Кәсіптік білімді онлайн алады
Кәсіптік білімді онлайн алады
© коллаж: Елдар Қаба
991
оқылды
Еліміздегі кәсіптік-техникалық білім саласында қар­қынды рефор­малар жалғасып жатыр. Кейінгі өзгерістерге сәйкес арнайы орта білім беру мекемелерінде оқу мерзімі азайған. Колледждерге 9-сыныптан соң түскен талапкер бұрынғыдай 3,6 жыл емес, 2 жыл ғана оқып, маман­дық алып шығады. Біраз колледж сырттай, тіпті кешкі ауысымда оқуды енгізді. Сондай-ақ колледждерді онлайн тәмамдауға мүмкіндік беріл­мек. Ол үшін білім ордалары бірқатар жаңа талапқа сай келуі керек. Қазір ел аумағында 724 колледж бар. 2022-2023 оқу жылында тех­никалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттердің саны 578,2 мыңға жетті. Оқу-ағарту министрлігінің Тех­никалық және кәсіптік білім департаментінің дерегінше, Пре­зиденттің тапсырмасымен, қазақ­стандық колледждерде тегін оқуға мүмкіндік беретін гранттар саны 2021 жылғы 83 мыңнан 2022 жылы 128 мыңға дейін ұлғайған. Ал 2023 жылы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын гранттар саны тағы 50 мыңға өсіп, 178 мың­ға жетпек. Мұнан бөлек әкімдіктер де жергілікті бюджеттен бөлінетін мемлекеттік тапсырысты 10 па­йызға арттырмақ. Осылайша, елде техникалық білім алу жастарға қолжетімді бола түседі. Бірақ олардың көбі жұ­мыссыздардың санын толықты­рып, әлеуметтік кернеуді күшейте түспей ме? Министрліктің дере­гінше, бұған жол бермеу үшін кол­ледж түлектерін жұмысқа орна­ластыруды жеңілдетуге қызмет ететін Кәсіптік бейімдеу және ман­сап орталықтары құрыла бас­тады. Жұмыс берушілер өздеріне қандай кадр қажет екенін көрсетіп, тізім жібереді. Соның негізінде колледждер өз түлектерін сол жұ­мыс орындарына бағыттайды. Педагог Роза Бесбайқызының айтуынша, салада жүзеге асыры­лып жатқан шаралар арнаулы орта білім беру ұйымдары арасында бәсекелестікті арттыруға бағыт­талған. Мысалы, колледждер ара­сында мемлекеттік тапсырысты ор­наластырудың жаңа тетігі ен­гі­зіліп жатыр. Оған сай, бюджеттік ақша бұрынғыдай білім орда­ларына емес, студенттерге беріледі. Яғни, бұған дейін гранттарды облыстық білім басқармалары колледждер арасында тара­татын, шәкірттер соған та­ласатын. Ал бұдан былай гранттар талапкерлердің таңдауы бойынша кол­ледждер арасында бө­лінетін болады. Тиі­сінше, егер студент ке­йін басқасына ауысса, бюджеттік ақшада со­ның соңынан кетеді.
 «Пандемия кезінде онлайн оқыту жүйесіне көшуге тура келді. Тиісті жабдықтарды сатып ал­дық, Data center-да бөлінген серверді (Dedicated Server) жалға алдық. Карантиндік шек­теулер жойылып, студенттер оффлайн оқуға көшкенде, техника қаңтарылып, тұрып қалды. Содан біз министрлікке ұсыныспен шы­ғып, бірқатар мамандықты онлайн оқытуды жалғастыруға рұқсат сұрады. Бірақ ол үшін заңнамаға түзетулер енгізілуі тиіс екен. Соны күтіп отырмыз. Бұл мысалы, жа­тақхана тапшылығы мәселені ше­шер еді. Әйтпесе, біздің колледж­дің өзінде 130 студентке жатақ­ханада орын жетіспейді», – деді Р.Бесбайқызы.
Министрлік жаңа құзыр иеленеді Министрлік тізгінін жаңа­дан ұстаған Ғани Бейсембаевтың ­ко­мандасы ұжымы колледж­дерде оқу­дың жаңа нысанын жаппай енгізуді ұсынып отыр. Бұл бүгінде әзірленіп жатқан «Кейбір заң­намалық актілерге білім беру және бала құқықтарын қорғау мәсе­лелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» за­ңының жобасына ен­гізіліпті. Парламент бұл құжатты құп­таса, онда техникалық және кәсіп­тік білім ұйымдарына (ТжКБҰ) онлайн оқыту бойынша лицен­зияға қосымша беріле бастайды. Заң қабылданса, онлайн оқытудың біліктілік талаптары әзірленеді және бекітіледі. Демек, онлайнға көшу үшін де қыруар құжат жи­науға тура келеді. Оқу-ағарту министрлігі Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Білім беру сала­сындағы рұқсат беру саясаты бас­қармасының бас сарапшысы Гүл­нұр Жұмаханованың түсінді­руінше, қазіргі уақытта онлайн оқыту оқытудың нақты формасы түрінде тек жоғарғы оқу орындары үшін ғана қарастырылған. Сол секілді колледждерде заманауи оқу үлгілерінің кеңінен енгізілуіне жол ашқан жөн.
«Қолданыстағы білім берудің дәстүрлі түрі жылдар бойы жетіл­дірілді. Бірақ заман өзгерді, адам­дардың өмір сүру қарқыны да бар­ған сайын арта бастады. Соңғы 10-15 жылда компьютерлік, ақ­па­рат­тық және коммуникациялық тех­нологиялардың, электронды бай­ланыс құралдары мен интер­нет­тің дамуына байланысты он­лайн оқыту жүйесі жолға қойылды. Оған қажетті электронды оқу құ­ралда­рының қоры қалыптасты. Енді кол­ледж студенттеріне үйде оты­рып-ақ, толыққанды арнаулы орта білім алуға мүмкіндік беретін уақыт жетті. Бұл үшін мемлекет соған қажетті білім беру ортасын құруы қажет», – деді Гүлнұр Жұмаханова.
Оның айтуынша, COVID-19 пандемиясы колледждерді қа­шық­тан оқыту технологияларын енгі­зуге мәжбүр етті. Алайда қашықтан білім берудің өзі дербес оқыту түрі болмағандықтан, оны дамытуға мән берілмейді.
– Олай болса, қашықтан оқы­ту­дың өзі жеткіліксіз. Өйткені ол заңнамада қатаң регламенттелген: сабақтар кестесі, сабақтарды син­хронды және асинхронды түрде өткізу талаптары сияқты белгілі бір шектеулері тағы бар. Ал онлайн оқыту студенттерге үлкен еркіндік береді. Осыған байланысты кол­ледждерде онлайн оқыту нысанын енгізу жөніндегі нормаларды заң­намалық тұрғыдан бекіткен орын­ды деп отырмыз. Сәйкесінше, қол­даныстағы лицензияға қосым­ша беру арқылы онлайн оқыту нысанына жеке лицензия берілгені дұрыс. Егер колледж онлайн фор­матта оқытуды жүргізуге ниет білдірсе, онда оқытудың бұл түрін де қолданыстағы лицензиясының негізінде, күндізгі нысанда жүзеге асыруы тиіс, – деді бас сарапшы.
Бұл ретте аталған заңмен Оқу-ағарту министрлігіне жаңа құзыр беріледі. Ведомство техникалық және кәсіптік, орта білімнен ке­йінгі білім беру деңгейлері бо­йын­ша колледждерде онлайн оқытуға қойылатын біліктілік талаптарын айқындайды. Сарапшылардың пайым­да­уынша, осы өзгерістер елдегі тех­никалық және кәсіптік білім, ортадан кейінгі білім деңгейлерінде заманауи онлайн оқытуды енгізуді, колледждерде цифрлық экожүйені құруды жеделдетеді. Сондай-ақ ұзақмерзімді перспективада адами капиталды дамытуға ықпал ететін болады. Отандық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары же­делдік танытып, халықаралық дең­гейде маркетинг жүргізе алса, қашықтан оқығысы келетін шет­елдік студенттерді де ақылы негізде тартып, табыс табуына мүмкіндік бар. Бұл оларда шығынды оңтай­ландыру, жаңа табыс көздерін табу есебінен жалақыны көтеруге, оқытушылық құрамға жоғары білікті мамандарды тартуға түрткі болуы мүмкін. Онлайн оқудың оңды тұсы көп Лицензияға қосымшаны мем­лекеттік те, жекеменшік те кол­ледждер ала алады. Ол қосымша мерзімсіз және оны ұдайы растау талап етілмейді. Оны алу, алмауды әр колледж өзі шешеді. Онлайн оқы­ту нысанының өзі жеке ли­цен­зиялауды талап етпейді, тек қол­даныстағы лицензияға қосымша алса, жеткілікті. Әйткенмен, сол қосымшаны алу үшін біраз шартты орындау қажет болады. Атап айтқанда, үміткер кол­ледждің цифрлық инфрақұры­лымына, онлайн оқыту үшін қа­жетті білім беру ортасына, кадрлық қамтамасыз етілуіне, оқу бағдар­ламасының контентіне, оқу құ­ралдарына, студенттермен жұмыс­қа қажетті жабдықтарға ең төменгі негізгі талаптар қойылады. Мәсе­лен, колледждің жылдамдығы ке­мінде 500 Мбит/с болатын кең жо­лақты интернетінің, білім алу­шыларға 24 сағат 7 күн бойы қол­жетімді меншікті цифрлық ин­фрақұрылымының, Дата орталық­та серверінің болуы талап етілмек. Министрлік талаптарды әзір­лейтін жұмыс тобына жоғары бі­лікті мамандарды тартуға уәде етті. Содан соң біліктілік талаптары салалық қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, кол­ледждермен келісіледі. Жалпы, пандемиядан кейінгі кезеңде отандық колледждердің оқу процесіндегі қашықтан оқы­тудың үлесі 20 пайыздан аспай тұр. Оның өзі онлайн оқыту деп атауға келмейді. Себебі, қашықтан оқуға босатылған студенттер емти­хан­дарды колледж ғимаратына барып, тапсырады. Бұл жөнінен бізге АҚШ үлгі. Құрама Штаттарда колледждер мен университеттердің 19,9 мил­лион студентінің 35 пайызы бү­гінде толығымен онлайн оқуға ауы­сып алған. Осы шәкірттер ара­сында жүргізілген зерттеу көр­сеткендей, олар онлайн оқудың келесі артықшылықтарын атады. Біріншіден, білім алу қолжетімді болды. Өйткені көптеген азамат мамандық игеру үшін үлкен қа­лаларға бара алмайды. Екіншіден, онлайн колледждер жасына қа­рамастан, кез келген адамға білім алудың арзан әдісін ұсынады. Шы­ғындарын оңтайландыру, ғима­раттар мен лекция өтетін үлкен аудиториялардан бас тарту арқа­сында олардың оқу ақысы дәстүрлі оффлайн колледждерге қарағанда әлдеқайда аз. Үшіншіден, студенттерге жа­тақ­хана, көлік, тамақ, басқа шы­ғындарды төлеудің қажеттілігі жоқ. Бұл шығындар негізінен грант құрамына кірмейді және бі­лім қуған жастан қосымша шы­ғындалуды талап ететін. Төртіншіден, сабақ кестесі бойынша шектеулер жоқ. Студент қолы тигенде, өзіне ыңғайлы уа­қытта оқи алады. Осы мақсатта онлайн колледждер әр студент үшін төл сабақ кестесін ұсынады. Осының арқасында азаматтар оқуды жұмыспен қатар алып жүре алады. Бесіншіден, оқу мерзімі 2 не 4 жылмен қатаң шектелмеген, курстарды кез келген уақытта, ерте не кеш аяқтауға болады. Тіпті білім деңгейіне қарай оқуды мерзімінен көп бұрын аяқтауына болады. Қорыта айтқанда, онлайн оқудың көптеген артықшы­лы­ғы­ның бары, білім саласының бола­шағы соған байланысты екені бай­қалады. Ендеше, алға озып бара жатқан көштен көз жазып қалмағанымыз жөн.