Қазақ газеттерінің қауымдастығы құрылмақ
Қазақ газеттерінің қауымдастығы құрылмақ
671
оқылды
Астанада өткен «Ұлттық мүдденің жоқтаушысы – қазақ баспасөзін қолдау керек» атты дөңгелек үстеліне жиналған қазақ баспасөзінің жанашырлары осы ойды құптады. Алқалы жиынды өткізуге мұ­рын­дық болған Qazaqstan dauiri ЖШС-ның бас директоры Сәуле Мешітбайқызы қазақ басылым­дарының тағдырына қатысты түйткілді мәселелерді уақыт күт­тірмей шешудің амалын бірлесіп атқару керегін алға тартты. Оның айтуынша, баспасөзге жазылу жылдағы жырмен аяқталады. Қолдан келген ұйымдастыру жұмыстары қанша істелгенімен, жазылу науқанының көрсеткіші көңіл көншітпейді. Әсіресе, елдегі 18 мың кітапханаға бір да­на­дан жазылу жөніндегі ұсыныс­ты орындату мүмкін емес. «Егер де осылай кете берсе, қазақ бас­па­сөзінің халықпен байланысы нашарлап, өзі де қатары селкеу­леніп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Интер­нет, әлеуметтік желі әсерлерін айтпағанда, соңғы жылдары әкім-қаралар, мектеп директор­лары «Біз ешкімді күштеп жаз­дыр­та алмаймыз» деген желеу ай­туы салдарынан мерзімді ба­сы­лым­дарға теріс көзқарас қа­лып­тасты. Баспасөзді оқымау – надандыққа, рухани жаңғыр­мауға, сауатсыздыққа деген тіке­лей жол салу. Өйткені өркениетті, мемлекеттерде баспасөзге деген мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет-журнал оқу мәдениеті жоғары. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан қамқорлық жасап отырады», – дейді ол. Сондай-ақ Сәуле Мешітбайқызы: «Қазақ баспасөзін бір-бірінен бөле-жаруға болмайды. Өйткені барлығының илегені бір терінің пұшпағы. Өкінішке қарай, тендер бөлуде түрлі сорақылықты көріп жүрміз. Тендерді де әлеу­меттік желідегі лайкқа қарап бере­тін деңгейге түстік. Әлеу­меттік желіде аз лайк басылғаны үшін үш облыстан тендер ала алмадық. Президент «диван сарапшыларынан сақта­ныңыз­дар» дейді, ал әкімдер мен ми­нистрлер лайк қарап тендер бөледі. Сонда біз лайк көп болу үшін арандататын, не болмаса хайп тақырыпқа әуестену керек­піз бе? Өйткені қазір желідегі хайп тақырып өтімді болып тұр. Шындықты шырылдатып, ха­лық­тың мәселесін қаузау әкім қараларға қызық емес болып кетті» дегенді айтты. «Президент және Халық» газетінің бас редакторы, журна­лист-жазушы Марат Тоқашбаев та қазақ баспасөзінің айта берсе таусылмайтын жыры көп екенін жеткізді. Осылай деген ол: «Ендігі жерде мемлекет жанынан қазақ баспасөзін қолдайтын қор құрылып, сол арқылы қазақтілді баспасөзге көмектесудің амалы қарастырылса құба-құп», – деді. Өз кезегінде сөз алған «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат «Жалпы, қазіргі Үкіметке қазақ баспасөзі, газет-журналы керек пе?» деген сұрақ қойды. Себебі соңғы уақытта түкке тұрмайтын жылт етер ақпа­рат үшін бала-шағаға ақша бер­гендей блогерлерге ақша беріп, пост жаздыру әдетке айналған. Оның айтуынша, блогер бір ғана эффектіге жұмыс істейді. Мыса­лы, бір әкімнің не министрдің шаруасын көрсете қойса, жылт еткен желідегі жазба көп лайк жинаса жетіп жатыр. «Бізде қазір «лайкомания» деген ауру бар. Онымен әкім мен министр де ауырады. Өкінішке қарай, қазір біз бірсәттік эмоциямен жұмыс істейтін тәсілге көштік. Ал кәсіби классикалық баспасөз ысыры­лып бара жатыр. Газет-журналға басылған жазба – тасқа басылған дүние. Электронды құралдағы жаз­ған дүние жадыда сақталмай­ды. Тіпті, электронды жүйенің жадында ұзақ сақталмауы мүм­кін. Сондықтан бүгінгі жұмысты Үкіметтің баспасөзге деген көз­қа­ра­сын анықтап алудан бастау керек. Оларға газет қажет емес болса, барлығымыз электронды жүйеге көшейік. Сөйтіп, 90 жыл­дық тарихы бар «Қазақ әдебиеті» де электронды жүйеге көшсін. Маған да жеңіл. Қиындық тудыр­майды. Бірақ руханиятымыз бен мәдениетіміздің бір бөлшегін жауып тастау – ұлтымыздың ер­теңіне балта шабумен бірдей болмай ма? Ел сабылып іздейді. Қазақ газеттерін алатын дүңгір­шек те жоқ. Бұл тірлік қазақ баспасөзінің таралмауына жұмыс істеліп жатқанын көрсете ме?», – дейді Дәурен Қуат. Бұдан кейінгі сөз алған спи­керлер де тұшымды ойларын ортаға салды. Соның ішінде бас редакторлар клубы президентінің бірінші орынбасары Доған Йыл­дыздың айтуынша, қазақтілді баспасөздің орыстілді баспасөз­бен бәсекеге түсе алмай отыр­мауының себебі көп. Себебі қа­зақ­тілді журналистер екі жұмыс істейді. Ал редакция мақала сапасын емес, журналистердің жұмысын жақсарту үшін ақша­ның артында жүруге мәжбүр. Turkistan газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы «Газетке жазыл» деп айту қылмыс секілді болып қалғанын айтса, «Мөлдір бұлақ» журналының бас ре­дак­торы Дәулетбек Байтұрсынұлы «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деген сөздің төр­кініне оралды. Оның сөзінше, бүгін мектептегі баланы газет-журнал оқуға мәжбүрлемесек, ертең қоғамнан бөлектеніп шы­ға­ды. «Қазір ересектердің өзі газет-журнал оқымайды дейміз. Олар тәуелсіздіктің елең-ал­аңын­да газет-журналдан ажырап қалғандар. Сондықтан оның дәмі мен мағынасын, қадір-қасиетін білмейді», – дейді Дәулетбек Байтұрсынұлы. Қазақ газеттерінің кешегісі, бүгінгісі және ертеңі жайлы айт­қан­дар алдағы уақытта қауым­дастық құру туралы ойларын ортаға салды. Осы арқылы қазақ басылымдарының ертеңі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қажет екені айтылды.