Балалық па, шалалық па?
Балалық па, шалалық па?
© коллаж: Елдар Қаба
1,586
оқылды
Жамбыл облысында жасөс­пірім­дер арасындағы қылмыс дендеп тұр. Боп­салау, ұрып-соғу, ұрлық, ерте жүк­тілік пен өз-өзіне қол салу сияқты фак­тілер азаймаған. Күрмеуі қиын мә­селені жауаптылар сансыз жиынға салып талқылағанымен, одан нәтиже шы­ғар емес. Керісінше, жастар бұ­за­қылығы мен өз өмірін қиюға әрекет ету деректері еселеп өсіп кетті. Мұн­дайда қайтпек керек? Түйінді түйт­кілдің тамырын тап басып, қалай тар­қатамыз? 20 күнде 19 қылмыс Екі оқушы жүкті Тараз қаласы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызмет бөлімінің ювеналдық полиция бөлімшесінің берген ақпаратына сүйенсек, биылғы ақпан айының өзінде кәмелеттік жасқа толмаған жастар арасында 19 қылмыс тіркелген екен. Құқықбұзушылықтың денін жай­сыз және толық емес отбасылардан шық­қан балалар жасаған көрінеді. Сондай-ақ ала таңнан кеш батқанға дейін жұмыста жүріп, балаларын қараусыз қалдырған отбасы­ларда қылмыс деректері көп тірке­луде. Мәселен, құқық қорғау органдары рейдтік шаралар барысында 155 жас­өспірім­ді полиция бөліміне жеткізсе, 49 жас профилактикалық есепке алынған. Әрине, бұл – алаңдайтын көрсеткіш. Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, қала мектептерінде «Тараз – қауіпсіз қала», «Қиын жасөспірім – қиын ба?» сияқты ша­ра­лар ұйымдастырылып жатса да, жас­өспірімдер арасындағы қылмыс азаймай тұр.
– Жалпы білім беретін мектептерде 76 989 бала білім алып жатыр. Ал 240 бала кешкі мектепте оқытылады. Жайсыз деп 65 отбасы анықталса, есепке тіркелген отбасыларда 148 бала тәрбиеленіп отыр. Былтыр кәмелетке толмаған жастар­ға қатысты 69 қылмыс жасалса, бұл 2021 жыл­мен салыстырғанда, 15 қылмысқа кө­бейгенін көрсетіп тұр. Сондай-ақ 2022 жылы оқушылардың 25 қылмысы тіркелсе, мұнда да қылмыстың көбейгенін байқауға болады. Жастар қолымен жасалып жатқан қылмыстардың дені – денеге жарақат салу, бұзақылық, ұрлық және 16 жасқа толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсу фактілері. Нәтижесінде, 129 бала мек­тепішілік есепке алынса, полиция бөлім­дерінің тізімінде 63 бала есепте тұр, – дейді Раушан Пернешқызы.
Ал биыл 16 жасөспірімге қатысты қылмыс жасалса, қаңтар айында №25 орта мектепте болған құқықбұзушылық қыл­мыс жасы жетпеуіне байланысты қысқар­тылған. №46 орта мектеп оқушысы бұзақылық жасаған, қазір тергеу амал­дарының жүруіне байланысты оның қыл­мыс­тық деңгейі анықталуда. Биылғы ақпан айында 2 мектеп оқушысы жүкті екені белгілі болды. Қазір жауапты мамандарға тиісті шаралар қолданылып, тәртіп сақшылары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 19 жас өз-өзіне қол салуды ойлаған Жастар арасындағы алаңдайтын тағы бір мәселе – суицид. Бұл көрсеткіш бойынша да Жамбыл облысы алдыңғы қатарда. Билік өкілдері жастардың өз-өзіне қол салу деректеріне қатысты ақпаратты барынша жұмсартуға тырысқанымен, статистика басқаша сөйлеп тұр. Былтыр қыркүйек айында 14 жастағы жасөспірім 12-қабаттан секіріп кетіп, мерт болғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім ажал алдын­дағы хатын қалдырып кеткенімен, жас­өспірім суицидке не себепті барғаны әлі жұмбақ. Негізі, дәл осы суицид деректеріне келгенде, сандар сан құбылып жатады. Облыстық Полиция департаменті Ювенал­дық полиция бөліміне хабарласқанымызда, ондағы мамандар былтыр 1 дерек қана тіркелгені туралы ақпар берді. Ал Тараз қалалық Полиция басқармасының статистикалық мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы мектеп оқушылары арасында қайғылы аяқталған 2 суицид оқиғасы болған. Сондай-ақ 1 оқушы өз-өзіне қол салуға ұмтылған. Атап айтсақ, 24 қыркүйек күні сағат 15.30 шамасында А.