалғасады.
Комитет «Креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлеріне» енгізуді ұсынып отырған салаларды бірнеше топқа жіктеуге болады. Біріншісі – тігін, тоқыма өнімдері: ұйық, шұлық, колготкилерді; гобелендерді; таспа, бау, шашақ, басқа декоративтік бұйымдарды; еден төсеніштерін; қалпақтар мен бас киімдерді, кілемдерді; киіз бұйымдарын; табиғи былғарыдан тігілген киімдерді (тон, ішік), тоқылған, трикотаж киімдерді; аяқ киімдерді және өзгелерін өндіру.
Екіншісі – дәстүрлі және ұлттық қолөнер: ағаш мүсіншелер, мозаикалар, ағаштан инкрустациялар; ағаш сандықша және қораптар, асхана құралдары мен ұқсас бұйымдар; кәрзеңкелер; айналар мен суреттерге арналған ағаш рамалар; шыны мүсіншелер, жылжымалы құрама үйлер (киіз үй); ішекті, үрмелі, соқпалы музыкалық аспаптар; қайыс-ертоқым, қамшы, ат саймандары, қыш бұйымдар; қылыш, семсер, шпага және найза жасау және басқасы.
Үшіншісі – жеңіл өнеркәсіптің өзге салалары: сағаттардың барлық түрлерін; бағалы және бағалы емес металдардан зергерлік бұйымдарды; шамадандар, жүк сөмкелері, әйелдер сөмкесін және басқасын; орындықтар және креслоларды; діни мақсаттағы бұйымдарды; қуыршақтар мен қуыршақ киімдерін, аксессуарларын; адамдардың, жануарлардың ойыншық фигураларын; үстел немесе бөлме ойындарын жасау креативті индустрия аясында қолдау таппақ.
Тізімде баспа ісіне үлкен орын берілген: сөздіктер мен энциклопедиялар, брошюралар, буклеттер және осыларға ұқсас баспа өнімдері, аудио-кітаптар; энциклопедиялар мен ұқсас баспаларды компакт-дискілерде (CD-ROM) шығару; каталогтар, фото, гравюралар, пошта ашықхаттары, бланкілер, плакаттар, көркем репродукциялары, жарнамалық материалдар, өзге баспа өнімдері (соның ішінде онлайн режимінде).
CI тізіміне фильмдер жасаумен және телевизиямен тығыз байланысты қызмет түрлерінің үлкен тобы енгізіліпті: кино, бейнефильмдер және телевизиялық бағдарламалар, телесериалдар, деректі фильмдер, тележарнамалар өндірісі; кино, бейнефильмдерді және теледидар бағдарламаларын аяқтау қызметі, яғни монтаждау, фильмді, пленканы аудару, титрлерді басу, субтитрлер, қатысушылар тізімін жасау, жасырын субтитрлерді жасау, компьютерлік графика, анимация және арнайы эффектілер енгізу, сондай-ақ кинозертханалар мен мультипликациялық фильмдерге арналған арнайы зертханалар қызметі; фильмдер, бейнетаспалар, DVD дискілерді және осыған ұқсас өнімді кинотеатрларда, теледидар желілерінде, сондай-ақ көрмелерде көрсету; радиобағдарламаларын өндіру, студияларда және басқа жерлерде дыбыс жазу қызметі де креативті индустрия деп танылмақ.
Модельерлер, дизайнерлер, графикалық дизайнерлер, интерьер дизайнерлері, фотографтар, патенттеумен айналысатын брокерлер, антиквариат, зергерлік бұйым бағалаушылары, актерларды іріктейтін агенттер мен агенттіктер де CI аясында мемлекеттен қолдау көріп, бюджеттік миллиардтарды игеру аламанында бақ сынай алады.
Карта жасау да креативті қажет етеді
Цифрлық технологиялар секторы шетелдік тәжірибе бойынша креативті индустрияның басты саласы саналады. Бірақ тізімде ол ауқымды орын алмады: кез келген платформаларға арналған компьютерлік ойындар; операциялық жүйелер; бизнес және өзге де қосымшаларды аудару немесе бейімдеуді қоса алғанда дайын бағдарламалық қамтылым кірді.
Инноватор, «Map for everyone» фирмасының басшысы Әділ Мырзатаев нағыз креатив цифрландыру саласында тұнып жатқанына сенімді. Цифрлық технологиялар адам күшін сарқып, жұмысшы шақ келтірмейтін ауыр жұмыстарды автоматтандырады, еңбек өнімділігін арттырады, өндірістік және басқа шығыстарды азайтуға мүмкіндік береді. Елдің жаңа заманға – цифрлық шынайылыққа өтуіне және ең құнды ресурс саналатын адамдардың қара жұмыспен емес, креативті істермен айналысуына жол ашады. Мемлекеттік органдардың қызмет тиімділігі автоматтандыру процестеріне тәуелді. Мемлекет бұрын қағаз жинатып, айға созатын қызметтерді бүгінде бірер сағат ішінде көрсетеді. Цифрландыру мемлекеттің «paper-free» қағидатына көшіп, құжаттан тау тұрғызылған дәуірді артқа тастауына көмектеседі.
