Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Тілек Кенжебеков әскер жасына дейінгі жастарға әскер қатарына шақырылған кездегі жаңа мүмкіндіктерді жеткізді. Сонымен қатар, бас қосқан ортада «Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлан Сүлейменов сөз алып, ел келешегі жастарды әскерге баруға және оларды Отанға адал қызмет етуге шақырды.
Кездесуге қала жастары мен Приозерск қаласының №1 жалпы білім беретін мектебінің жоғары сынып оқушылары тартылған болатын. Сондай-ақ, кездесуге қатысқан 06708 әскери бөлімінің сарбаздары қатардағы жауынгерлер Әлішер Нұрғалиев, Мақсат Бердібеков және Әділхан Омаров өз ойларын ортаға салып, жастар мен мектеп оқушыларына сарбаздың әскери өмірдегі тыныс-тіршілігін өз сөздерімен жеткізе білді.
Аса қызықты да мазмұнды бас қосудың асқан ұйымшылдықпен өтуіне «Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен ұйымдастырушы Ержан Абдурахманов пен мониторинг және бағалау маманы Сымбат Айтбайдың асқан белсенділік танытқанын атап өткен жөн.
Еліміздегі әскер қатарына ниет білдірген осындай жастарымыз әскери қызметшілер тарапынан зор қолдау тауып жатса, айбынды армиямыздың қатарындағы нағыз отаншыл да жігерлі сарбаздарымыздың қатары көбейе беретіні сөзсіз!
Думан Жұмашұлы, Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы