Қытай жазушысының кітабы қазақ тіліне аударылды  
Қытай жазушысының кітабы қазақ тіліне аударылды  
1,373
оқылды
Қытай жазушысы Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» атты кітабы қазақ тіліне аударылып, жарыққа шықты. «Шығыс әдебиеті» баспасынан басылып шыққан кітаптың тұсаукесері Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында өтті. Тұсаукесер шарасын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті деканының орынбасары Салтанат Жақыпбаева мен Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасы бас консулының орынбасары Чжун Хуа сөз сөйлеп ашты.    width= Кітап авторы Ван Мэн 89 жасқа келген қарттығына қарамастан, Бейжіңнен онлайн режимде қазақ тілінде сөйлеп қазақстандық оқырманға алғыс айтты. Одан кейін  Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы сөз алып, қытай-қазақ әдеби байланысына жан-жақты тоқталып, Ван Мэннің шығармашылығына тоқталды. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағы Аударма секциясының төрағасы Заманбек Әбдешұлы әдеби байланыстар, аударма мәселесі жайында ой өрбітті. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының төрағасы Әділ Қойтанов аударма кітап жайлы жоғары пікірде екенін жеткізді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Төрәлі Қыдыр шығыс әдебиеті мен қытай әдебиетіндегі ұқсас сарындар жайлы пікірін ортаға салып, жазушының қазақ тіліне аударылып жатқан романына тоқталды.    width= Аталған кітапқа редакторлық еткен Ләйла Ноғайбекқызы шығарманың ерекшеліктеріне, жазушының суреттеулері мен тіліне шолу жасады. Тұсаукесерді қорытындылаған Мәскеуден арнайы келген «Шанс» кітап дүкендері желісінің құрылтайшысы әрі басшысы Му Пин алдағы уақытта да аударма саласын дамыту үшін әдебиеттерді бір елден екінші елге танытып тұру жұмысы жалғасатынын айтты. Мәскеулік қонақ қазақ қаламгерлерінің де кітаптары басқа тілдерге аударылуына ықпал ететінін айтып өтті.    width= Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайтану кафедрасының оқытушылары жасаған кітап көрмесі тұсаукесерге келген жандардың көзайымына айналды. Тұсаукесер іс-шараны «Көршілес» халықаралық журналының атқарушы бас редакторы, ақын Саят Қамшыгер жүргізді.

Алматы