Ауыл шаруашылығын дамыту ел экономикасын ілгерілетудегі тиімді тетігі ретінде қарастырылады. Обалы не керек, осы факторды ескеріп, мемлекет тарапынан агросаланың алшаң басуына қажетті шаралар қабылданып-ақ жатыр. Әйтсе де, бұл шаралардың кейбірі ауылдағы қарапайым шаруаға жеткенге дейін сиырқұйымшақтанып кетіп, тиімділігі күмән туғызады. Жыл басынан асыраушы салаға бөлінетін субсидияға өтінімді Ауыл шаруашылығы министрлігінің жаңа ақпараттық жүйесі (gosagro.kz сайты) арқылы қабылдай бастаған-ды. Әйтсе де, сайт жұмысындағы техникалық ақаудан шаруалардың өтінімі уақытылы қабылданбаған. Бұл көктем шыға қызу тіршілікке кірісетін диқандарға қолбайлау болғалы тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі 25 ақпанда шаруалар gosagro.kz порталында жалпы сомасы 17,1 млрд теңгеге субсидия алуға 3 067 өтінім бергенін хабарлады. Алайда шаруалардың көбі аталған сайт арқылы бірнеше бағыт бойынша субсидияға өтінім беру мүмкін еместігін айтып шырылдап жүр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші ретінде несие алып, оның 16 пайызын субсидиялауға өтініш бере алмай жүргендердің қатарында Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы «Дихан несие» серіктестігінің төрағасы Дәулет Пернебекұлы да бар. Шаруа жаңа ақпараттық жүйеде жұмыс істеу қиындық тудырып жатқанын алға тартады.
«Бүгінде несиемізді 22 пайыздық мөлшерлемен өтеп жатырмыз. Оның 16 пайызын мемлекет субсидиялауы керек. Әйтсе де, субсидияға өтінім беру үшін www.gosagro.kz сайтының тілін таба алмай отырмыз. Өйткені сайттың жұмысында шикілік көп. Қаңтар, ақпан айларында несие алған азаматтар да субсидияға өтініш бере алмады», – деді ол.Шаруа арнайы ашылған Telegram чатқа қосылып, ақпараттық жүйені жұмысына қатысты мәселелерді көтерген. Әйтсе де, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен сайтты әзірлеген мамандар оның сұрағын жауапсыз қалдырған. Қызылордалық кәсіпкер Алмат Абдуллаевты да осы мәселе алаңдатады. Оның айтуынша, ақпараттық жүйедегі қателіктен кейін жергілікті шаруалар кәсібін дамытуға жинаған қаржысын несиені төлеуге мәжбүр болған.
«Кәсіпкерлер ақпаннан бастап қарызын өтей алмай жатқан соң несие тарихы бұзылады. Сондықтан шаруалар бұл бағдарламаға сенімсіздік таныта бастады. Әлдекімдердің жауапсыздығынан мемлекеттік бағдарламаға сенім жоғалатыны қынжылтады. Ақпарат құралдары «gosagro.kz сайты жұмыс істеп тұр» деп хабарлағанымен, бұл ақпаратқа сенім аз. Өзіміз бұл платформа арқылы бірде-бір өтінім берген жоқпыз. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау деген функция жұмыс істеп тұрған жоқ», – деді қызылордалық кәсіпкер.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер техникалық ақауға байланысты жаңа ақпараттық жүйеде кейбір бағыттарды субсидиялауға өтінім қабылданбайтындығына наразы. Мәселен, жүйе субсидиялауға қажетті құжаттарды толық қабылдамайды. Құны 30 миллион теңге тұратын жаңбырлатып суғаруға қажетті қондырғыны субсидиялауға өтініш берген де жүйе соманы автоматты түрде 46 миллиард теңге деп көрсетеді. Сәйкесінше, сайттың қолдау қызметі мұндай сомадағы өтінімнен бас тартылатындығын хабарлайды. Сайтпен жұмыс істеу шаруа қожалығы жетекшілерінің де, олардың есепшілерінің де қолынан келмей тұр. Кейбір шаруа қожалықтары жүйенің тілін түсінбеген соң есепші жалдаған. Бәрінен де дәл осы жағдайдың шаруалардың көктем егіс науқанына дайындықты бастап, жанар-жағармай, тыңайтқыш, қосалқы бөлшек сынды қажеттілігін қамдайтын сәтте болғаны жанға батады», – дейді сенатор.Сенатордың айтуынша, бұған дейін шаруалардың кәдесіне жарап келген qoldau.kz платформасының жұмысына да шағым көп болған. Дегенмен бұл жүйеде қазіргідей техникалық қателік байқалмаған екен. Оның үстіне, ел аумағындағы 1 300 ауылдың сапалы интернетке қосыла алмай отырғанын ескерсек, мәселенің тым күрделене түскенін бағамдау қиын емес. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да 1 айдан бері дәл осы мәселе бойынша шаруалардан шағым түсіп жатқанын хабарлады. Мәселе палата жанындағы Агроөнеркәсіп кешені комитеті отырысының да күн тәртібіне шығыпты. Жиында ауыл шаруашылығын тауарын өндірушілер салалық министрліктің жұмысына наразылығын білдірген.
«Өткен жылдан бері пилоттық режимде жұмысын бастаған порталға сенімсіздікпен қараған шаруалар жыл басынан субсидияға өтінім қабылдай бастаған gosagro.kz порталын жиі сынайды. Бұл орайда бұған дейін жұмыс істеп тұрған qoldau порталының жұмысын тоқтату да үлкен ағаттық болғанын атап өтті. Көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізуге кедергі келтірген жайтты реттеу үшін Үкімет тарапынан жедел шаралар қабылдануы қажет», – дейді кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Ербол Есенеев.Әрі диқанның құрал-сайманын сайлап алып, іске кірісетін сәтінде бір пернені басып бар шаруасын шешкені жақсы-ақ. Сондықтан жаңа ақпараттық жүйені іске қосылуымен мың сан мәселемен бетпе-бет келгендердің жанайқайы ескерусіз қалмауы керек сияқты. Кеше Шымкент қаласында бизнес-қауымдастықпен кездесуде Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне барлығын дүйсенбі дейін реттеу тапсырылғанын айтты.