Түркі әлемінің берекесі сыналған сәт
Түркі әлемінің берекесі сыналған сәт
1,099
оқылды
Түркиядағы зілзала апаты Түркі әлемін бейжай қалдырмағаны түсінікті. Осыдан 12 күн бұрын болған зілзала бауырлас елдің 10 аймағын қамтып, мыңдаған адам зардап шекті. Қайтыс болғандар саны да күн санап өсіп барады. Осындай қиын-қыстау сәтте түркі мемлекеттері мен халықтары түрік бауырларының жанынан табылды. Түркиядағы апат түркі халықтарының береке-бірлігінің нығая түсуіне жанама түрде болса да ықпал еткен сыңайлы. Өкінішті әрине. Ынтымағымыз апатсыз, бейбіт күнде, мол инвестиция, технология трансферті, мәдени, руха- ни байланыстар, білім беру, денсаулық сақтау, туризм сияқты салалардағы ортақ жобалар арқылы арта түскенде жақсы еді. Бірақ табиғаттың алдында пенде дәрменсіз. Табиғи апат ұлт пен нәсіл таңдамайды. Жалпы, түркі мемлекеттері Түркияға 1703 құтқарушы жіберген және 75 (16 ақпан күнгі дерек) адамды жер астынан шығарып үлгерді. Үйінділерді аршу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Әрі енді үйінді астынан тірі қалған адамның табылу ықтималдығы төмендегенмен, халық әлі де көмекке мұқтаж. Әрине, ең алғаш көмек қолын созған – Әзербайжан. Тек, Әзербайжанның өзінен Түркияға 747 іздестіру-құтқару қызметкері келген. Әзербайжан үкіметі 503 мың доллар қаржылық көмек көрсетті және 1 дала госпиталін, 479 дана шатыр, 14 380 дана алғашқы қажеттілік заттарын, 82 480 дана жылы заттарын, 611 709 дана дәрі-дәрмек пен медициналық заттарды жіберген. Сонымен қатар әзербайжан ағайындар 1000 шатырдан тұратын қалашық тұрғызып жатыр. Әрине, сөз басында атап өткен 479 шатыр осы есепке кірген болуы мүмкін. Бірақ біздің пайымдауымызша, қанша шатыр құрғаны емес, шын ниетпен бауырлас жұртқа қол созу маңызды болса керек. Әзербайжан ұлттық мұнай компаниясы Түркияда әуе көлігін, әлеуметтік қызметтерді, оның ішінде өрт сөндіру, жедел жәрдем, құтқару-іздестіру ко-мандаларының қызметтік көліктерін жанар-жағармаймен тегін қамтамасыз етіп жатыр. Одан өзге, Әзербайжанның халқы Түркия үшін қажетті заттарды өздері жинауды жалғастырып отыр. Халықтан елдің жеке компаниялары да қалысып жатқан жоқ. Мысалы, PASHA Holding және оның еншілес компаниялары 1 млн АҚШ долларын аударды. Айтқандай, Гейдар Әлиев қоры Түркияға тағы бір ұшақ гуманитарлық көмек жіберді. Ал 2023 жылғы 16 ақпан күні 25 вагоннан тұратын жүк құрамы Әзербайжаннан Түркияға бағыт алды. Үш күнде жетіп қалуы тиіс. Сонымен бірге Сервер Беширли атты кезінде туған жері Қарабақтан қашуға мәжбүр болған босқын туыс халықтың басына күн түскенде ескі көлігімен бауырластарына қажетті заттар апаруға жолға шыққан еді. Оның мұндай бауырмалдық ісін естіген бір түрік кәсіпкері Серверге су жаңа көлік сыйлады. Қазақстан Үкіметі Түркияға 1 млн АҚШ доллары сомасында жедел жәрдем жасаған болатын. Екі арнайы рейспен барған құтқарушылар мен дәрігерлер жұмыстарын істеп жатыр. Қазақстан апат аймағына 160 тонна гуманитарлық көмектен өзге, 28 генератор жіберді. Қазақстан азаматтары Түркия елшілігінің арнайы шотына 3,6 млн АҚШ долларынан астам сомада ақша аударды. Қаражат жинауға еліміздің барлық өңірлері белсенді қатысып жатыр. Еріктілеріміз бен Түркияда тұратын Қазақстан және Түркия азаматтары, яғни жергілікті этникалық қазақтар да киіз үй құрудан бастап, тарыққандар үшін қажетті заттарды жіберіп отыр. Kusto Group және оның еншілес кәсіпорындары Түркияға киіз үйлер мен генераторлар жіберуі керек. Айтқандай, Түркияға жеткен 120 киіз үй үшін белгілі қазақ кәсіпкері он шақты генератор бөлемін деп отырған. Ал 17 ақпанда Газиентепке 55 тонна жүк келіп жеткен. зілзала Қырғыз Республикасы құрамында дәрігерлер, құтқарушылар және сейсмологтардан тұратын 188 адамдық топты апат аймағына жіберді. Олар да іздестіру-құтқару жұмыстарына белсене қатысып, қызмет етіп жатыр. Түркияда оқитын қырғыз студенттері де еріктілер сапында, жергілікті түркиялық қырғыздар да киіз үй құрудан бастап, психологиялық көмек көрсетуге дейін жәрдемдерін жасап жатыр. Қырғыз азаматтары да өз елдерінде Түркияның зілзаладан жапа шеккен халқы үшін қаражат жинауын жалғастыруда. Өзбекстан іздестіру-құтқару тобынан, сейсмолог пен медицина персоналынан тұратын 171 азаматын апат ошағына жіберді. Олар да 160 тонна гуманитарлық көмек жеткізді. Хатайда әскери-дала госпиталін ашты. Айтқандай, Ауғанстаннан қашқан, қазір Түркия азаматтары, этникалық өзбектер зілзала аймағында тұрады екен. Оларға өзбекстандықтар ас-суын таратып беріп жатыр. Өзбекстанның барлық ірі қалаларында жылу жинау пункттері жұмыс істейді. Мажарстаннан Түркияға 167 құтқарушы мен 29 қызметтік ит барды. Олардың көпшілігі Хатайда жұмыс істеп жатыр. Түрікменстан Түркияға 7 дәрігер мен 3 медицина қызметкерін, сондай-ақ медициналық заттар мен дәрі-дәрмектер, жылы киім тиелген 2 ұшақ жіберді. Түркияда тұратын түрікмен азаматтары өздері гуманитарлық көмек ұйымдастырып жатыр. Солтүстік Кипр Түрік Республикасы 249 адамнан тұратын іздестіру-құтқару тобын жіберді. Олардың ішінде өрт сөндірушілер, әскер және полиция қызметкерлері бар. СКТР-дан 8 арнайы жабдықталған көлік, 70 медицина қызметкері, гуманитарлық көмек тиеген 82 жүк көлігі, 132 ұтқыр кран және өзге де арнайы техника жеткізілді. Солтүстік Кипрдің 1800 еріктісі елінің қалаларында жылу жинауды ұйымдастырып жатыр. Ал татар ағайындар мен Монғолия қазақтары да қолдан келген жәрдемін, яғни қаражат мен қажетті заттарды жинап жатыр. Сонымен бірге Түркияның, Солтүстік Кипр мен Әзербайжанның жетекші арналары мен радиоларында біртұтас қайырымдылық шарасы аясында 115,1 млрд лира (6 млрд 106 млн доллар) жиналған. Қысқасы, зілзала бауырлас халықтардың ортақ қасіретіне айналған сыңайлы.

Амандық ӘМІРХАМЗИН