Бюджет қаржысын оңды-солды шашып, мақсатсыз жұмсағандарға жұмсақтық танытатын елде айыппұлсыз жан бағу қиынға соққан секілді. Өйткені соңғы жылдары атқамінерлер өздері жұмсаған ақшаны халықтың қалтасын қағудың арқасында толтырып алатын тың тәсілді ойлап табуға әуестеніп алғандай. Айталық, әкімдіктер тар жерді тамаша қылып құрылыс салуға рұқсат береді. Ал ертең оның зардабын да халық көреді. Салдарынан таңертең және кешкісін көшедегі көлік кептелісі, таңмен таласып тұраққа таластыру аз болғандай, қарға адым аттаса ақылы тұраққа байланған жұрт айыппұлдың астында қалды. Осылайша ұшы-қиыры жоқ кең байтақ жерімізде тыныс алудың өзі қиынға соғып жүргені жүргізушілердің қытығына тиіп келеді. Оның үстіне жылына екі рет жол ережесіне қатысты айыппұл мөлшерін арттыру қалтаға ғана емес, жүйкеге де салмақ сала бастады.
Былтыр «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, полиция қызметкерлерінің заңды өкіміне бағынбайтындарға 103 500 теңге айыппұл салынады. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 15-тен 20 күнге дейін қамауға алынады. Ал қамауға алынбайтындар үшін жаза ретінде бұрын 153 150 теңге айыппұл қаралса, қазір 50 АЕК – 175 500 теңге айыппұл арқалатады.
Биылдан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға салынатын айыппұл көлемі тағы өскен. Нақтырақ айтсақ, «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшері – 70 мың теңге, ал айлық есептік көрсеткіш 3450 теңге болып бекітілді. Әлбетте, оған сәйкес айыппұлдардың да көлемі ұлғаяды. Ішкі істер министрлігінің өкілдері бұл сөзімізді растап отыр. Мысалы, елдегі АЕК мөлшері өскен сайын айыппұл да өздігінен өсе береді.
Байқасақ, бүгінде айыппұл мөлшері жыл санап емес, ай сайын өсетін секілді. Себебі, екі ай өтер-өтпестен Үкімет жол ережесіне қатысты заңнамаға түзету енгізудің амалын қарастырып жатыр. Жақында Әділет министрлігі автокөлік иелеріне жаңа айыппұл салуды ұсынды. «Ашық НҚА» сайтының жария талқылауына шығарылған «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат жылдамдықты арттыру және басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдарды өзгертуді қарастырады. Заң жобасының авторлары жылдамдықты асырғандарға енді 138 мың теңге мөлшерінде айыппұл салу қажет деген тоқтамға келіп отыр. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұлды 207 мың теңгеге дейін ұлғайту ұсынылған. Одан басқа жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін реттейтін жаңа норма қарастырылуы мүмкін. Атап айтқанда, жүргізушілер көлік жүргізу кезінде жолаушы есіктерді ашып, терезеден немесе люктен шығып, басқа да ұқсас әрекеттерді жасаса, 34 мың теңге айыппұл салу ұсынылды. Қарсы жолаққа шыққаны үшін 103 500 теңге мөлшерде айыппұл салынса, соның салдарынан басқа көліктер немесе мүлік бүлінген болса, онда түзетулермен тоғыз айға жүргізуші куәлігінен айыру көзделеді. Белгіленген қозғалыс жылдамдығын сағатына 40-тан 80 шақырымға дейін асыру 69 мың, сағатына 80-нен асырса, 138 000 теңге айыппұл салынады. Бір жыл ішінде рұқсат етілген жылдамдықты жадына сақтамағандар 207 000 теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Көлікті жаяу жүргіншілер жолына қалдыру немесе жүру, қарсы бағытқа шығу бойынша айыппұл көлемі де 103 мың теңге.
«Сергекке» сенім бар ма?
