Жастармен бір толқында
Жастармен бір толқында
699
оқылды
«AMANAT» партиясының Жуалы аудандық филиалында «BIR TOLKYNDA» диалог алаңының отырысы өтті. Аталған алаңда партияның сайлауалды бағдарламасы кеңінен талқыланды. Облыстық сайлауалды штабының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ел болашағы жігерлі жастардың қолында екеніне кеңінен тоқталып, партияның сайлауалды бағдарламасында жастардың өсіп-өркендеуі үшін бәріне бірдей әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктер ұсынып отырғанын жеткізді.
– Санаулы күндерден соң өтетін Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы – еліміздің ертеңіне ықпал ететін маңызды науқан. Әрбір азаматымыз – біртұтас Қазақстанның ажырамас бөлігі. Елдің келешегі жалынды жастардың қолында. Сол себепті, «AMANAT» партиясы жастар саясатын түбегейлі қайта қарап, олардың қоғамда өз орындарын табуға ықпал етуде. Бүгінгі таңда «Жастар үшін» қағидатынан гөрі «Жастармен бірге» қағидаты маңызды рөлге ие. Дәл қазір Жамбыл облысында 258 мың жас тұрады. Партия жастарды жұмыспен қамту және тұрғын үй мәселелерін шешу жөнінде нақты қадамдар жасауда. Партия алдағы 5 жыл ішінде Тараз қаласындағы қоғамдық кеңестерде жастар квотасын енгізуге жәрдемдесетін болады. Сондай-ақ әр ауданда «Жасыл Ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру арқылы жыл сайын жазғы кезеңге 1,7 мың адамды жұмысқа орналастыруға тікелей көмектеседі. Ал «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 700-ден астам жас кадр қамтылмақ. Бұдан бөлек, «Түлектерге арналған жастар практикасы» жобасы шеңберінде жыл сайын кемінде 2 мың жасты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Партияның сайлауалды бағдарламаларына сәйкес жас кәсіпкерлер де үлкен қолдауға ие болады. Осылайша, конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% пайызбен жеңілдетілген несиелер берілмек. Жастар арасында жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында жұмыспен қамтылмаған жастардың автоматтандырылған электрондық деректер базасын әзірлеу және енгізу жоспарлануда. «Qaisar» жобасы аясында жоспарланған 70 іс-шара барысында 5 мыңнан астам жас әскери-патриоттық қызметпен қамтылады. «Жастарға жұмыс» жобасы аясында жастар үшін қосымша 5 мың жұмыс орны қамтамасыз етіледі, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.
Бұдан кейін сөз алған облыстық сайлауалды штабының мүшесі Еркінбек Солтыбаев еліміздің көркейіп, жеріміздің гүлденуінде жастардың үлес салмағы зор екенін атап өтті. Ол өз сөзінде партияның сайлауалды бағдарламасы жастардың жанына жылу, бойына күш-қуат беретініне тоқталды. Жалпы, диалог алаңына қатысқан жергілікті белсенді жастар да өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Олардың айтуынша, «Ауыл аманаты» мен «Жер аманаты» жобаларының қолжетімді болуы мен «Жастар үйінің» салынуы ауыл-аймақта жастардың көптеп тұрақтануына оң ықпалын тигізеді. «Сол себепті, қолайлы орта қалыптастыру қажет», – деді жастар. Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда 18 мыңнан астам жас бар. Ал олардың 200-ден астамы жұмыссыздар санатында. Облыстық штаб мүшелері «AMANAT» партиясы жергілікті жастардың «екі қолына бір күрек» тауып беру тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында кешенді шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді