Стратегиялық серіктестікке серпін берген сапар
Стратегиялық серіктестікке серпін берген сапар
789
оқылды
Президент Қ.Тоқаев АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті Қа­зақ­станның сыртқы саясатының негізгі басымдығының бірі деп жа­рия­лады. Жалпы, мыңжылдықтар то­ғысында азаттығын қалпына кел­тірген Қазақ елі үшін Амери­каның орны бөлек. Республиканың 90-жыл­дардағы тоқырау тозағы­нан құтылып, даму жолына түсуіне ықпал еткен тұңғыш ірі шетелдік инвестор да америкалық болды. Елдегі «жаһандық супергигант» үш мұнай кен орнын игеретін техно­логия КСРО-дан табылмады. Бес ша­қырым тереңдіктегі қара ал­тынды үлкен қысым күшімен шы­ғаруды бір жүйеден басқаратын арнайы қондырғысын АҚШ берді. АҚШ соңынан өзге шетелдік ин­весторлар Қазақ еліне ағылды. Алып державамен арамыз жақсы
Бүгінде Америка Құрама Штаттары – еліміздің жетекші экономикалық одақ­тасы. Ал Қазақстанға ең көп инвестиция құйған елдер арасында ол былтыр екінші орынға шықты. Осы орайда сарапшылар АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Астанаға ресми са­пары екі елдің ықпалдастығын арттыруға серпін беруі тиіс деп бағалап отыр. Мәр­тебелі мейманды қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық байла­ныс орнаған уақыттан бері екіжақты және көпжақты форматта өзара тиімді іс-әрекеттер жолға қойылғанына екпін түсірді. Мемлекет басшысы стратегия­лық маңызды көптеген салада «тамаша әрі сенімді ұзақмерзімді өзара серіктес­тік қатынастар орнады» деп жоғары ба­ғалады.
АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына кепілдік беріп отыр. Бұл туралы Ақ үйдің ресми сайтында, Блинкеннің сапарына арнал­ған материалда айтылған. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы қолдауы үшін Америкаға алғыс айтты.
– Сіздің сапарыңыз стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қауіп­сіздік, энергетика, сауда және инвестиция секілді маңызды стратегиялық салалар­дағы сенімді әрі ұзақмерзімді серіктестік қатынастарымыз өте жақсы. Сондықтан біз бұл ынтымақтастықты одан ары да­мытуға дайынбыз. Осы мүмкіндікті пай­даланып, Құрама Штаттардың тәуел­сіздігімізді, аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді тұрақты түрде берік қол­дап келе жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастық жөнінде айта келе, АҚШ Қазақстанға 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ірі инвестор­лардың бірі екені тілге тиек етілді. Э.Блинкеннің бағалауынша, берік орнаған қазақ-америкалық қатынасы одан ары да күшейе береді.
– 30 жылдан астам уақытта қол жет­кізген елеулі табыстарды екіжақты дең­гейде дамыту, серіктестігімізді тереңдету және нығайту маңызды. Тек соңғы жыл­дары осы бағытта маңызды әрі жаңа же­­тістіктерге қол жеткіздік. Біздің қа­рым-қатынастарымыз берік және байла­ныстарымыз күшейе түседі. Осы бағыт­тан айнымаймыз, – деген Энтони Блинкен өзара ынтымақтастықты ны­ғайтуға төл үлесін қосатынын нықтады. Америка дипломаты Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерге жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен, АҚШ Мемлекеттік хат­шысының осы маңызды сапары аясында Орталық Азияның 5 елінің және Құрама Штаттардың сыртқы саяси ведомстволары жетекші­лерінің С5+1 форматындағы саммиті өтті. Мемлекет басшы­сының байламынша, Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы осы кездесудің Астанада өтуі респуб­ликамыздың осы елдердің ынты­мақтастығын нығайтуға бағыттал­ған күш-жігерін паш етеді. Жиынға Э.Блинкеннен бөлек, Қазақстанның Сыртқы істер ми­нистрі Мұхтар Тілеуберді, Қырғыз­станның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сирод­жиддин Мухриддин, Түрікмен­станның Сыртқы істер министрі Рашид Мередов пен Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов қатысты. Олар экономи­калық және энергетикалық ынты­мақтастық, климаттың өзгеруі, сон­дай-ақ контртеррористік шара­ларды қоса алғанда көптеген мә­селелерді талқылады. Өзара қы­зығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасуды ары қарай жалғастыруға келісті.   сапарАҚШ жоғарғы билігінің биік лауазымды тұлғасы Орталық Азияда әріптестерін Астанада жинағаны үшін Қазақстан Президентіне және оның командасына алғысын біл­­дірді. Энтони Блинкеннің айтуын­ша, АҚШ Орталық Азия аймағы елдерін біріктіруге, анағұрлым тығыз байланыстар орнатуға, өзара ықпалдастық пен күш-жігерді практикалық жұмысқа шоғыр­лан­дыруға қатысуға ниетті.
