Актер Назар Шархан көбіне жұртшылыққа «Келінжан» сериалындағы Күлімхан апаның ортаншы ұлы Мәдібек образы арқылы танымал. Мәшинесі мен келіншегін бірдей жақсы көретін, иі жұмсақ, алаңғасарлау кейіпкерді ә дегеннен халық жылы қабылдап, жақсы көріп кетті. Актер бұл рөлге қалай келіп еді, қазір немен айналысып жүр, алдағы уақытта көрерменді қандай жаңалығымен қуантады – бұл жөнінде Назар Шарханның өзінен сұрап-білдік.
– Білуімізше, сіздің мамандығыңыздың өнерге еш қатысы жоқ. Бұл салаға қалай келдіңіз? Әңгімемізді әуелі осыдан бастасақ...
– Иә, негізі мамандығым – қаржыгер. Банкте бір жыл жұмыс істеп, жаныма жақын емесін түсініп, шығып кеттім. Кейін рэп орындаушысы ретінде музыкамен айналысып жүрдім. G.H.A.D деген тобымыз болды. Ол кезде марқұм Болат Атабаевтың «Ақсарай» атты театрына жиі барып жүретінбіз. 2009 жылы сол театрдың маусымашарында жаңа рэпімізді айтып шықтық. Сол жолы Болат ағамен таныстым. Бірде жұмыс іздеп жүргенімде, театрдағы Бейбіт Муслимов «Біздің театрға неге келмейсің?» дейді. «Қайдағы театр? Оған мені ала ма не? Мен қайда, театр қайда?!» деп қоямын. «Хабарын айтамын» деді ол. Үйге келіп, түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмай шықтым. Театрда ойнау үш ұйықтасам да түсіме кірмеген ғой. Ертесіне Бейбіт хабарласып, «Театрдың қаржылық жағдайы дәл қазір мәз емес, ақша төлей алмайды. Осыған келіссең, келе бер» деп тұр. «Ақшасының керегі жоқ» деп театрға кіріп кеттім. Сонда жүріп, көп дүниені үйрендім. Небәрі жарты жылдан соң режиссер Асқар Ұзабаев «Жол» деген фильмде басты рөл ұсынды. Сөйтсем, ол кісі менің «Ауладағы ереже», «Тас жарған гүлдей» деген рэптерімнің клиптарын көріп жүрген екен. Киноға түскен соң қайтадан театрға оралдым. 2013-те Болат ағай Германияға кетті де, театр жұмысы тоқтады. Бірақ ағайымыз сыртта жүрсе де, бізге үнемі жаны ашып, реті келсе шетелге ертіп апарып тұратын. Екі айдай Германияда фестивальда жүрдік, Алжирге, Түркияға бардық. Германиядағы тәуелсіз Underground театрларда болдық, ондағы екі адамдық, үш адамдық қойылымдар бізге әсер еткені соншалық, сол тәжірибемізді кейін кинода пайдаландық.
– Сомдаған рөлдеріңіздің ішінде қай рөл жаныңызға ерекше жақын болды? Ал ұнамағаны ше?
– Алғаш түскен «Жол» фильмі жаныма ерекше жақын болғанын жасырмаймын. Қазіргі заманның батырының рөлін сомдадым. Еш жасандылықсыз, күнделікті өміріміздің сәттерін ойнағандай, өте шынайы шықты. Кейінірек «Батырлар» фильмінде Қарасай батырдың рөлі берілді. Оны өзім онша қаламай, ұнатпай алып едім. Бізде шаблон бар ғой, батыр дегенде көз алдымызға денесі алпамсадай, дауысы баритон кісі елестейді. Ал мен болсам, шап-шағынмын, мына денемен батырды қалай ойнаймын деп қоям. Рөлді толық аша алмай қаламын ба деген қорқыныш болды.
– Осындай салмақты рөлдерден кейін «Келінжан» секілді комедияға көшу қиын болмады ма? Жалпы, бұл сериалға сізді қалай бекітті?
