Ең төменгі жалақы қандай болмақ?
Ең төменгі жалақы қандай болмақ?
720
оқылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нис­тр­лігі ең төменгі жалақы мөлшерін көтерудің әр­түр­лі жолдарын іздестіріп жатыр. Сондай-ақ ең тө­мен­гі күнкөріс шегі де қай­та қаралмақ. – Елдегі ең төменгі жалақыны көтеру керек. Қазір оны кезең-кезеңмен арттырудың түрлі жол­дарын қарастырып жатырмыз. Әзірге, 2023 жылға қарай Қазақ­станда ең төменгі жалақы сол ке­­зеңде қалыптасқан орташа жа­лақының 30 пайызынан кем бол­мауға тиіс деген нұсқаны есеп­теу­деміз, – деді министр Нұрымбетов. Біржан Нұрымбетов ең тө­мен­гі жалақыны өсіру ел эконо­ми­касына оң мультипликативті әсер ететінін ерекше атап өтті.
– Жеке өз басым ең төменгі жалақыны көтеру шарасынан бар­лығы ұтатынына сенімдімін. Өйткені ол бюджет шығындары мен қосымша шығыстарға қара­мастан, бүкіл жалақының өсуіне алып келеді. Ең төменгі жалақыны өсіруден ең алдымен халықтың төлем қабілеттілігі өседі. Бұл жа­лақы шетелге кетпейді, азаматтар елде жұмыс істеп, тауар сатып ала­ды, осылайша қаражат эко­номикаға, бизнеске қайта орала­ды, – деді Нұрымбетов.
Нұрымбетовтің айтуынша, 2016 жылы ғылыми еңбек ұйымы зерттеу жүргізіп, Қазақстанда ең төменгі күнкөріс шегін есептеу әдістемесі халықаралық стан­дарт­тарға сай деген қорытынды шы­ғарған. Алайда халық қалаулыла­ры ғалымдармен келіспейді. Жуырда депутат Ирина Смирно­ва Қазақ­стандағы ең төменгі жала­қы пост­кеңестік кеңістіктегі ең төменгі дең­гейдің бірі екенін ашы­на жеткізді. – Бізден кейін тек Қырғыз Рес­публикасы тұр. Ең төменгі жа­лақыны көтеру мәселесі қашан және қалай түбегейлі шешіледі? Тіпті, ұсынылған кесте  бойынша таңертеңнен кешке дейін, түнде, мереке күндері жұмыс істеу ла­йық­ты өмір сүруге мүмкіндік бер­­мейді. Көптеген азаматтың жет­­кілікті зейнетақы қорын жи­нақтауы мүмкін екендігі күмән тудырады, – деп Үкіметке үндеу жасаған. Біржан Нұрымбетов бұл мә­селеде бірқатар түйткіл бар екенін мойындап, ең төменгі жалақы биылғы шілдеден бастап өсетінін айтқан. Бүгінгі мәлімдеме сол өзгерістің басы сияқты.   Ерсайын БАҒДАТ