Бір жағынан үкіметтің ұсынысы орынды. Өйткені жол ережесін білмейтін жүргізушілердің жүгенсіздігі жол-көлік апатына жиі себеп болады. Әйтсе де халықтың да өз уәжі бар. Алматылық Рүстем Дадабаев айыппұл салмас бұрын жүргізушілердің жол ережесін сақтауына мүмкіндік беретін жағдайды қарастырып алу қажет екенін жеткізді. Өйткені қазіргі жағдайда тар көшенің шұрқ тесік жолдарында ереже сақтаудың өзі мұңға айналған. «Жүргізушілердің тәртібін түзегісі келетіндер ең алдымен бір жыл өтпей ойылып жататын жолдарды жөндеуге нұсқау бергендер мен құрылыс жүргізген компаниялардың үстінен қылмыстық іс қозғату керек. Қазақстанды бейнекамера мен айыппұл еліне айналдырғысы келетіндер айналып келгенде өздерінің жемсауын жұрттың ақшасымен толтыруды ғана ойлап отыр. Мысалы, айыппұлды өсіру арқылы бюджет қаржысын толтырса, екінші жағынан жүргізушілерге жоғары айыппұлды төлегеннен полицияға ауызбастырық берген әлдеқайда тиімді», - дейді ол. Жолаушы тасып күнін көріп жүрген ол: «Салық төлейсің. Ойық жолдардың «арқасында» ай сайын көлікті жөндеу керек. Тұраққа тоқтаған сайын ақша төлейсің. Аспандаған айыппұлы бар. Ал қанша жерден заңға өзгеріс енгізгенімен, олардың қалтасына ешқандай салмақ салмайды. Өйткені айыппұл өсіргіштер жол ережесіне жүрдім-бардым қараса да, жоғары жылдамтықпен жүйткісе де бәрібір. Өйткені оларға барлығы рұқсат. Себебі өзім араласып жүрген таныстарымның арасында «Сергекте» туыстары барлар айыппұл салдырмаудың амалын жасап береді. Оның қасында шенеуніктердің өздері мен туған-туыстарына айыппұл салдырмаудың мүмкіндігі молынан екені түсінікті» деп отыр.
Елорда тұрғыны Дәулет Асанның пікірі де осыған ұқсас. «Жүргізушілер сағаттап көлік кептелісінде тұрады. Көше тар. Кейбір көшелердегі жол белгілері ретсіз қойылған. Мысалы, басты жолдардың кейбірінде солға бұрылу үшін 2-3 бағдаршамды артқа тастап айналып келесің. Сондықтан айыппұлды арттырып, тәртіпті қадағалау мүмкін емес. Ең алдымен жүргізушілер жылдамдықты арттырмау үшін қала көшелерінде кем дегенде үш жолақты қалыпты жабыны бар сапалы жол салып берсін. Кептеліссіз және қиындықсыз жолда жүргізуші жол ережесін сақтамаса, онда айыппұлды арттыруға болар еді. Ал қазір жұртты жан-жағынан қысып, өмір сүруін қиындатудың соңы жақсылық емес», - дейді Дәулет Асан.
Оның ойынша, заңға түзету енгізуден қолы тимейтін үкімет мүшелерінің жалақысын елдегі орташа айлық мөлшерінде тағайындау керек. Жұрт секілді қоғамдық көлікке отыруды міндеттеп, балаларын да мемлекеттік емхана мен мектептерде, балабақшаларға баруын талап етілсе, жұрттан бөлек өмір сүріп сүретін шенділердің ақылға қонымсыз айыппұлдары азайып қалуы мүмкін.
