Біраз уақыттан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сарапшылармен бірлесіп, Әлеуметтік кодексті әзірлегенін білеміз. Осы кезге дейін қолданылған заңдардың кем-кетігін түзеп, азаматтарға әлеуметтік саланы, өз құқықтарын білуге бағыт болатын заңнама елге не бермек. Қазақстандықтардың өмірін қалай жеңілдетпек? Осы тақырып төңірегінде сараптап көрсек.
Баланың бәрі бірдей емес
Сонымен, Еңбек министрі Тамара Дүйсенова сенаторларға Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстырғаны есімізде. Бұл құжат әлі қабылданбағаны мәлім, депутаттар мен сарапшылардан жиылған жұмыс тобы түрлі мәселені талқылап, бас қатырып жатыр. Дегенмен кодекстің халық мүддесі үшін күшіне енгелі тұрғаны анық. Құжаттың ауқымы өте кең, кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін қамтиды. Біз бәрін тізбектеп жатпаймыз, маңыздыларына тоқталып өтеміз. Ең әуелгісі, балалар жайы. Жалпы, биыл мемлекет балалар үшін біраз игілікті істерді қолға алғаны жасырын емес. Бала күтімі бойынша берілетін төлемдердің мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылып, (500 мыңнан астам ананы қамтиды), Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балаларға арналған бастапқы капитал ретінде енгізу қолға алынбақ (6 млн-нан астам баланы қамтиды), 6-дан көп баланы дүниеге әкелген аналарға «наградталған ана» деген жаңа мәртебе қаралып, жәрдемақы мөлшері өсірілмек (250 мыңнан астам ананы қамтиды). Айтпақшы, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейімен емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатынын айта кеткен абзал. Қош, енді проблемаларға көшейік.
«Аутистердің мүмкіндігі шектеулі. Бұл – ешқашан айықпайтын сырқат. Оларды күту аналарға үлкен ауыртпалық түсіреді. Алайда бүгінде бір қауым елге айналып отырған осы жандардың мәселесі назардан тыс қалуда. Әлеуметтік кодексте аутизмге қатысты жеке ешқандай талап, ереже жоқ. Ал мұндай балаларды тәрбиелеп отырған аналардың ертерек зейнетке шығуына жол ашу керек. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі, бірақ менталдық ауытқуы жоқ бала тәрбиелеп отырған аналар күтуші жалдап, тіпті кейбірі азаннан кешке дейін баласын теледидар алдына, арбаға отырғызып қоя алатын шығар. Бірақ аутизмге ұшыраған баланы қараусыз қалдыру қауіпті. Оның жанында үнемі адам жүруі керек. Сондықтан мұндай балалардың аналары зейнетке ерте шығу секілді жеңілдіктер алуы қажет», – дейді ол.Бұл тұста инклюзивті мектеп мұғалімдері үшін де осындай қолдау қажет екені айтылады. Өйткені аутизмге шалдыққан баламен жұмыс істеу педагогтерге өте қиын. Бір балаға сабақ түсіндіру эмоционалды тұрғыда ауыр. Сондықтан оған жұмсалатын мұғалімнің энергиясы өтелуі керек. Бұдан шығатын түйін – ел көлемінде аутизммен туған балалар толық есепке алынып, бәріне тұрғылықты жері бойынша мемлекет тарапынан көмек жасалуы керек. Бұл үшін әрине, тиісті заңнамада арнайы құқықтық талап белгіленуі қажет екені сөзсіз. Екі қолға – бір күрек Аталған кодекс бүгіндері өзекті болып тұрған жұмыссыздық жайын да қаузайды. Әсіресе, ауылдағы жұмыссыздыққа қатысты. Шыны керек, бұған дейін Алматы мен Астананы жағалап, не тұратын үйі, не жұмысы жоқ, кездейсоқ табыспен күнін көрген ауылдықтардың құқы қорғалмай келгені даусыз. Әлеуметтік кодекс жобасында осы жағдайға қатысты тиімді тетік қамтылған көрінеді. Қазір әр өңірде жылжымалы еңбекпен қамту орталықтары жұмыс істейді. Олар ауылдарды аралап, жұмыспен қамтылғандар мен жұмыссыздар тізімін жасап, базаға енгізуде. Солардың дерегінде 450 мың жұмыссыз бар белгіленген. Бірақ бұны нақты көрсеткіш деуге әсте келмейді. Еш жерде тіркелмей, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер аз емес. Жаңа цифрландыру жүйесі солардың түгелдей есепке алынып, нақты жұмыспен қамтылуына жол ашпақ. Әр адамға хабарлама арқылы тіркелу жолы, ұсынылатын жұмыс бойынша ақпарат жіберіледі. Электронды үкімет порталына кіріп қана азаматтар өздеріне қатысты мағлұматтарды біліп, нақты көмек алатын болмақ. Дегенмен қандай жұмыс ұсынылады? Жалақысы 100 мың теңгеге жетпейтін жұмыстарға көбі бара қоймайтыны тағы белгілі. Әрине, бұл мәселеде жұмыс берушілерді де, одан бас тартқандарды да кінәлай алмаймыз. Одан да такси қызметін атқарса да нәпақа айыруды жөн көретіндер бар. Такси демекші, бүгінде Яндекс, Индрайвер секілді онлайн тапсырыс алып, жолаушы таситын көліктерге қатысты проблемалар туындап отыр. Еңбек министрлігі оны екі жылдан бері толыққанды шешкен жоқ. 2022 жылы бір ғана Яндекс Таксиде 150 мыңнан қазақстандық қызмет ететіні мәлім болған. Тағы өсіп жатқаны даусыз. Ал компания жүргізушілер табысының 22 пайызын алып отыр. Бірақ әлеуметтік төлемі не зейнетақысы жүрмейді. Тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін осы қызмет түрі бақылаудан тыс қалған. Операторлары қадағалап отырғанын айтады. Алайда олар кірістің көлеміне мүдделі болғандықтан, мұны талапқа сай жүзеге асырып жатыр деуге сену қиын. Еңбек министрлігі осы жайтты мықтап қолғаны абзал.
«Қазіргі және болашақ зейнеткерлердің жағдайы қиындау. Бүгінгі зейнеткерлер үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейтіледі, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 АЕК-ке дейін немесе орташа айлық жалақының 70 пайызына дейін жеткізу арқылы өседі. Ал зейнетақыны өз жинақтары есебінен қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін қосымша жұмыс берушілердің зей нетақы жарнасы енгізіледі», – деген еді ол.Осы күні зейнет жасына жетпеген көп азаматтың зейнетақы қорына деген сенімі жоғалғанын аңғару қиын емес. Мүмкіндік берсе, көбі зейнетақысындағы қаржыны ертерек шешіп алуға дәмелі. Сондықтан зейнетақы жүйесінің өзі бір үлкен айсберг-мәселе болып тұр.