– Бұл бүкіл Орталық Азия ха­лықтары мен Америка Құрама Штат­тарына пайдалы болады деп ойлаймын. Біз Қазақстанмен және ОА елдерімен ынтымақтастықты ең жоғары деңгейде дамытуды жақ­таймыз, соған берікпіз, – деді Мемлекеттік хатшы.
Елордадағы «С5+1» форма­тындағы кездесуде 6 елдің дип­ломаттары Орталық Азиядағы және әлемдегі ахуалды талқылады. Гүл­денген, тұрақты және бейбіт Ор­талық Азияны құруды ортақ ба­сымдық ретінде белгіледі. АҚШ-тың өңір елдерінің саяси және экономикалық реформаларына қолдау көрсететінін айтты. Соның арқасында осы ел­дердің өркен­деуіне, оларда заң үстемдігінің орнауына, адам құ­қықтарының сақ­талуына, өзара тату, достық қа­тынастардың терең­деуіне жағдай жасалады. Қорыта айтқанда, АҚШ пен орталықа­зия­лық елдердің сыртқы істер ми­нистрлерінің сам­митінде «конс­труктивті пікір ал­масу» жүзеге асты. Елдер әр мә­селедегі ұстаным бо­йынша келісті. Саммит аясында сыртқы саясат ведомстволарының басшылары екіжақты форматта да жүздесіп, жеке әңгімелескен.
«C5+1 елдері ортақ міндет қа­былдады, сондай-ақ ортақ мақ­сат, мұраттарды айқындады», – деп қо­рытты Мемлекеттік хатшы Э.Блинкен.
Қазақстанның тұтастығын қолдайды Бірқатар сарапшы бұл сапар тосын болғанын, сондықтан Аме­риканың жоғары лауазымды өкі­лінің Қазақстанға нендей мақсатпен келе жатқаны алдын ала белгісіз болғанын айтып қалды. Президент жанындағы Қазақстанның страте­гиялық зерттеулер институты ди­ректорының орынбасары Санат Көшкімбаев мемлекеттердің бұл сапарға мұқият дайындалғанын қаперге салды.
«Энтони Блинкен Мемлекеттік хатшы лауазымында Қазақстанға, бүкіл Орталық Азияға тұңғыш са­парын жасады. Бұл қатардағы сапар емес. Бірақ бұл күтпеген сапар да емес. Өйткені ол сапар біраз бұрын, 2022 жылдың қыркүйегінде, БҰҰ Бас ассамблеясының 77-сессиясы кезінде жоспарланды. Сонда Блин­кен мырза ОА елдерінің сыртқы істер министрлерімен 2023 жылдың ақпанында Астанада жүздесуге уағдаласқан болатын. Содан бері күн тәртібіне шығарылатын мә­селелер пысықталды. Ал C5+1 фор­матының құрылғанына жеті жылдан асты. Оның аясында сауда, инвес­тиция, көлік, коммуникация, су, энергетика, қауіпсіздік салала­рындағы өзара ынтымақтастық табысты жүзеге асырылып жатыр. Тараптарды бірінші кезекте осы мәселелер қызықтырады», – деді ҚСЗИ директорының орынбасары.
Оның пайымдауынша, осы салалардағы тығыз қарым-қаты­настар халықтарымыздың әл-ау­қатын көтеруге, стратегиялық се­ріктестікті нығайтуға, алыс-беріс пен барыс-келіс қарқынын артты­руға септеседі.
«Біз үшін маңызды бір мәлім­деме жасалды. Сапар аясында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Құрама Штаттардың Қазақстанның және Орталық Азия елдерінің азаттығы мен территориялық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді. Қазіргі геосаяси ахуал ушыққан алмағайып заманда мұның мән-маңызы зор. Ол елімізде жұмыс істеп жатқан, сондай-ақ алда келуді жоспарлаған инвесторларға да сенім береді. Бұдан бөлек, Орталық Азия мен АҚШ-тың ортақ күн тәртібіне сауда, экономикалық қатынастарды кеңейту және тереңдету, энерге­тикалық дағдарысты болдырмау, экологияны жақсарту, қауіпсіздікті күшейту мәселелері шығып отыр. Американың осы салалардағы өңірлік ынтымақтастықты, коопе­рацияны қолдауы да аса маңыз­ды», – деді Санат Көшкімбаев.