Н. есімді мектеп гимназиясының оқушысы Абай даңғылы бойындағы көпқабатты үйдің балконынан секіріп, қаза тапқан. Дәл сондай өткен жылдың 11 қазан күні түнгі сағат 00.51 шамасында Қ.Ж. есімді оқушы үйінің алдында тұрған көлік тұрағында жіпке асылып қалған. Ал 8 наурыз күні полиция бөліміне Бұрыл иінінде тұратын кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы хабар түскен. Абырой болғанда ол аман қалды. Бұл – құқық қорғау органдарының бізге берген ақпараты. Оның өзі суицид деректерін әр құрылым әрқалай көрсетеді. Осыған қарап, бәлкім жастардың өз-өзіне қол салу фактілері бұдан да көп пе деген ой келеді. Олай дейтініміз, жуырда ата-аналарының рұқсатымен білім саласының мамандары мектеп оқушылары арасында суицидке бейімділік туралы сауалнама алды. Нәтижесінде, 19 оқушы өз-өзіне қол салуды ойлап жүргендері туралы жазған. Мұндай жауаптан төбе шашы тік тұрған мамандар 19 оқушыны 7 емханаға бекітіп, қазір олармен психологиялық жұмыстар жүргізуде. Мәселені қалай шешеміз? Әрине, жас өскіннің бүршік жармай жатып, қылмысқа барып, өз-өзіне қол салуы – жантүршігерлік жағдай. Мұндай күрмеуі қиын түйткілдің түйінін қалай тарқатамыз? Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, жастарға қатысты мәселе әкімдік кеңсесінде емес, білім ордаларында талқылануы қажет. Яғни, жиынға ата-ана мен балаларды қоса қатыстырып, полиция мамандары тергеу амалдары мен мұндай қылмыстардың соңы неге апаратынын ашық айтып беруді ұсынғаны жөн. Бір сөзбен айтқанда, бөлім басшысы жастар мәселесіне басқа қырынан келіп, шешудің тың тәсілін табу қажеттігін айтады. Ал психолог Арай Мәлімбаева жас­тармен жастар тілінде сөйлесу қажеттігін алға тартады.
– Қазір әлем бойынша өз-өзіне қол жұмсаудың 80 түрі анықталып отыр. Оның ең көбі – биіктен секіру. Бұған бүгінде жастардың көбі барып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан ең бірінші осыған назар аударуымыз керек. Осыған дейін ата-анаға баласымен үлкендерше сөйлесу туралы кеңес айтылып келді. Алайда одан шығып жатқан нәтиже аз. Сол себепті бұл жүйені өзгертіп, жастармен жастар тілінде сөйлесуді қолға алу қажет. Егер оның пси­хологиясына еніп, ой-санасының ашылу кілтіне жол тапсаң, жастардың өмірге деген көзқарасын да өзгертуге болады, – дейді психолог.
Психолог маманның сөзі орынсыз дей алмайсың. Себебі өз-өзіне қол салуға әре­кет еткен жастардың көпшілігінен махаб­бат сезімі жауапсыз қалғаны, ойындағы дүниесі жүзеге аспағаны, замандастары тарапынан кемсіту көргені немесе дүние­ден озған жақынының артынан барғысы келгені секілді қиялға жақын жауаптар естіп жатасың. Сондықтан тұманданған ойға одан сайын салмақ салмай, жастармен жастар тілінде сөйлескен дұрыс шығар. Бірақ ондай маманды қайдан табасың? Жуырда Тараз қаласы әкімдігінде өткен жиында шаһарда суицидолог мамандардың тапшылығы күн тәртібіне көтерілді. Алай­да қанша талқыға салынғанымен, бір ше­шімін таппады. Жауаптылар мектептердегі психолог мамандардың жұмысын жүйелеу керек деген ғана тоқтамға келді. Ал облыс­тық Денсаулық сақтау басқармасы өңірдің бас штаттан тыс суицидолог маманы тағайындалғанымен, кадр тапшылығына байланысты оны өзге жүктемеден босату мүмкіндігі болмағанын ашып айтып отыр. Сондай-ақ аудандық орталық аурухана­ларда да суицидтің алдын алу бойынша жұмыстар дәрігерлер мен психиатрларға жүктеліп отыр.   P.S.

Міне, байқап тұрсаңыздар, жастар мәселесімен айналысатын маманның өзі тапшы болып отыр. Мұндайда жастар қылмысы мен өз-өзіне қол салу фактілерінің алдын қалай аламыз? Бәлкім, білім ордалары мен емдеу орындарында психологтермен қатар, суицидологтардың да өз алдына бөлек штатын ашу керек шығар. Бұл – Үкімет қаулысымен шешілетін мәселе. Сондықтан бұған министрліктегілер жіті назар аударып, ел ертеңі саналатын жастар болашағы үшін тиімді шешім қабылдайды деп сенеміз.

Жамбыл облысы