Соңғы кездері Ақмола облысында бұралқы иттерге қатысты мәселелер жиіледі. Біреулер көше кезген қаңғыбас иттерді мүлде жоюды талап етсе, екінші тараптан жануарлар жанашырлары иттерді қорғау керек деп шырылдайды. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң шыққалы бері еліміздің қай аймағында болмасын қаңғыбас иттер көбейді. Сәйкесінше, жағдайды дереу өз пайдасына жаратқан пысықайлар да табыла кетті. Әлеуметтік желіде елорданың дәмханалары мен мейрамханаларына сиыр, қой еті деп иттің етін жеткізіп жүрген саудагер жайындағы әңгіме желдей ескен. Дереу іске кіріскен тәртіп сақшылары кәсіпкердің үйінен 750 келіден асатын ит етін тапқан. Бұралқы иттерді әр өңірден атып, елордадағы тамақтану орындарына еш қымсынбастан өткізіп келген ол бұл істі біршама уақыт бұрын жолға қойып алған болып шықты. Яғни, осы уақытқа дейін осы кәсіпкерден ит етін алып келген дәмханалардан мыңдаған астаналық тұрғын мен қала қонағы тамақтанғаны сөзсіз. Жаға ұстатар сұмдық жағдайды Inucobo жануарларды қорғау ассоциациясы хабарлады. Олардың айтуынша, ит етін сатушының қылмысын анықтау үшін олар итті сатып алушылар ретінде байланысқа шыққан.
– Біз күдіктімен ит етін аса ірі мөлшерде сатып алғысы келген тұтынушы ретінде таныстық. Әңгіме барысында бұл адамдардың Ақмола облысы бойынша бұралқы иттерді аулайтыны анықталды. Ол жігіт ешнәрседен де қорықпай, бұл іспен біраз уақыттан бері айналысып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді. Айтуынша, сол сәтте қоймасында 700 келіден артық ет болыпты. Әрі тек ірі партиямен ғана өткізетінін жеткізді. Ит етінде оқ-дәрілердің де болуы мүмкін екен. Сондықтан мұқият әзірлеу керек екенін тәптіштеп түсіндірді. Ол еріктілер және полиция қызметкерлерінің көмегімен қолға түсті. Тінту кезінде шынында оның үйінен 750 келіден астам ит еті тәркіленді. Бірақ тергеуден кейін ешқайда шықпау туралы қолхат алып, оны босатып қоя берді, – дейді Inucobo жануарларды қорғау ассоциациясының президенті Лилия Сәрсенова.Расында да, әлеуметтік желілерді кезіп кеткен аудиожазбада ер адам Астанадағы дәмханалардың көбін ит етімен қамтамасыз етіп отырғанын әрі оны ешқандай да улы емес екенін ашық айтады. Тіпті, ол өз тауарының дәмін де татып көрген екен. [caption id="attachment_242688" align="aligncenter" > © коллаж: Қуаныш Сапарбаев[/caption] Дәмханалардың бұл етті келушілерге қой яки сиыр еті деп ұсынғаны белгілі. Ал ол бұралқы иттер неше түрлі ауру болуы да әбден мүмкін. Бұл орайда дәмханалар мен мейрамханалар ұсынған тағамдарының сапасы мен құрамына тексерілмейтіні мәселенің төркіні арыда жатқанын айғақтайды. Өйткені қолданыстағы заңға сәйкес тиісті фактілермен нақты арыз-шағым түспесе, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тамақтану орындарын тексере алмайды. Оның үстіне, бизнесті тексеруге мораторий жариялануы жауаптыларға қолбайлау. Ал осыған дейін Алматы облысының Қарасай ауданында да ит етін дәмханаларға саудалауы бұл түйткілдің жүйеленіп бара жатқанын анық аңғартады. Біз түйінді мәселе жайлы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының қандай құзыреті бар екені жөнінде Ақмола облыстық СЭС департаменті басшысынан сұрап көрдік. Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, қазіргі уақыт санитарлық қызмет орын саны 50 адамнан асатын тамақтану нысанын ғана жоспарлы түрде тексере алады екен.
«Қалған қоғамдық тамақтану нысандары жоспарлы түрде тексеруге жатпайды. Қоғамдық тамақтанудың барлық нысанына қатысты жоспардан тыс тексеріс адам денсаулығына, қоршаған ортаға және заңды және жеке тұлғалардың заңды мүддесіне нақты залал келтіретін, яғни оларды сақтамау адамның өмірі мен денсаулығына зақым келтіруге әкеліп соғатыны расталған дәлелдер болған жағдайда жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жүргізіледі», – дейді Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.Тексеру жүргізген тергеушілер ит етін сатқан кәсіпкердің Шортанды ауданының азаматы екенін анықтаған. Бірақ тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты Астана қаласының Полиция департаменті әзірге қандай да бір ақпараттың жариялауға жатпайтынын мәлімдеді. Өзекті мәселе жуық арада шешімін табуы да екіталай дүние сияқты. Өйткені бұралқы иттер елдің бар аймағында тым көбейіп жатыр. Сол секілді ортамызда әлі де ұят пен ардан безіп, ит етін сатып пайда тауып жүргендердің болуы мүмкін. Мұнымен қоса, жануарлардың жанашырлары мен қаңғыбас иттерді құрту керек деп екіге жарылған қоғамның арасындағы даудың да күшеюі жақсылыққа апармайтыны сөзсіз. Сондықтан жауаптылар аталған мәселені толықтай зерттеп-зерделеп заңға да өзгерістер енгізетін уақыт жеткен сияқты.
Ақмола облысы