Ірі жемқорды ұстап берсеңіз, 14 миллион теңгедей сыйақы алып, байып шыға келесіз. Әрі сізді коррупциямен күрескер ретінде мемлекет қорғауға алады. Қаласаңыз, «кездеспей кеткен бір бейне» секілді аноним болып қала аласыз. Керемет емес пе? Шынында, бәрі бұдан әлдеқайда күрделі. Сыбайлас жемқорлық схемаларын ашқан адамдардың өзі қудалауға түскен, «Көрiнеу жалған сөз жеткiзу» бабымен істі болған жағдайлар кездеседі. Тергеушілер де істі жылы жауып қоя салуы мүмкін. Сондықтан мемлекет бұл күресті жандандыру жолдарын іздеуде. «Сөз тасыған» адамдарға сыйақы төлеу және қорғауға алу қағидалары өзгермек.
Қанша табыс әкеледі?
Биыл мемлекет пен қоғамның өзегіне түскен жегіқұртпен күрес жаңа деңгейге шығып, соны қарқын, тың тегеурінмен жүзеге асырыла бастауы тиіс. Президент «Әділетті Қазақстанда коррупцияға орын жоқ» деді. Сарапшылар күресті күшейту үшін қажетті заңдар барына назар аудартады. 2023 жылғы 3 қаңтарда, тарардың алдында ел Парламенті «Кейбір заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңды қабылдады. Бүгінде ол күшіне енді. Бұған қоса, ел Үкімет басшысы 2023 жылғы 8 ақпандағы өкімімен осы маңызды заңды іске асыру үшін қабылдануы қажет құқықтық актілер тізбесін бекітті. Ол құжаттар жобасы әзірленіп жатыр.
Жалпы, жемқорлық фактісін хабарлаған адамдарға сыйақы беру тетігі Қазақстанда 2015 жылдан белсенді қолданылады. Содан бері салада бірнеше рет реформа жасалды. 2021 жылғы қыркүйекте сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған немесе антикоррупциялық іс-қимылға өзгеше түрде жәрдемдескен азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді. Енді келтірілген шығын немесе пара сомасы 1 мың АЕК-тен асқан істер бойынша сыйақы бұрынғыдай нақты бекітілген мөлшерде емес, параның немесе келтірілген залалдың мөлшеріне қарай төленеді: 10% көлемінде. Бірақ ең жоғары төлем 4 мың айлық есептік көрсеткіштен (биыл 13,8 миллион теңге) аспауы тиіс.
Мысалы, 2023 жылдың басында Атырау облысының тұрғыны парақорды ұстап беріп, 12,2 миллион теңге сыйақы алды. Антикордың мәліметінше, ол облыс әкімінің бұрынғы орынбасарының қылмысын әшкерелеуге жәрдемдескен. 2022 жылғы мамырда Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев аса ірі көлемде пара алуға оқталғаны үшін 10 жылға сотталды. Себебі пандемияның қызған шағында, 2020 жылы Таубаев аурухананы салып жатқан құрылыс компаниясы директорының орынбасарымен кездесіп, одан тендер құнының 10 пайызы көлемінде «откат» талап еткен. Сөйтіп, 185 миллион теңге алуға келісіпті. Соның 120 миллионнан астамын алып жатқанда ұсталған деседі.
Ал Шымкентте биылдың өзінде 7 тұрғын жемқорлардың ішкен-жегенін құстырғаны үшін мемлекеттен қаржылай қошемет көріпті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғариннің сендіруінше, мекемені жемқорлық деректері туралы құлақтандыруда шымкенттіктер аса белсенді. Бірақ соның ішінен әзірге тек жетеуіне жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден астам сыйақы төленген. Бұл – олардың көмегімен әшкереленген параның және келтірілген шығынның 10 пайызы. Соған қарағанда, торға «шортандар» түсе қоймағанға ұқсайды.
Антикор дерегінше, 2022 жылы республика бойынша 134 адам жалпы сомасы 40,6 миллион теңге ынталандыру алды. Ең үлкен бірреттік төлем Атырау және Қызылорда облыстарының тұрғындарына аударылды.
Үздіктерден нені үйренгеніміз жөн?
«Құлақтандырушыларға» сыйақы төлеу – Қазақстанның құзырлы органдарының ойлап тапқан ноу-хауы емес. Ол батыстың тәжірибесінен алынды. Мысалы, АҚШ америкалық сайлауға Ресейдің араласуы және соған көмектескен жемқорлар туралы ақпарат бергендерге 10 млн доллардан ұсынды. Мол сыйақының кімге төленгені белгісіз қалды, бірақ солар ұсынған ақпарат негізінде Мәскеумен байланысты күштердің сайлауға қол сұққаны дәлелденіп, Ресейге қарсы санкциялар енгізілді.
АҚШ пен Еуропада Corruption hunter-лер әрекет етеді. The New York Times жетекші репортері Майкл Швирцтің айтуынша, мұнымен журналистер де белсенді айналысады, олар осы мақсатта журналистік консорциумдарға біріккен. Сонда олар екі жеп биге шығады: өз редакциясын сенсациялық, эксклюзивті, оқылымды материалмен қамтамасыз етеді әрі құзырлы органдардан дүниеқор қылмыскерді әшкерелегені үшін ақы алады. Осы мақсатта жемқорларды аулаушылар follow the money әдісін қолданады: қай салада шектен тыс көп қаржы шығындалса, сол маңайды коррупционерлер қарақтауы ықтимал.
«Қылмыскерлердің ұйымдасқан желілері бар, неге онда бізге де ұйымдаспасқа?» – коррупционерлерді аулаушылар желісінің негізін қалаушы Ева Джоли осылай дейді. Журналистерден, детективтерден, түрлі сала мамандарынан құралған желілер жылда жиналып, коррупцияны қудалауда қандай проблемаларға жолығатыны, оларды қалай еңсеруге болатыны, БҰҰ, ЭЫДҰ, FATF (қаржы жылыстатумен күрес тобы) сияқты халықаралық ұйымдардан жаһандық деңгейде қандай көмек, қорғау көруге болатыны жөнінде тәжірибе алмасады.
Қазақстанда әзірге мұның бірі де жоқ, үйренеріміз алда, үлгі аларымыз жетерлік. Осы орайда «егер әрбір ірі іске 14 миллионға дейін сыйақы беретін болса, онда неге бізде де мықты тергеу жүргізіп, жемқорлардың ізіне індете түсіп, соларды ұстаудан табыс табатын мамандар пайда болмады?» деген сауал туады. Мұның жауабы сан салалы.