Атыраулық оқушылар арбадағы адамдардың өмірін жақсартуға арналған инновациялық арба жобасын жасап шығарды
Атыраулық оқушылар арбадағы адамдардың өмірін жақсартуға арналған инновациялық арба жобасын жасап шығарды
794
оқылды
Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға арналған арба жобасы – адамның жылдам және қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік беретін ең жаңа технологиялармен жабдықталған. Атыраудағы Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігі оқушылары жасап шығарған арба жобасы тіпті баспалдақтың үстімен ​ қозғалуға да мүмкіндік береді.
«Қазақстанда қоғамдық орындардың барлығы бірдей пандустармен қамтамасыз етілген деп айта алмаймыз. Біз жасаған арбаның инновациялық жобасы арбаға таңылған адамның қоғамдық орындарда, көшелерде еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Яғни, арбаға автомобиль секілді басқару тетіктерін орнаттық. Сол тетіктер арқылы арбаны ​ аласартып, биіктете алатын мүмкіндіктер бар», – дейді жобаны жасауға қатысқан оқушылардың бірі Юлия Енкина.
Юлия​ – STEAM бағытта білім беретін ​ JasSpace кеңістігінде «Анатомия» курсында тәлім алған оқушылардың бірі. ​ ​
«Арбаға орнатылған орындықтың алға, артқа, оңға және солға қозғалу мүмкіндігі бар. Осындай функционалдық мүмкіндіктер адамның ыңғайлы отыруына және қозғалыс кезінде өзін жайлы сезінуіне мүмкіндік береді», – дейді Юлия.
Ресми ақпарат бойынша, Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны 700 мыңға жуықтаған. Олардың ішінде 98​ 300-і 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер. Юлия жобаны макет түрінде қалдырмай, әрі қарай дамытып, қоғамға пайдалы дүние етуге ниетті. Еске сала кетелік, JasSpace кеңістігі – оқушыларға STEAM бағытта білім беретін Атыраудағы ең ірі орталық. Chevron компаниясының қолдауымен өткен жылдың мамырында іске қосылған әлеуметтік жоба аясында күні бүгінге дейін интеграцияланған 16 курс бойынша 1 500-ге жуық оқушы тегін білім алып шықты.