Апелляциялық сот Хаменоваға қатысты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Ал Рысқалиевке тағайындалған жаза 2 жылға дейін, У.Адамовқа қатысты тағайындалған жаза 1 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді.
Бақытгүл Хаменова апелляциялық сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді.
«Әділетті, Жаңа Қазақстандағы соттың сыйқы — осы, өкінішке қарай апелляциялық соттың шешімі Жаратушының үкімі емес. Жоғарғы сотқа жүгініп, әділдікке жетеміз, бұйыртса. Қолдап келген баршаға, жылы сөздерін арнап жатқан иісі қазаққа рақмет», — деп жазба қалдырды Бақытгүл Хаменова Facebook парақшасында.
Сондай-ақ Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова өңірдегі судьялардың дербес, әділ шешім шығаруда ешқандай билігі жоқ екенін атап өтті.
«Өңірдегі құқық қорғау органдарына сенің ақиқатыңның құны көк тиын. Менің ешкімім жоқ. Оны бәрі біледі. Ендігі үміт тек Жоғарғы сотта. Адамның сотынан құтылғанмен, Алланың сотынан ешкім құтылмайды. Мен өзімнің шындығымды, ақтығымды дәлелдеу үшін соңына дейін күресемін», — деді Бақытгүл Хаменова журналистерге берген сұхбатында.
«Апелляциялық сатыдағы сотта зерттелген дәлелдемелермен А.Рысқалиев Б.Хаменоваға бағынышты бола тұра, оның тапсырмасы бойынша пара алуға қол жеткізуге ықпал еткені анықталды.
Бұл ретте, тек оның жағында сөйлей отырып, Б.Хаменованың пара алуы үшін жағдай жасады. У.Адамовпен тығыз байланыста болып, ескерткішті орнату үшін ақшалай қаражат бөлу тұрғысынан қалалық мәдениет бөлімінің басшысы және бухгалтерімен келіссөздер жүргізіп, шарт жасасу процесін жеделдету, ескерткішті орнатуға бюджеттен қаржы алу, сондай-ақ бөлінген қаражатты ЖШС шотына аудару жөнінде шаралар қабылдаған.
4 500 000 теңге мөлшеріндегі пара сомасы Б.Хаменоваға арналған, оның аталған сомадан үлесін алуы келісілмеген. Сондықтан А.Рысқалиевтің әрекеттері ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағынан 28-баптың 5-бөлігіне, 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағына пара алуға жәрдемдесу ретінде қайта дәрежеленді.
А.Рысқалиевтің жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескере отырып (қылмыстық құқықбұзушылықтың ашылуына ықпал етті, қылмыстық құқықбұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкереледі, асырауында 4 жас баласы бар), ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданумен, тағайындалған жаза 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді.
У.Адамовқа қатысты оның жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескере отырып (егде жасын (65 жаста) және асырауында төрт және үш кәмелетке толмаған баласы бар, 2 кәмелетке толған бала кезінен мүгедек балалардың болуы), ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданумен, тағайындалған жаза 1 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді», — деп нақтылады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бақытгүл Хаменова мен Атырау облыстық Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырау қаласында Абай ескерткішін орнату бойынша 145 млн теңге сомасына "мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге пара алды" деген күдікке ілінген еді.