Сұйық статистика, сауатсыз стандарт
Жол-көлік оқиғаларының статистикасының күмәнді тұсы көп. Отставкадағы полиция подполковнигі Дүйсенбек Гайсиннің сөзінше, жауапты мекемелер өз есептерінде жол оқиғаларының басты себебін жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің саналы түрде жолда жүру тәртібін бұзғаннан іздейді. Бірақ бұл тұжырымға кейбір адамдардың көшеде, жолда жүру мәдениетінің төмендігін, жүргізушілерді дайындаудағы үлкен кемшіліктерді, жол қозғалыстарының дұрыс ұйымдастырылмауы мен сала мамандарының кәсібилігінің төмендігін де қосу керек. Оның үстіне, жол апаттарының статистикасы мен одан келетін залал-зардапқа есеп жүргізуде көптеген олқылық бар. Мысалы, жол апатынан жарақат алғандар 1 айдан кейін қайтыс болса, ол қаза болғандар емес, жарақат алғандардың статистикасына кіріп кетеді. Бұл жол қауіпсіздігіне жауап беретін органдардың жауапкершіліктен қашу үшін жасаған таптырмас тәсілі. Сұйық статистикадан кейін алдын алу шараларының да нәтижелі болуы екіталай екенін айтқан Дүйсенбек Гайсин: «Қыруар қаржы бөлініп, бейнебақылау камералары қойылып, жолайрықтары салынып, заманауи техникалармен жабдықталған бекеттер, патрульдік автокөліктер нәтижені жақсартпай отыр. Оның себебі де жоқ емес», - дейді.
Бүгінде жол апатының алдын алу тек полицияға жүктелген. Осы іске жоғары, арнаулы оқу орындарын, түрлі мекемелерді, қоғамдық ұйымдарды тарту ақсап тұр. Оның пайымынша, жол инфрақұрылымын салу, қозғалысты ұйымдастыру, стандарттарды, «Жол қозғалысы туралы» заң мен жол ережесінің сақталуын қадағалау тек арнаулы техникалық білімі бар мамандардың қолында, мамандандырылған мекемелердің құзырында болу керек. Өкінішке қарай, бізде жол қозғалысын ұйымдастыруға, стандарттарды қалыптастыруға ғылыми тұжырымдарды пайдалану кемшін. Жол ережесінде көптеген мәселе нақтыланбаған және жол апатына себеп болмайтын ұсақ талаптар көп. «Мысалы, таулы, үнемі тұман өлкелерде жарықты күндіз жағып жүру қажет. Ал жарықты күндіз қала, ауыл ішінде жағып жүрмеу жол апатына негіз емес. Амалсыздан жол ережесін бұзуға, жол сызықтарын еріксіз басуға, жол белгісінің талабын бұзуға тура келген жағдайларда жүргізушіге рұқсат берілетін шаралар берілмеген. Соңында жүргізуші жанжақты нақтыланбаған ереже үшін кінәлі болады, жазаланады. Заң тұрғысынан алса, полицияның талабы дұрыс, ал негізінде жүргізуші ол қателікті амалсыздан жасаған. Бұл да нақтыланатын мәселелердің бірі. Айналмалы жол қиылыстарындағы қозғалыстың да түсініксіз жерлері бар», - дейді ол.
Сондай-ақ отставкадағы полиция подполковнигі жол көлік оқиғаларында бұзылатын дәстүрлі баптар барын жеткізді. Бізде түсіндіруден гөрі қателескенін күтіп, жазалауға әуестік басым. Сол үшін жол ережесіне сауатты сараптама жасалып, содан кейін ғана заңға өзгеріс енгізу қажет-ақ. «Жол қозғалысы туралы заңға және жол ережесіне соңғы бес жылда мардымды өзгерістер енгізілген жоқ. Ал әкімшілік және қылмыстық кодекстерге жол ережесін бұзғандарды жазалау жыл сайын, кейде жылына 1-2 рет қатайтылады. Қазіргі өзгеріс те соның кезекті жалғасы. Жүргізушілер саналы түрде жол ережесін бұзса жазалау қажет. Олай болса жол қозғалысын дұрыс ұйымдастырмағандар, сапалы жүргізушілерді дайындамағандар неге жазаланбайды? Бізде дұрыс ұйымдастырылмаған жол қозғалысынан, жолдың тайғақтығынан орын алған жол апаты үшін ешбір мекеме жауапқа тартылмайды», - дейді Дүйсенбек Гайсин.