«Әйтсе де, бірқатар мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда қағазбастылық қалып тұр. Мысалы, Ауыл шаруашылығында жер орналастыру және геодезиялық ізденіс жұмыстарымен, сондай-ақ картографиямен айналысатын институт бар. Оның жұмыс нәтижелерінің дәлдігіне көптеген саланың қызметі тәуелді. Бұл салада ғарыштық түсірілімдердің қағаз нұсқаларына өзен, тау, жол, елді мекен сияқты географиялық деректер қолмен түсіріледі. Даладағы жұмыстар кезінде де қағаз пайдаланылады. Соңынан барып, мамандар жазып, сызған қағаз құжаттардағы деректер цифрландырылады. Мұндай әдістер ескірді, тиімділігі төмен. Бұл әдіс ізденіс жұмыстарының дәлдігін түпкілікті қамтамасыз ете алмайды», – деді Ә.Мырзатаев.
Оның айтуынша, аталған әдіс кадрлық ресурстарды, кеңсе тауарларын және басқасын үлкен көлемде шығындауды талап етеді. Сонымен бірге қағаз құжаттар өртте жанып кетуі не жоғалып қалуы мүмкін. Сондықтан маман геодеректерді қалам, қарындашпен қағазға жазуды қойып, бұл істе заманауи геоақпараттық жүйелерді (ГИС) және ұялы смарт-қосымшаларды пайдалануды ұсынады. Бұл технология дала мамандарына құла түзде деректерді өзі немесе дрон арқылы электронды түрде тіркеп, кейін жинақталған мәліметтерді смарт-қосымшаға ауыстыра салуға мүмкіндік береді.
Мысалы, дамыған елдерде, айталық, Германияда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін бөлуге маман емес, пилотсыз ұшатын аппарат келеді екен: ол аумақты түсіріп кеткен соң фермердің смартфонына оның жерінің нақты электронды картасы жіберіледі.
Дәл солай дамып кетпегенімен, Қазақстан да геодезия және картография саласын белсенді цифрландырып жатыр. Мысалы, жерді қашықтан зондтаудың кеңістік аналитикасы, үш өлшемді сканерлеу сияқты технологиялар енгізілуде. Соның арқасында елде цифрлық картография түзілді. Заманауи геоақпараттық жүйелер мен жерсерік технологиялары арқасында Қазақстанның төл, мемлекеттік бірыңғай координаттар жүйесін (QTRS немесе Qazaqstan Terrestrial Reference System) орнату бойынша кең ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр.
Индустрияның драйвері – ақпарат агенттіктері
Қазақстандық креативті индустрияға кірген салалардың басым бөлігін мәдениет пен өнер секторлары құрайды. Қазіргі заманда мәдениет тек ұлттық, тарихи құндылықтарды сақтауға ғана емес, сонымен қатар креативті индустрияны дамытып, елге мол табыс әкелуге бағдарланған. Мұны Голливуд, Болливуд мысалынан байқауға болады: өз елінің креативті экспортының үлкен бөлігі соларға тиесілі.
Мысалы, таяуда таймаут алып, қызметін уақытша тоқтатқан оңтүстіккореялық BTS k-pop тобынан «Таң самал» еліне жыл сайын шамамен 37 млрд доллар табыс түсіп тұрған. Осының өзі бұл индустрияның әлеуеті ғаламат екенін паш етеді. Тек бітелген қайнар көзін тауып, арши білу қажет.
Оның үлгісі өзімізде де бар. 2022 жылғы қыркүйекте Алматыда өткен Димаш Құдайбергеннің концертіне әлемнің 68 елінен фанаттары жиылған. Сарапшылардың бағалауынша, бұдан елге шамамен 1 миллиард теңгеге дейін (2 млн доллар) қаражат келіпті.
British Council Орталық Азиядағы өнер және креативті экономика жобаларының басшысы Галина Корецкаяның айтуынша, Қазақстанда креативті индустрияны ұйымдасқан, құрылымды түрде қолдау болған жоқ. Тіпті оған қандай салалар енуге тиіс дегенде, қызу пікірталас туады. Креативті индустрияға қиял, шығармашылық және зияткерлік капитал өндіретін экономика секторлары жатады. Бұл санатқа мәдениет пен өнер, цифрлы сектор, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, ақпарат пен байланыс кіреді. Аталған салалардың бәрі өз бетінше, әркелді дамуда. Г.Корецкая олардың бәрін біріктіріп, бір жерден мемлекеттік қолдау көрсеткенде ғана бұл индустрия буырқана дами бастайтынын жеткізді.
Әзірге ондай үйлесімді, ортақ даму жоқ. Қазақстан Үкіметі Креативті индустрияларды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын 2021 жылғы қарашада бекітіп қойды. Алайда құжат шикі болып шықты және қазірден жетілдіруді қажет етеді. Онда уәкілетті органның құзіреті де анықталмаған. Сол себепті Мәдениет және спорт министрлігі креативті индустриялар ұғымын заңнамалық бекіту, саланы қолдау құралдары сияқты заңнамалық өзгерістерді енгізуге ден қойды.