Ол саммитте жаһандық мәсе­лелер де талқыланғанын жеткізді, аймақ республикалары, Америка бұдан сырт қала алмайды. Әсіресе, Украинадағы соғыс, Ауғанстандағы күрделі жағдай, халықаралық есірт­кі саудасына тосқауыл қою, экс­тремизммен, терроризммен күрес мәселелері өзекті. Аймақ елдері Батыстың Ресейге қарсы санк­ция­ларының өздеріне таралмауын, зиянын тигізбеуін қалайды. Оның да амал-әдістері жөнінде өзара ақылдасып отырған абзал. Санкцияның салқынынан сақтауға көмектеседі Қазақстан Ресеймен бір одақта болғандықтан, әрі сауда, эконо­микалық байланыстары­мыздың ауқымының үлкен болуына байла­нысты солтүстік көршіге салынған қатаң санкциялардың ызғарын, теріс салдарларын жанама болса да, сезіп отыр. Ресми Астана осыған қатысты алаңдаушылығын жеткізді. Э.Блинкен бұл мәселені білетінін, Қазақстан мен Орталық Азияға тікелей бағытталған санкция­ла­рының жоқтығын, ал жанама әсер­лерді бірлесе еңсеруге болатынын мәлім етті. Бірінші кезекте санк­ция­лардан Қазақстанның жанама шы­ғындарын өтейтін тетік қажет­тігін баса айтты. Бұл тұрғыдан Ақор­да мен Ақ үй ортақ тоқтамға келіп отыр. Сондықтан сарапшылар Америка сыртқы саясат жетек­шісінің сапарын өнімді, жемісті деп бағалады.
«АҚШ Қазақстан Президентінің саяси реформаларын толығымен қолдайды. Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкеннің Қазақстанға алғашқы ресми сапары табысты өтті. Тараптар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың, экономикалық және инвестициялық салала­рын­дағы қатынастардың барлық ке­шенін одан ары жандандыруға үміт білдірді. Энергетикалық қауіп­сіздік, климаттық өзгерістер, көлік мар­шруттарын әртараптандыру, санк­циялық шектеулер жағдайында өзара сауда саласындағы ынты­мақтастықты ілгерілетуде тарап­тардың мүдделерін ескеру туралы өзара түсіністікке қол жеткізілді», – деп мәлімдеді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі.
Әлеуметтанушы Исатай Ми­нуаровтың айтуынша, тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Уоррен Крис­тоферден (1993-1997) және Рекс Тиллерсоннан (2017-2018) бас­қа АҚШ мемлекеттік хатшыл­а­рының бәрі Қазақстанға ресми сапар жасапты. Мұның сыртында қазақстандық және америкалық дипломаттар екі елде немесе түрлі құрылтайлар аясында үнемі кезде­седі, байланыстар үзілген емес. Саяси шолушы Асхат Қасенғали АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапарының үш қоры­тындысын атады.
«Блинкен Орталық Азия ел­дерінің ішінде жалғыз Қазақстанның басшылығы ғана В.Зеленскиймен тікелей байланыс ұстап отырғанын жоғары бағалайтынын айтты. Бұл да маңызды. Екіншіден, Қазақ­станға ешқандай санкция салын­байды, себебі де жоқ. Ол тіпті тал­қылан­байды. Бұл да жақсы. Кең тыныстауға мүмкіндік. Үшіншіден, ең ма­ңыздысы – инвестиция. Биыл­дан бастап инвестицияны кө­бейтеміз деді. Инвестиция дегеніміз ақша, халыққа жұмыс, технология транс­фері деген сөз. Қысқасы, қа­зіргі геосаяси ахуалда Батыс дер­жавалары Қазақстанмен жақсы байланыста болуды көздеп отыр. Барлығымен достық қатынасты сақтап қалу керек», – деді сая­саттанушы.
Энтони Блинкен Қазақстаннан соң Өзбекстанға және Үндістанға аттанды. Бұлардың бәрі Ресейдің одақтастары. Сондықтан халық­ара­лық сарапшылар түрлі топшылау жасап жатыр. Еуразия кеңістігінде қақтығыстар күшейген кезде, Ре­сейдің Украинаға шапқыншылы­ғына бір жыл толғанда, төрткүл дүниені билеп тұрған АҚШ Орталық Азияға бас дипломатын жіберді. Бұл біздің өңіріміздің стратегиялық маңызының артқанын көрсетсе керек.