«Айсарадан өзін көрген жеңгелерім хабарласты» – «Келінжанның» продюсері Гүлнұр Мамасарипова

«Айсарадан өзін көрген жеңгелерім хабарласты» – «Келінжанның» продюсері Гүлнұр Мамасарипова

Халықтың қалауымен телехикаяның жалғасының түсірілуі – кез келген телехикая үшін берілген ең жоғары баға. «Келінжан» – Қазақстанда ең көп қаралым жинаған, танымал отбасылық сериал. Көрерменнің сұрауымен осымен  төрт рет ұзартылған «Келінжан-4» телехикаясы «Хабар» арнасынан 5 қыркүйек күні сағат 22.00-де көрермен назарына ұсынылады.

«Хабардың» тапсырысымен 2018 жылдан бері түсіріліп келе жатқан телехикаяның осыған дейін жалпы 55 сериясы көрсетілді. Сериал қазақ ауылының қарапайым бір отбасындағы Күләш апа мен келіндері арасындағы қарым-қатынасқа құрылған. Youtubе пен арна эфирінде ең жоғары рейтингке ие болды. Бүгінге дейін телехикаяны Youtubе-та 120 миллионға жуық көрермен тамашалады.

Кейіпкерлердің актерлік шеберлігіне тәнті болған жұрт актриса Дариға Бадықованы  – Айсара, ал актер Рүстем Жаныамановты Қылышбек атап кеткен. Жалпы, телехикаяның әр кейіпкері бір төбе.

 

«Айсарадан өзін көрген жеңгелерім хабарласты» – «Келінжанның» продюсері Гүлнұр Мамасарипова

Телесериалдың жалғасы түсіріле ме? Бұл жолы хикая кейіпкерлерінің тағдыры қалай өрбиді? «Келінжанның» көрерменнің ыстық ықыласына бөленуінің сыры неде? Телехикая продюсері Гүлнұр Мамасариповамен сұхбаттасқан едік.

– Әу баста бір «Келінжан» маусыммен аяқталуы тиіс еді. Жұрттың сұрауымен осымен төртінші рет телехикаяның жалғасы түсіріліп отыр. «Келінжанның» төртінші сериясын түсіру оңайға соқпаған шығар...

– Расында да, көрерменнің көңілінен шыққан, сұранысқа ие телехикаяның жалғасын түсіру өте қиын. Өйткені, көрермен бұрынғыға қарағанда қызығырақ дүние күтеді. Сондықтан да сиквел түсірмес бұрын түрлі техникаларды ойлап табу қажет болды. Оның үстіне, төртінші маусым 40 сериядан тұрады. Айта кетейін, бірінші маусымда 25 серия, екінші және үшінші маусымда 15 сериядан түсірілді. 40 серияға азық болатын сюжет ойлап табу да оңай болған жоқ. Продюсер ретінде алдымен кино нарығын, әлеуметтік платформаларды зерттедік. Соңғы кезде комедия жанрында көрерменнің ықыласына бөленіп жүрген актерлерді іріктеп алдық. Содан кейін соларға шақ рөл жазуға тырыстық. Ал «Келінжанның» тұрақты кейіпкерлерін үйреншікті образдарында қалдырдық және негізгі құрамды 100 пайыз сақтап қалдық. Шынымды айтсам, бұл оңай болған жоқ... Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде бір мәмілеге келдік. Оның себептері өте көп. Қаржылық, адами, кәсіби... деген сияқты. Көрерменге кадрдың сыртындағы дүние маңызды емес. Олар сүйікті кейіпкерлерін көргісі келеді. Осы тұрғыдан алғанда қандай да бір  амбицияны ысырып қойып ымыраға келуді ғана мақсат еттім. Нәтижесінде, шығармашылық ұжым ортақ мүдде үшін жұмыс істедік.

– Жаңа кейіпкерлердің барын байқадық. Ерке Есмахан, «Жездуха» командасы, Жұлдызай Дүйсенбиева, Алмат Сақатов, Нұрболат Абдуллин және т.б. Олар эпизодтық рөлде бола ма, әлде соңына дейін ойнай ма?