– 2018 жылы өмірімде біраз аумалы-төкпелі кезең болып, өнерді тастаймын деп жүрген кезімде Кореяға кетіп қалдым. Жан тыныштығын іздеп жыраққа кетсем де, іштегі алаңды үнемі өзіңмен бірге алып жүретініңді ұқтым. Қырық күн шыдадым да, қырық бірінші күні елге қайттым. Бұрын монтаж жасаған тәжірибем бар, келіп, Гүлнұр Мамасарипованың «Рауан», «Қарлығаш ұя салғанда» деген сериалдарының монтажын жасадым. Ол кезде «Батырлар» фильмінің трейлері шығып жатқан, Гүлнұр «Қарасай батырды ойнасаң, актер екенсің ғой. Мына сериалдағы тракторшының рөліне кел. Ауылда түсіреміз, қызық болады» деп «Келінжанға» шақырды. Тракторшының рөлі дегенге мен оны эпизодтық рөл деп ойлап қалғам ғой, сөйтсем кәдімгі бас кейіпкерлердің бірі екен. Қарасам, командадағы актерлерді де жап-жақсы танимын, бірден ұнады, түссем түсейін әрі монтажын да өзім жасармын деп, оның ұсынысына келістім. Қиындық көкесі алғашқы серияда-ақ басталды. Ең бірінші сахнамызда мен мәшиненің капотын ашып қойып, жөндеп жатқанымда, Нұргүл (сериалдағы Балқия) келіп артымнан ұрады. Дубль шықпай жатыр. Ұялып, өзімді еркін сезіне алмай тұрмын. Бірте-бірте барып бойым үйренді ғой. Ауылдағы ағаларымның арақ ішкендегі түр-қылығын есіме түсіріп, соны қостым, Мәдібектің үсті-басын қаси беретін әдеті бар – оны да солай рөлге тереңірек енуімнің арқасында ойлап таптым. Өзім өмірде өте сабырлы, тұйықтау адаммын. Ал кейіпкерім – қылжақбас. Сериал жарыққа шықанда, достарым таңғалып, «Сенен мынадай өнерді күтпедік» дескен.
– Кейіпкеріңізге жаныңыз ашитын тұстар болған ба еді?
– Шыны керек, 1-маусымда бәріне жеңіл қарадым. Бұл маған қатысы жоқ, жай ғана рөл деп ойлайтынмын. Тереңдік жайында ойламадық. Кейіннен адамдар сериалға оң пікірін беріп, бауырлармен, жұбаймен, анамен, көрші-қолаңмен қарым-қатынасты үйрететін тәрбиелік мәні жайында сөз қозғағанда, ойлана бастадық. Сосын режиссер бізге еркіндік берді. Жалпы, сценарийді таныстырып, бірақ сөзге импровизация қосып, өздерің бейімдейсіңдер деді. Сөйтіп, әр актер өз қаһарманымыздың авторы болдық. Сериалда анасының «Мәдібегімді қасымда болады, оқытпап едім» деп жылап айтатын кезі бар. Расында, менің кейіпкерім ауылда анамның жанында боламын, оқымаймын деп үйде қалған. Сол оқымағанының кесірінен оның надандығы байқалып қалатын сәттер аз емес. Сондайда оған шындап жаным ашитын.
Бірақ маған кез келген қаһарманның жаман жақтары болғаны ұнайды. Ешкім періште емес. Тіпті, ең жаман кейіпкер дейтін Джокердің өзін ақтайды ғой, жан жарақаты бар, өмірлік жағдай оны сондай қылып жіберген деп. Сондықтан Мәдібек қанша ақымақтық жасаса да, оны жақсы көріп тұратынмын.
Айтпақшы, екі жыл бұрын «Изолятор» деген фильмге түстім, актер Жандос Айбасов екеуіміз ойнадық, онда мен маньяктың рөлін сомдадым. Мүлдем басқа жанр: психологиялық драма. Фестивальға арналған фильм. Бұйырса, сол фильм жарыққа шықса, жұрт Мәдібекті басқа қырынан танитын болады.
– Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Қазір экшн-оператормын. Фильмдегі төбелестерде, қауіпті сахналарда камерамен жүгіріп жүремін. 25-30 келілік камераны көтеріп жүгіру оңай жұмыс емес, белден бел қалмайды. Бірақ өнерге деген махаббатым бейнеттің бәрін ұмыттырып жібереді. Соңғы рет «Арғымақ» атты фильмге экшн-оператор болдым. Бұл – кореялық жоба. Режиссері, қоюшы операторы, дыбыс режиссері Кореядан келген. Қоюшы операторы «Поезд в Пусан» фильмін түсірген. Сол кісімен қоян-қолтық жұмыс істеп, кетерінде маған камерасын сыйлап кетті. Одан бөлек, сценарий жазу шеберлігін меңгеріп жатырмын. Қазір бес шоу-жобаның сценарийін жазып қойдым. Жарты жыл болды, студияға қонып жұмыс істеп жүрмін. Соңы нәтижелі болып жатса, шетелдік жобаларға ұсынамыз деген жоспар бар.
– Бағана рэп орындайтын G.H.A.D деген тобыңыз бар екенін айтып едіңіз. Оның шығармашылығын дамыта бересіз бе?
– Иә, бірақ оны коммерциялық мақсатта емес, хобби ретінде жалғастыра беремін. 21 тректен тұратын «Бүкіл қазақ даласына» деген альбомым, 6 тректен тұратын «Адам» деген альбомым бар. Жақында тағы бір альбом жаздым. Ішінде әлеуметтік, саяси тақырыптарды көтеремін. Қаңтар оқиғасы кезінде досым, белгілі режиссер Сәкен Битаев қаза тапқан еді, соған арнап шығарған да әнім бар. Алла қаласа, алдағы 1-2 айдың ішінде жарық көреді.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз.