«Көрермені іздеген актер бақытты» – Нұрбек Мадиев
«Көрермені іздеген актер бақытты» – Нұрбек Мадиев
3,263
оқылды
– Бір кездері «Бауыржан шоу» арқылы көрерменнің жүрегіне жол тапқан Нұрбек Мадиевті іздеу­шілер көп. Қазір қайда жүрсіз? – Көрермендердің мені жо­ғал­тып алғанын жиі естіп жүрмін. Көрермені іздейтін актер болудың өзі бір бақыт. Сондықтан мені із­дейтін көрермен қауымға мың ал­ғыс айтқым келеді. Тіпті, ара­ларында «Нұрбек мансабын жал­ғастыру үшін Ресейге кетіп қа­лыпты» деп ойлап жүргендері де бар екен. Бірақ мен ешқайда кеткен жоқпын. «Бауыржан – шоудан» жинаған мол тәжірибемді Атырау мәдениетін дамытуға жұм­сап жатқан жайым бар. Қа­зіргі уақытта өзімнің туып-өскен өлкем Атыраудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония жанынан ашылған «Ара–Атырау» сатиралық теа­трында көркемдік жетекші болып қызмет етіп жүрмін. – Дегенмен қайнаған өнердің ортасынан қол үзіп, «Бауыржан – шоуды» тастап кетуіңізге не себеп болды? – «Бауыржан – шоу» мен үшін үлкен мектеп болды. Қазақ са­тира­сының шеберханасы десек те болады. Үлкен театрда жүріп, өнердің қасиетін ерекше түсіндім, шығармашыл орта жан дүниеме керек құндылықтарды бойыма сіңірді. Бірақ өнерден де үлкен дүние бар. Нұрбек Мадиев деген есімімді жасауыма бірден-бір себепкер болған ата-анам ғой. Сол кісілердің алдындағы пер­зенттік борышымды өтеу үшін туған жеріме оралдым. Ата-анама қызмет қылып, қартайған ша­ғында жандарында болғым келді. Алматыдан бір күнде жиналып, қайтып кетуіме үлкен кісілердің сырқаттанып қалуы себеп болды. Оның үстіне, жасым да келді. Адам жасы ұлғайған сайын туған жерін көп аңсайды екен. – Шығармашылықтан алыс­та­ма­ғаныңызды білдік. Дегенмен театр ашу да оңай іс емес қой. Өзіңіз жетекшілік етіп отырған театр туралы айта отырсаңыз... – Атыраудың мәдени өмірінде алғаш рет сатиралық театрдың ашылуы ерекше оқиға болды. Өйткені «Ара–Атыраудың» ашы­луы елдегі экономикалық қиын­дықтар кезеңімен тұспа-тұс келді. Бірақ «Ара – Атырау» өнер­дің өл­мейтінінің бір дәлелі деп те ой­лаймын. Себебі қандай жағдай болса да, халық өнерді іздеп, са­ғы­нып тұр. Еңбек жолым бас­талған «Бауыржан – шоу» театрын алайық. Бұл театр тәуел­сіздіктің елең-алаңында ашылды. Талай адам ала дорбасын арқалап, жа­байы базарларды кезіп кеткен сол қиын кезеңге қарамастан, «Бауыржан – шоу» кері кетпеді. Ке­рісінше, керемет дамып, ха­­лық­тың ықыласына бө­ленді. «Ара – Атырау» бүгінде елі­міз­дегі ірі театрларымен иық ті­рес­тіре алатындай дең­гейге жетті. Атыраудың та­лантты қыз-жігіт­терінен құ­ралған театр көптеген кон­курс-фестивальда топ жарып жүр. Жаңа жылдың қарсаңында Қостанай қаласында «Мірдің оғы» атты ІІІ республикалық бай­қау-фестивалінен ІІІ орын алдық. Астана қаласында өткен «Бауыр­жан фест» конкурсында топ жардық. «Айтқыштар Ақтөбе» конкурсында гран при иелендік. Мұның барлығы өнерге деген құштарлықтан туындап жатқан жеңістер деп ойлаймын. – Театрдан басқа тағы қандай жобалармен айналысып жүрсіз? – Театрдан бөлек, өзімді кино саласында байқап жүрмін. Жуыр­да ғана үш киноға түстім. Оның екеуі телесериал, біреуі көркем фильм. «Бастық боламын», «Өсек­шілер» атты сериалдарға түстім. «Бастық боламын» сериалында электриктің, «Өсекшілер» сериа­лында трактористтің рөлін сом­дадым. Сонымен қатар «Операция Набат» көркем фильмінде гене­ралды ойнап шықтым. Өмірден алынған оқиғаға негізделген фильм ерекше сюжетімен баурап алады. – Қазір бұрынғыдай емес, Қазақстанда кино да, киноны тү­сірушілер де көбейді. Әсіресе, aitube, youtube сияқты платформа­ларда веб-сериал түсіріп-ақ көрер­мен көзайымына айналғандар же­тіп жатыр. Жалпы, қазақ кино­сының қазіргі даму деңгейі туралы не айтар едіңіз? – Мен кинорежиссер немесе кино сыншысы емеспін. Дегенмен киноға түсіп, бұл саланы іштен көрген маман ретінде қазіргі тү­сіріліп жатқан кинолар көңілім­нен шығады. Өздеріңіз сияқты, менде отандық киноны көруге асығып тұрамын. Бірақ қазір біз­ге ұлттық бағыттағы фильмдер же­­тіспей жатыр. Сондықтан ке­зін­­дегі Шәкен Айманов студиясы түсірген патриоттық бағыттағы киноларды әлі күнге дейін қай­талап көріп жүрмін. Жаһандану дәуірі деп алаулат­қанымызбен, біз өзіміздің қазақ екенімізді, шыққан тегімізді ұмытпауымыз керек. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет, обал, сауап, ата-анаға құр­мет, бала алдындағы жауап­кер­шілік деген сияқты дүниелерді, қазақ­тың болмысын, ұлттық тәрбиесін насихаттайтын кино­лар көбірек түсіріп, дәріп­тейтін болсақ, қа­заққа тән ерек­шелігі­мізді сақтап қалуға там­шыдай да болса үлес қоса аламыз деп ой­лаймын. Әйтпесе, жеңіл-желпі, әзіл-қалжыңға, баянсыз махаббаттан құрылған кинолардан аса бір құндылық көріне бермейді. Атақты сатирик, жазушы Сейіт Кенжеахметұлының «Күл­діре білу – өнер, Күле білу – өмір, Күлкі болу – өлім» деген қа­натты сөзі бар екен. Әлгінде айтылған арзан күлкіге құрылған дүниелерді көріп отырып, кейде ойланып қаламыз. Мұндай дү­ниелердің трендке айналып бара жатқаны да шындық. Бірақ ба­ғамдай білген адамға сатира киелі өнер. Әзіл өмірді ұзарта­тын, көңілдің ажа­рын ашатын керемет терапия. Сондықтан біз айтар ойымыз, астарлы әзіліміз таусылмауы үшін еңбек ете береміз.

Атырау облысы