Астанада өткен «Ұлттық мүдденің жоқтаушысы – қазақ баспасөзін қолдау керек» атты дөңгелек үстеліне жиналған қазақ баспасөзінің жанашырлары осы ойды құптады. Алқалы жиынды өткізуге мұрындық болған Qazaqstan dauiri ЖШС-ның бас директоры Сәуле Мешітбайқызы қазақ басылымдарының тағдырына қатысты түйткілді мәселелерді уақыт күттірмей шешудің амалын бірлесіп атқару керегін алға тартты. Оның айтуынша, баспасөзге жазылу жылдағы жырмен аяқталады. Қолдан келген ұйымдастыру жұмыстары қанша істелгенімен, жазылу науқанының көрсеткіші көңіл көншітпейді. Әсіресе, елдегі 18 мың кітапханаға бір данадан жазылу жөніндегі ұсынысты орындату мүмкін емес. «Егер де осылай кете берсе, қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, өзі де қатары селкеуленіп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Интернет, әлеуметтік желі әсерлерін айтпағанда, соңғы жылдары әкім-қаралар, мектеп директорлары «Біз ешкімді күштеп жаздырта алмаймыз» деген желеу айтуы салдарынан мерзімді басылымдарға теріс көзқарас қалыптасты. Баспасөзді оқымау – надандыққа, рухани жаңғырмауға, сауатсыздыққа деген тікелей жол салу. Өйткені өркениетті, мемлекеттерде баспасөзге деген мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет-журнал оқу мәдениеті жоғары. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан қамқорлық жасап отырады», – дейді ол. Сондай-ақ Сәуле Мешітбайқызы: «Қазақ баспасөзін бір-бірінен бөле-жаруға болмайды. Өйткені барлығының илегені бір терінің пұшпағы. Өкінішке қарай, тендер бөлуде түрлі сорақылықты көріп жүрміз. Тендерді де әлеуметтік желідегі лайкқа қарап беретін деңгейге түстік. Әлеуметтік желіде аз лайк басылғаны үшін үш облыстан тендер ала алмадық. Президент «диван сарапшыларынан сақтаныңыздар» дейді, ал әкімдер мен министрлер лайк қарап тендер бөледі. Сонда біз лайк көп болу үшін арандататын, не болмаса хайп тақырыпқа әуестену керекпіз бе? Өйткені қазір желідегі хайп тақырып өтімді болып тұр. Шындықты шырылдатып, халықтың мәселесін қаузау әкім қараларға қызық емес болып кетті» дегенді айтты. «Президент және Халық» газетінің бас редакторы, журналист-жазушы Марат Тоқашбаев та қазақ баспасөзінің айта берсе таусылмайтын жыры көп екенін жеткізді. Осылай деген ол: «Ендігі жерде мемлекет жанынан қазақ баспасөзін қолдайтын қор құрылып, сол арқылы қазақтілді баспасөзге көмектесудің амалы қарастырылса құба-құп», – деді. Өз кезегінде сөз алған «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат «Жалпы, қазіргі Үкіметке қазақ баспасөзі, газет-журналы керек пе?» деген сұрақ қойды. Себебі соңғы уақытта түкке тұрмайтын жылт етер ақпарат үшін бала-шағаға ақша бергендей блогерлерге ақша беріп, пост жаздыру әдетке айналған. Оның айтуынша, блогер бір ғана эффектіге жұмыс істейді. Мысалы, бір әкімнің не министрдің шаруасын көрсете қойса, жылт еткен желідегі жазба көп лайк жинаса жетіп жатыр. «Бізде қазір «лайкомания» деген ауру бар. Онымен әкім мен министр де ауырады. Өкінішке қарай, қазір біз бірсәттік эмоциямен жұмыс істейтін тәсілге көштік. Ал кәсіби классикалық баспасөз ысырылып бара жатыр. Газет-журналға басылған жазба – тасқа басылған дүние. Электронды құралдағы жазған дүние жадыда сақталмайды. Тіпті, электронды жүйенің жадында ұзақ сақталмауы мүмкін. Сондықтан бүгінгі жұмысты Үкіметтің баспасөзге деген көзқарасын анықтап алудан бастау керек. Оларға газет қажет емес болса, барлығымыз электронды жүйеге көшейік. Сөйтіп, 90 жылдық тарихы бар «Қазақ әдебиеті» де электронды жүйеге көшсін. Маған да жеңіл. Қиындық тудырмайды. Бірақ руханиятымыз бен мәдениетіміздің бір бөлшегін жауып тастау – ұлтымыздың ертеңіне балта шабумен бірдей болмай ма? Ел сабылып іздейді. Қазақ газеттерін алатын дүңгіршек те жоқ. Бұл тірлік қазақ баспасөзінің таралмауына жұмыс істеліп жатқанын көрсете ме?», – дейді Дәурен Қуат. Бұдан кейінгі сөз алған спикерлер де тұшымды ойларын ортаға салды. Соның ішінде бас редакторлар клубы президентінің бірінші орынбасары Доған Йылдыздың айтуынша, қазақтілді баспасөздің орыстілді баспасөзбен бәсекеге түсе алмай отырмауының себебі көп. Себебі қазақтілді журналистер екі жұмыс істейді. Ал редакция мақала сапасын емес, журналистердің жұмысын жақсарту үшін ақшаның артында жүруге мәжбүр. Turkistan газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы «Газетке жазыл» деп айту қылмыс секілді болып қалғанын айтса, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деген сөздің төркініне оралды. Оның сөзінше, бүгін мектептегі баланы газет-журнал оқуға мәжбүрлемесек, ертең қоғамнан бөлектеніп шығады. «Қазір ересектердің өзі газет-журнал оқымайды дейміз. Олар тәуелсіздіктің елең-алаңында газет-журналдан ажырап қалғандар. Сондықтан оның дәмі мен мағынасын, қадір-қасиетін білмейді», – дейді Дәулетбек Байтұрсынұлы. Қазақ газеттерінің кешегісі, бүгінгісі және ертеңі жайлы айтқандар алдағы уақытта қауымдастық құру туралы ойларын ортаға салды. Осы арқылы қазақ басылымдарының ертеңі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қажет екені айтылды.