Алматылық кәсіпкер Асқар Сұлтанбек бірер жыл бұрын креативті индустрия жобасы ретінде коуоркинг орталық ашыпты.
«Ол жастар түрлі шығармашылықпен айналысатын аймаққа айналуға тиіс-тін. Бірақ ақыр соңында тегін уай-фай, тыныш жұмыс орнын іздеген фрилансерлерден басқалары қызықпады. Әкімдік шамалы қаржылай қолдау көрсетті, дегенмен, сол үшін сұрау қатты болды, түрлі есеп талап етті. Содан жауып тындым. Басқа да жобаларымды жеке инвесторлар қолдауымен жүзеге асырып жүрмін. Ол жобалар CI тізіміне сәйкес келеді. CI критерийлері де күрделі емес, тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелсең болды. Туризм индустриясы комитеті ұсынып отырған өлшемшарттардың бұлыңғырлығы сонша, пысық, еті тірі, алғыр кәсіпкерлер кез келген жобасын креативті индустрияға енгізе алады. Бірақ қадағалаушы органдар күн бермей тексерсе, креаторларды үркітіп алады», – деп санайды А.Сұлтанбек.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов кезінде Үкіметте осы мәселелермен айналысқан болатын. Ол енді өзі басқаратын өңірде шығармашылық салаларды дамытуға, дарынды жастардың мәдени әлеуетін толық іске асыруға қолайлы жағдай жасау үшін креативті индустрияны дамытуға білек сыбана кірісті. Алайда белгілі болғандай, Ақтөбе жақта да шығармашыл жастарға арналған коуоркинг орталықтарын ашу, цифрлық білім беру контентін құру бойынша жас мұғалімдер арасында байқау ұйымдастыру, киберспорт федерациясының филиалын ашу, аймақтағы цифрлық индустрияны дамыту орталығын ашу сияқты ұсыныстар түсіпті.
Аймақ басшысы жергілікті IT мамандарға қанат қақтыратын ІТ-парк құратынын мәлімдеп үлгерді. Ақтөбенің 5 жерінде тәулік бойы жұмыс істейтін креативті орталықтар ашылады деп күткен еді. Оның ең үлкені «Өнер орталығы» ғимаратында құрылады. Әкімнің пікірінше, «креативті орталықтарға орта есеппен айына 10 мың адам келіп, соның кем дегенде 1 пайызының таланты ашылса, оның өзі тамаша нәтиже болмақ».
Әйткенмен, салалық тұжырымдамаға сәйкес, креатив саласындағы заңды және жеке тұлғалардың ең көп шоғырланған орны ретінде Алматы, Астана және Шымкент белгіленді. Алда қолдау қаражаттың басым бөлігі де соларға бағытталатынға ұқсайды.
Мәдениет министрлігі «Мәдениет туралы» заңына және Кәсіпкерлік кодекске креативті индустрияға қатысты түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзірледі, оны жаңа Парламент қабылдаса, онда бұл индустрия жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары қатарына қосылады. Тиісінше, бюджеттен субсидиялар, грант қаржылар тасқындай бастамақ.
Мұның сыртында Үкімет индустрия өкілдерін бірқатар салықтан босатуды қарастырып жатыр. Оның игілігін мысалы, «Қазақфильм» мен кинорежиссерлар көруі мүмкін. Сондай-ақ министрлік жанынан Креативті жобаларды қолдау қоры құрылмақ: оған тек мемлекет қана емес, меценаттар, ұлттық компаниялар, демеушілер қаржы құяды деп жоспарланған. Бұл қаржының қатаң сұрауы болмайтыны айтылды: ведомство инвестициялардың қайтарылуын талап етпеуге ниетті.
Бұдан бөлек, қалаларда жергілікті индустрия өкілдерін қолдаудың өңірлік бағдарламалары жасалып жатыр.
Жалпы, ресми дерекке жүгінсек, Қазақстанда креативті индустрияға жатады деп саналатын салалар арасында кейінгі 10 жылда 4 сала ғана қарқынды дамып келеді. Бұлар – «Веб-порталдар мен ақпарат агенттіктері» (65 есе өсті), «Мәдени, ойын-сауық іс-шаралары, әнші, әртістік қызмет» (3,8 есе), «Кино және ТВ-бағдарламалар» (2 есе), «Дизайн, фотосуреттер мен аудармалар» (1,2 есе). Алда КИ аясында тіпті вайнерлер де қаржылай қолдау көріп, жеңілдікті несиеге қол жеткізе алатын көрінеді. Ел қаржысы желге ұшпай, бұдан елге пайда болса, жөн. Мәселен, елордалық Креативті индустрияларды дамыту орталығы былтыр «Әзіл әлемі» әзілқойлар концертін ұйымдастырған. Бұл индустрия той индустриясына айналып кетпесе, игі. Онда отандық CI өкілдері шетелге қызмет экспорттау орнына, ел бюджетін игергеннен ары аспас.