– Жаңа кейіпкерлерге толығырақ тоқтала кетейін. Жұлдызай Дүйсенбиева мен Алмат Сақатов ерлі-зайыптылардың рөлін сомдайды. Ауылдың жаңа әкімі және оның жұбайы. Бұл персонаждар – эпизодтық емес толыққанды кейіпкерлер. Өте бір сәтті шыққан образ деп айта аламын. Жұлдызайдың кейіпкері Жадыра көрерменнің көзайымына айналады деп үміттенемін. Жаңа маусымда төбе көрсететін тағы бір жұп – ауылға көшіп келген отбасы. Ақерке Арыс Бекмырзақызы мен Нышанбек Жұбанаев. Бұл екеуінің сюжеттік желісі де көрерменді бейжай қалдырмайды деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл жолы жобаға қазақ эстрадасының жұлдыздары да тартылды. Мәселен, Ерке Есмахан ауыл дәрігерін сомдайды. Ал Нұрболат Абдуллин эпизодтық сахнаға шақырылды.

 

«Айсарадан өзін көрген жеңгелерім хабарласты» – «Келінжанның» продюсері Гүлнұр Мамасарипова

– Жаңа кейіпкерлердің ішінде актерлік шеберлігі жөнінен сіз күткендегіден де асып түскен адам болды ма? Болса, ол кім?

– Ешқайсысын бөліп жарғым келмейді. Барлығы да өзіне қойылған міндеттерді атқарып шықты. Менің емес көрерменнің берген бағасы маңыздырақ деп ойлаймын.

– Биыл Қасым ата рөлін ойнаған атақты актер Сағат Жылгелдиев ағамыздың дүниеден озды. Сценарийді өзгертуге тура келді ме?

– Дүние жалған деген... Қасым атаны сомдаған Сағат ағамыз жаңа маусымға дайындалып жүр еді. Дүниеден өтетін күні де Нұргүл Мыңғатова екеуі сериалдың сценарийіне қатысты біраз әңгімелескен екен. Әу бастағы сценарий бойынша Қасым ата ауылға түбегейі оралуы керек болған. Жалғыз емес... Жалғыз ұлының рұқсатымен қарттығын бөлісетін замандасымен көңіл қосады. Бұл рөлді Сағат ағаның өмірлік серігі, актриса Жібек Лебаева сомдайды деп ойлағанбыз. Сағат ағаның қалауы да сол кісі болған. Жалпы, кино деген бір тылсым әлем ғой. Басында Қасым атаны кім ойнайтыны белгісіз кезде кинодағы өмірден өткен асыл жарының атын Жібек деп жазғанмын. Кейін кастинг өткен кезде Сағат аға: «Гүлнұржан, неге Жібек деп қойдың, менің Жібегім үйде отыр ғой» деген. «Ауыстыра қояйық» дедім бірден. Аға қарсы болды. «Қаламыңнан қалай шықты, солай қалсын» деді. Былтырғы маусымның соңында «Менің Жібегімді қосшы сериалға. Әйтпесе, Қасым атаның «жұлдыздығын» көтере алмай жүр» деп әзілдеген. Сахнада да, үйде де жан серігі болған Жібегін де, «Келінжандағы» бір қауым ауылдасын да тастап кете барды... Ал біз сценарийді өзгерттік. Қасым атаның орнына басқа актер алу тіпті ойыма да келген жоқ. Сериалда да Қасым ата мәңгілік мекеніне кеткен болады.

 

«Айсарадан өзін көрген жеңгелерім хабарласты» – «Келінжанның» продюсері Гүлнұр Мамасарипова

– «Келінжан» осы төртінші маусыммен аяқтала ма?

– Иә, көрермен «Келінжанның» төртінші маусымы шықпай жатып,  «бесіншісін» сұрап жатыр. Ресми түрде телехикаяның жалғасы болмайтынын мәлімдеймін. Осымен сериал нұсқасы тәмам. Қыркүйектің басында эфирге шығады. Содан кейін қарашада толықметражды фильм үлкен экранға жол тартады. Осылайша, бес жылға созылған «Келінжан» хикаясы мәресіне жетеді.
«Келінжан» – менің продюсерлік жобам ғана емес. Осы туындының авторымын. Әр образды ойлап тауып, үш келіннің атын қойып, киімін кигізіп, шашын тарап, бетін бояп, орамалын тартқызып, күйеуін таңдап, енесін сайлап бергем. Аллаға шүкір, менің түсінігімдегі қарапайым қазақ отбасын халық тек қабылдап қана қоймай құшағына алып, қошеметіне бөледі. «Көрермен көзайымы» номинациясын ресми алмаса да, халықтың сүйікті киносына айналды. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Бірақ, кез келген дүниенің басы мен аяғы болады. Соңғы маусымды барынша қызықты етуге тырыстым. Семіз сөйлемей-ақ қояйын, бағына қарай көрерміз. Бақты да көтере білгеніміз абзал...

– Сұрамасқа болмайтын тағы бір сауалды қояйын. 4-маусымда Қылышбек пен Айсараның қарым-қатынасы қалай өрбиді?

– Алдын ала ашып ештеңе айтқым келмейді. Бірақ Қылышбек пен Айсара іш пыстырмайды. Жалпы, төртінші маусым жатқан интрига! Жуас деп жүрген Қылышбектеріңіз де өнер шығарады. Бірінші маусымдағы сері жігіт Нартай ауылға оралады. Жалғыз... Мәдібек пен Балқияның да тағдыры сіз ойлағаннан да күрделірек болады. Асылым да сіз бен біз күтпеген шешім қабылдайды. Ауылда «махаббат» маусымы басталады. Бұл ұлы сезім ешкімді де айналып өтпейді.

«Айсарадан өзін көрген жеңгелерім хабарласты» – «Келінжанның» продюсері Гүлнұр Мамасарипова

– Мәссаған! Ал, сізге «Келінжанның» қай маусымы ыстық көрінеді. Неліктен?

– Маған алғашқы маусымы ыстық. Бәрі сол кезде басталды ғой. Бірінші маусымның әр кадрын қалай түсіргеніміз әлі күнге көз алдымда. Қылышбектің рөліне Рүстем Жаныамановты бекіткенде қатты уайымдағаным-ай. Режиссер Ернар Нұрғалиевке қанша SMS-хабарлама жазғаным есімде жоқ. Күмәнға қатты берілемін деп ұйықтай алмай қалғанмын. 1Осыншама актерлік құрамды бір актер бүлдірмесе не қылсын?» деп іштей таусылатынмын. Өйткені кастингке келгенде Рүстем тым жұқа, тым жас көрінді. «Айсараға қалай күйеу болады?» деп миыма сыйғыза алмағам. Ернар алған бетінен қайтпай қойды. «Нартәуекел!» дедім. Ең бірінші түсірілім күні Қылышбектің киімін киіп, көзілдірігін тағып тұрған адамды көргенде «Уһ, Ернар ақыры менің тыңдап, басқа актер алыпты ғой» деп ойлағанмын. Сөйтсем, алдымда тұрған Рүстем екен. Бұл Рүстемнің қандай шебер актер екенін білдірсе керек.

– Расында да, телетуындыны халық жанына жақын тұтты. Кейіпкерлері мен олардың кейбір сөздері ел аузынан түспейді. Жалпы, «Келінжан» сериалының феномені неде?

– Маған осы сұрақ жиі қойылады. Мен де өзіме жиі қоямын. Менің ойымша – шынайылығында. Келінжанда қиял-ғажайып, яғни, ойдан шығарылған ештеңе жоқ. Бәрі өмірдегідей. Мен осы «Келінжанды» жазып отырғанда диалогтарына дейін дауыстап айтып отырамын. Маған оғаш көрінген сөйлем актерге де ыңғайсыз болады. Жалпы, өмірде болуы мүмкін емес оқиғаларды қоспаймын. Өзім – ата мен әженің қызымын. Өз шешемді қосқанда бес келінді көріп өстім. Оған көрші-қолаңның келіндерін қосыңыз. Біздің ауылда әр үйде бір ене болатын. Кішкентай кезімнен адамдарды зерттегенді ұнататынмын. «Келінжанда» осының пайдасы тиді. Кейбір жеңгелерім өзін көріп хабарласып та жатты. Әр әйелдің табиғатында Айсара да, Балқия да, Асылым да өмір сүреді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбат «Хабар» агенттігі баспасөз қызметінің көмегімен әзірленді.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.