Емдеу ісінің елеусіз тұсы
Емдеу ісінің елеусіз тұсы
© коллаж: Елдар Қаба
827
оқылды
Елдегі ауруханалардың жабдықталуы сын көтер­мейді. Ауыл-аймақта халық рентгенге, МРТ, КТ-ға түсу үшін ауылдан, тіпті аудан­нан қалаға сабылуға мәж­бүр. Сондықтан Президент тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық техникамен жарақ­тан­дыру бағдарламасын әзірледі. Мамандар оны сынап жатыр: шикі көрінеді, қордаланған мәселелерді шешпейді екен. Ел Ажар Ғи­нияттың ведомствосынан да, әкімдерден де бұл сала­да батыл қадамдар күтеді. Денсаулық сақтау жүйесі «де­лебесі қозған» демография­ның қарқынына ілесе алмай жатқаны байқалады. Емхана, аурухана жетіспейді. Мысалы, екі апта бұрын ел Президенті Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы жаңа емхананың жұмысымен танысты. Жамбыл об­лысы әкімдігінің дерегінше, жуыр­да ғана ашылған сол меди­циналық мекемеге 125 мың адам тіркеліп үлгерген. Олардың жолы болды десек те болады: емхана заманауи жоғары техно­логиялық құрылғылармен жаб­дықталған. Рентген елді қашанғы ренжітеді? Дегенмен, медициналық ұйым­дардың басым көпшілігінің жа­рақтандырылу деңгейі нашар. Мы­салы, Алматы облысының Тал­ғар ауданына қарасты Қызыл Қайрат кентінің тұрғыны Гүлнәз (есімі өзгертілді) былтырғы жел­тоқсанда аяғы қақсап ауырып, амалсыз жергілікті амбулаторияға жүгінеді. Дәрігер УДЗ тексеруінен өту қажеттігін, алайда жыл соңы болғандықтан квота таусылып қалғанын алға тартып, қаңтарда келуді ұсыныпты. Аурудан жанын қоярға жер таппаған пациентке ақылы медициналық орталыққа баруға тура келді.
«Ақылы дәрігер рентгеннен өту керек екенін айтты. Содан қаңтар айында өз емханама қайта орал­дым. Ондағылар рентгеннен өту үшін сонау қиядағы Алатау кентіне жолдады. «Неге іргедегі, 3 шақы­рым жердегі Талғар қаласына жол­дамайсыңдар?» деп ашулансам, Астанадағы медсақтандыру қоры Алатаудағы клиникамен келісім­шарт жасаған деп ақталады. Ал Алатауға бізден автобус қаты­на­майды. Амал жоқтықтан, арнайы шақырып, такси жалдаймыз. Бұл өте қымбат. Амбулаториядағы ­қыз­дар жа­қын­дағы Бесағаш кен­тін­дегі емханада ақылы түсе са­лы­ңыз, а­рзандау бо­лады деп қарап отыр», – деп кейіді Гүлназ апай.
Әрине, барлығы жаман деп қара аспанды суға алдыруға болмас. Мемлекет ауыл-аймақтардағы ден­саулық сақтау саласын нығайтуға білек сыбана кірісті. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 655 ауылда медициналық-санитариялық ал­ғашқы көмек нысанын салу, сон­дай-ақ 32 аудандық аурухана деңгейін ауданаралық көпбейінді мекемелер мәртебесіне дейін арттыру жоспарланған. Денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи ме­дициналық құрылғымен жабдықтау қарастырылған. Осы шараларды жүзеге асыру арқасында 2023 жылы қосымша 2,4 миллионнан астам ауыл халқы арнаулы медициналық көмекпен қамтылмақ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, ауыл тұрғындарына бүгінде 5 мың­нан астам медұйым көмек көрсе­теді. Ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Бұл ретте өңірлер алда жергі­лікті медициналық ұйымдарды жарақтандыруға қатысты жоспар­ларын жариялай бастады. Мысалы, Жамбыл облысында 2023-2024 жыл­дары 30 медицина нысанын салу жоспарланған. Оларды тұрғы­зып, жете жарақтандыруға бюджет­тен 5,2 миллиард теңге бөлінді. СҚО әкімі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл осы шағын об­лыста медициналық қондырғылар алуға 5 млрд теңге жұмсалады. Ан­гиографтар, УДЗ, эндоскопия, реанимация, рентген аппараттары қойылады. Маңғыстаулық медұйымдарда бүгінде 13 компьютерлік томограф (КТ) және 7 магнитті-резонанстық томограф (МРТ) бар екен. Соның ішінде Маңғыстау облысының ау­дандарына тек 3 КТ тиесілі. Жа­ңаөзен қалалық көпбейінді ауру­ханасында ангиограф, МРТ, екі КТ аппараты бар. Енді Мұнайлы ау­да­нында ангиограф, КТ, МРТ жаб­дықтарымен жабдықталған ау­дандық аурухананың жаңа нысаны салынуда. Бұдан басқа, сырқат са­нын азайту және уақтылы диаг­ностикалау мақсатында Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы, Маң­­ғыстау орталық аудандық ау­ру­ханаларында жылжымалы ме­ди­циналық кешендер жұмыс істейді. Елорда әкімі Жеңіс Қасым­бек­тің мәліметінше, бас қалада соңғы 3 жылда медициналық мекемелер шамамен 3 мың ар­найы жабдық­пен жарақтан­ды­рылған. Арасында УДЗ-аппа­рат­тары, компьютерлік томо­граф­тар, ӨЖЖ аппараттары, жыл­­жы­малы флюорографиялық ке­шен­дер, цифрлық рентгено­гра­фия­лық жүйелер және басқасы бар. Әкімдік бұл жұмысты жүйелі не­гіз­де жалғастыруға уәде етті. Ғиният өз жобасынан неге жаңылды? Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеп шыққан 5 жылдық кезеңге арналған «Қазақстанды медици­налық техникамен жарақтан­ды­рудың республикалық бағдарла­масы» атты жаңа кешенді жоспары да осы салаға соны серпін беруге бағытталған. Денсаулық сақтау ми­нистрі Ажар Ғинияттың түсінді­руінше, жаңа бағдарлама 2027 жыл­ға қарай медұйымдарды нор­мативтерге сәйкес 32 мың 385 бірлік медициналық жабдықтармен жарақтандыруды көздейді. Соның арқасында елдегі, соның ішінде ауылдағы денсаулық сақтау ұйым­да­рының инфрақұрылымы толық жаңғыртылмақ. Қызмет көрсету сапасы артуы, денсаулық сақтау жүйесі автоматтандырылуы тиіс. Ведомство бағдарламаны жүзеге асыруға 2023-2027 жылдары 505 млрд 701 млн теңге жұмсауды жоспарлады. Бірақ құжаттың бірқатар шикі­лігі анықталып отыр. Dari-store group жетекшісі, осы салаға ма­манданған кәсіпкер Жанелия Жү­сіпова жаңа бағдарламада қолда­ныстағы ұлттық жобалардың қа­жет­тілігі ескермегеніне назар ау­дартты. Нақтыласақ, 2021 жылы қа­былданған, 2023-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында Астана, Алматы, Шым­кент, Түркістан, Петропавл, Қа­рағанды, Ақтөбе, Көкшетау, Өс­ке­мен, Атырау, Тараз, Қызылорда, Ақтау, Павлодар, Қостанай қала­ла­рында кем дегенде 20 қазіргі заман­ғы аурухана және 2 ғылыми-инно­вациялық орталық салу көзделген.
«Мұның сыртында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасында 2023–2024 жылдар ішінде 655 жаңа емхана объектісі тұрғызылатыны, оның ішінде 253 медициналық пункт, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт, 160 дәрігерлік амбулатория іске қосылатыны көрсетілген. Бұдан бөлек, 2023-2025 жылдарға арналған Ана мен бала денсаулығын қорғау тұжырымдамасына, Прези­денттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 95-пунктіне сәйкес, Үкіметке, барлық облыс пен үш ме­гаполис әкімдеріне заманауи пер­зентхана орталықтарының желісін салу жүктелген. Олардың бәрі заманауи озық жабдықтар­мен жарақтандырылуы шарт. Мұ­ның бәрі жаңа бағдарлама жо­басын­да көрініс таппаған», – деді Ж.Жүсіпова.
Аталған барлық медициналық ғимараттар медтехникамен жаб­дықталмаса, онда ашыла алмайды. Ендеше сарапшының пікірінше, бағдарламадағы 505 млрд теңге деген есеп қате болып шығады. Сонымен қатар осы құжатта ден­саулық сақтау саласына қатысты қолданыстағы барлық ұлттық жо­ба, жоспар, тұжырымдамалар ес­керілуі, мұқият үйлестірілуі шарт. Әйтпесе, бір аурухананы жабдық­тауға бірнеше рет қаржы бөлу, ал басқасына қаражат тимеу қаупі бар. Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген медици­на­лық ұйымдарды түгендеу-инвен­таризациялау қорытындысы біраз былықтың бетін ашты. Біріншіден, республика бойынша медұйымдар тек 82 пайызға техникамен жа­рақтанған. Олардың өзінде медтех­никаның тозу деңгейі 49 пайызға жетіпті. Сондай-ақ біраз мемле­кеттік емхана мен ауруханада за­манауи техниканың қаңтарылып босқа тұрғаны немесе аз, тиімсіз пайдаланылатыны белгілі болды. Министрліктің дәйектеуінше, бұған кепілдікті сервистік қызмет көрсету бойынша қолданыстағы талаптардың сақталмауы ықпал еткен. Мамандар жаңа техниканың тілін таба білмейді, содан аз уақыт­та (орта есеппен екі жыл ішінде) істен шығады. Ал медұйым шта­тында жоғары технологиялық жабдыққа қызмет көрсетіп, жөн­дейтін маман болмайды. Жеткізуші компания болса, кепілдіктен кейінгі сервисті сатып алмаған клиентке көмекке келмейді. Техникаға бөлінген миллиардтар қайда? Талдау көрсеткендей, 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі ара­лықта қымбат тұратын КТ, МРТ, ангиограф, маммограф, рентген, УДЗ сияқты медтехникаға тек сер­вистік қызмет көрсетуге және жөн­деуге жұмсалған шығыстар 11,3 миллиард теңгеден асып кеткен. Салдарынан, медициналық ұйым­дар жыл сайын медтехникаға қыз­мет көрсетуге оның бастапқы құ­нының 2-5%-ына дейін шығындап отырады. Тарата кетсек, мемлекеттік медұйымдарда 70 КТ бар, оларды сатып алу бюджетке 16,8 миллиард теңгеге түскен. Аталған кезеңде оларға қызмет көрсетіп, жөндеуге тағы 3,4 млрд жұмсалыпты. 6 миллиард теңге тұратын 16 МРТ-ға – 1,6 млрд, 2,1 млрд тең­генің 8 ангиографына – 364,7 млн, 19,2 млрд теңгенің 785 рентген ап­параттарына – 5 млрд, ал жалпы құны 9 млрд теңге болатын 470 УДЗ аппаратын күтіп ұстауға – 917,8 млн теңге жұмсалған. Сонымен қатар, мамандардың пікірінше, бірыңғай ақпараттық кеңістікке интеграцияланбауы ке­сірінен саладағы ақпараттық жүйе жабдықтың сынып қалуын, тозу дәрежесін, медициналық жаб­дық­тар паркін жаңарту қажет­тілігін то­лыққанды есепке алуға мүм­кін­дік бермейді. Дамыған ел­дер тә­жі­рибесі бойынша осы ақпа­раттың бәрі, big data тасқыны бір ақпа­раттық жүйеге құйылып, тал­да­нуы қажет. Сонда мысалы, тез бұ­зылып қала беретін техника түрін сатып алуға тыйым салынар еді. Қазақстандық ақпараттық жүйе – Медициналық техниканы бас­қару жүйесі (eisz.kz) дұрыс жұ­мыс істегенде, нақты қай аурухана–емханада нендей медтехника сы­нып қалғанын, тозу деңгейін уақы­тылы білуге, яғни анағұрлым жедел жөндеуге немесе ауыстыруға бола­тын еді. Ол болмаған соң бас дә­рігерлердің өтініштері жоғалып, не елеусіз қалуы мүмкін. Мамандар кейбір сыну жиілігі жоғары мед­тех­никаны қайта-қайта жөндегеннен басқа маркадағы жаңасын алу ар­занға түсетінін айтып жүр. Негізі, мемлекет кепілден­ді­рілген тегін медициналық қызмет көрсететін ұйымдарға негізгі құ­рал­дарын жаңартуға көп қаржы бө­­лінеді: 2020 жылы бұл бағыт­қа – 40 млрд, 2021 жылы – 70 млрд, 2022 жылы – 100 миллиард теңге бағыттаған. Соның арқасында ем­ханалар мен ауруханалар жаңа аппараттармен толық қамтылуы керек. Жоспар толық жүзеге ас­пады. Медтехника нарық құнынан әлдеқайда қымбат сатып алына­ты­ны жасырын емес. Жыл сайын бұл сала шығыны артады, алайда ме­дициналық жабдықтар да жылдам қарқынмен тозып барады. Мұның байыбына барған, айыптыны жазалаған абзал. «СҚ-Фармация» ЖШС меди­циналық техниканы орталық­тандырылған сатып алу аясында 2022 жылы 177 бірлік медтехниканы 20,05 млрд теңгеге сатып алыпты. Жалпы алғанда, осы бірыңғай дистрибьютор былтыр ел қаржы­сына 244 ірі медтехниканы алған. Оның көбі шетелдік өнімдер. Тек 28,3 пайызы ғана отандық өнім. Отыз жылда бұл салада техника өндіретін қаншама кәсіпорын жұртқа жария түрде ашылды, бірақ көбі көзбояушылық болып шық­қанға ұқсайды. Айта берсе, саланың пробле­масы көп. Оларды шешу әлі талай кешенді жоспар мен бағдарламаға негіз болып, жүздеген миллиард қаржыны игеруге жол ашары сөз­сіз. Тек ел қаржысы құмға сіңген су­дай заяға кетпесе, ұлт денсау­лы­ғын арттыруға қызмет етсе игі.