Бақылау болмаса бәрі бекер
Кезінде ІІМ жол полициясы комитетін басқарған Өмірзақ Түсімовтің өз айтары бар. Оның айтуынша, 90-жылдардың ортасынан бастап жыл сайын жол апатының өсу үрдісі байқалған. Бұл қайғылы үрдіс кейінгі жылдары да жалғасты. Мысалы, 100 зардап шегушінің 19-ы қаза тапқан.
«Сол кездері ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшыларымен бірге ТМД елдері мен шет мемлекеттердің жол-көлік саласындағы озық тәжірибелерді зерттедік. Кейін біз де Астана мен Алматы, Қарағанды, Өскемен сияқты бірқатар ірі қалаларда процессингтік орталықтармен ЖҚЕ бұзушылықтарын бейнебақылау және тіркеу жүйелерін кеңінен енгізуді ұйымдастырдық. Көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау және қайта даярлау жөніндегі лицензиялық қызметті енгізу, автокөлік құралдарының қауіпсіздігі үшін талаптарға өзгеріс енгізу секілді бірқатар нақты шаралар жол қауіпсіздігі деңгейін біршама арттыруға мүмкіндік берді», - дейді ол. 2008 жылдан бастап жолдардағы жағдайды жақсартуға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің жаңа нормаларын іске асыру да айтарлықтай әсер еткен. Сондықтан Өмірзақ Түсімов жол ережесіне қатысты заңнамаларды қатайту жол-көлік апаттарының азаюына көмектесетінін айтады. Бірақ жазаның бұлтартпаушылық принципі қамтамасыз етілу керек. «Бізде жаза негізінен заңға бағынатын жүргізушілер, кездейсоқ жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға арналған секілді. Ұрылар, шенеуніктер мен айыппұл төлемейтін қаскүнем жүргізушілерден айыппұл өндіріп алудың қазіргі шарттарын 100 пайыздық өндіріп алумен қамтамасыз етілмесе болмайды. Себебі қазір айыппұлды қарапайым құқық бұзушылар төлейді, ал бай-бағландар жолдарда еркін жүреді», - деген ол цифрландыру және қатайту арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін еместігін жеткізді.
– Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін тұрақты негізде ЖҚЕ бойынша алдын алу және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Қазір бұл тек жағдайдан жағдайға қарай жүргізіледі. «Жолаушылар тасымалын, қауіпті жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі жұмыс бақыланбайды. Көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізуді, көлік құралдары конструкцияларының саны мен сәйкестігін жыл сайын нақтылауды бақылау жоқ. Қазір полиция жол қозғалысын ұйымдастыру және қалалар мен елді мекендердің көше-жол желісінде жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын орнату мәселелерін зерттемейді. Тіпті бақыламайды, есебі жүргізілмейді. Автожолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу, көше-жол желісінде авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу барысы да бақылаусыз. Меніңше, полиция қызметкерлері жолдарды пайдалануға қабылдау жөніндегі комиссиялардың жұмысына қатысу керек. Автожолдар мен жол құрылыстарын күтіп-ұстауға және пайдалануға бақылау жоқ. Бұрын осы мәселелермен айналысқан қызметкерлер саны азайды, ал кейбір аймақтарда бұл мамандар мүлдем жоқ.
Соңғы жылдары республикалық маңызы бар жолдарда бақылау пунктері істемейді. Ал қазір қаза тапқандардың 50%-ы қала сыртындағы жолдарда қайтыс болады. Жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелеріне осындай көзқараспен жолдардағы жағдай жақсармайды, тек нашарлайды, - дейді ІІМ органдарының құрметті ардагері Өмірзақ Түсімов.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, аспандаған айыппұл жол-көлік апатын азайтуға кепілдік бермейді. Сондықтан атқамінерлер халық сұранысына сай сауатты шешім қабылдап, тиісті заң талабын сақтауды өздерінен бастауды үйретіп, өзгелерге үлгі болуы керек-ақ.