Адам өмірі – басты құндылық
Адам өмірі – басты құндылық
1,603
оқылды
Қай кезде болмасын өлім жазасының орын­дал­ғаны туралы жа­ңа­лық­тың жа­рия­лануы көп­шілікті тік­­сін­теді. Тіпті, оның қол­да­нылу мүм­­кіндігі де ха­лық­аралық қо­ғам­дастықтың көңілін күпті қылады. Бұл кез келген ел­дің бе­деліне селкеу, абы­ройы­на нұқсан келтіреді. Осы­дан дәл 1 жыл бұрын Президент өз Жолдауында өлім жаза­сы­на тыйым салу туралы ше­шім­ді Конс­ти­ту­ция­да бекіту тетігін ұсынды. Өркениетті мемлекеттің ең басты құндылығы, бәрінен көп қасиет тұтып қастерлейтіні – адам­дары. Өйткені халықсыз би­лік тұл, ал адамсыз халық бол­майды. Әрбір адамның өмірі ел­дің мәнін де, тағдырын да, бола­шағын да айқындайды. Демек, кез келген қоғам әрбір азаматын көздің қара­шығындай сақтауы шарт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тура бір жыл бұрын, 2022 жылғы 16 нау­рыздағы халыққа Жолдауында Қазақстан өлім жазасынан толық бас тар­татынын мәлімдеді. Бұған дейін оны орындауға тек мора­торий жарияланып келген. Яғни, билік кез келген уақытта мораторийді аяқ­тап, ең жоғарғы жазаны орын­дауға қайта кірісе алатын. Саясаттану ғылымдарының докторы, осы тақырыпты ұзақ жыл зерттеп келе жатқан Күн­болат Шаймерденовтың байла­мын­ша, бұл қадам аза­мат­тары­мыз­дың конституциялық құқы­ғының қорғалуына кепілдік бер­ді. Мем­лекет басшысы қазақ­стан­дықтар­дың өмірлік маңыз­ды, іргелі құ­қық­тарын қорғау мәсе­лесіне айрықша мән береді. Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен, Қазақстан 2020 жы­лы өлім жа­засына тыйым салуды көздейтін Азамат­тық және саяси құқықтар туралы екінші факульта­тивтік хат­тамаға қосылды. Ал 2021 жылы Президент бұл саланы ұзақ мер­зімде және кешенді түрде да­мы­туға бағытталған Адам құқық­тары саласындағы одан арғы шаралар туралы жарлыққа қол қойды. Содан кейінгі басты, қи­сынды қадам – ең жоғарғы жа­заны түбегейлі жою болды. Сол себепті Жолдаудағы тап­сырмаға сәйкес, өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді бір­жола бекіту үшін Конс­ти­туцияға тиісті өзгеріс енгізілді. Осы­лай­ша, еліміз Кеңес Одағының сар­қыншағы саналған тағы бір ауыр «мұрасынан» ақыры ары­лып, гу­манизм салтанат құрған мем­лекет ретінде танылды. Ата Заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп нық жазылған.
«Ағайыным сотта «рецидивист» деп танылып, айрықша қатаң режимдегі түрмеге қамалды. Ол өлім жазасына кесілгендермен бірге отырды. Оның қауіпсіздігіне алаң­дап, мемлекет неге өлім жазасына кесілгендердің тиісті жазасын уақытылы орындамайды екен деп ойлайтынмын. Әрі оларды өмір бойы ұстап тұруға салық төлеуші­лердің қыруар қаражаты шығын­далады. Бірақ кейін бір деректі фи­льм­ді көрген соң ол ойдан айны­дым. Бізде кейбір кісі, саясаткерлер популистік көзқараспен «мына қылмыс­тарға өлім жазасын енгі­зейік» деп жатады. Сол адамдардың өзі жазаны орындап көрсін. Жендет болып, қолын қанға малғанына өмір бойы өкінер еді», – дейді Қарағанды тұрғыны Алексей Мотов.
Жалпы, республика осы маңыз­ды қадамды жасау үшін ұзақ дайын­далды. Алдымен, оны қолдану аясы біртіндеп азайтылды. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары өлім жазасы 26 түрлі аса ауыр қылмыс үшін таға­йын­далды. Кейін ол жаза 1997 жыл­ғы Қылмыстық кодекстің 18-бабын­да ғана қалды. Ал 2014 жылы қабыл­данған соңғы Қылмыстық ко­декс­тің 17-бабында өлім жазасы сақтал­ған еді. Бүгінде олардың бәрі жойылды. Бұрын барлық санкцияда балама ретінде өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айырумен ауыстыру қарастырылды. Соттар соны белсен­ді қолданды. Мысалы, 31 қылмыскер бұған дейінгі рақымшылық нәтиже­сінде өлім жазасына кесілуден құтылды. Қалғандары мораторий жарияланған соң аяқталып, жаза­ның орындалуын үрейлене күтті. 2016 жылғы 18 шілдеде Алматы­дағы Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасына, ҰҚК қалалық депар­таментінің ғимаратына және салық органына қарулы шабуыл жасап, он адамды өлтірген Руслан Күлекбаев соңғы он жылда өлім жазасына кесілген соңғы адамға айналды. Ол үкім де орындалған жоқ. Бірақ тәуелсіздіктің үш онжыл­ды­ғында өлім жазасы туралы жалпы саны 536 үкім орындалды. Ең соңғы үкімдер 2003 жылы жүзеге асыры­лып­ты. 12 адам сот шешімімен өлті­рілді. Қазақстанда өлім жазасы негі­зі­нен ату арқылы жүзеге асы­рыл­ды. Әлемдегі өзге елдерде инъ­ек­ция енгізу, дарға асу, басын шабу секілді тәсілдер де қолданылады. Заңгер Жансерік Қоңырат­ұлының айтуынша, 2003 жылғы жел­тоқ­сандағы Президент Жарлы­ғы­мен өлім жазасына мораторий жарияланғалы бері жаңадан 5 адамға қатысты осындай үкім шыққан. Өйткені мораторий соттардың үкім шы­ғаруына емес, тек ең жоғарғы жазаның орындалуына ғана тос­қауыл қойды.
«Күндердің бір күнінде мемле­кеттің өзін өлтіріп тастайтынын білудің өзі азап. Содан үкімнің орын­далуын күткендер арасында өзіне-өзі қол салып, дүниеден оз­ған­дар болды, бірақ олардың ста­тис­тикасы жария етілмейді. Мысалы, 1997-2001 жылдары 150 адам атыл­ған. Өлім жазасына кесілгендердің бір бөлігі амнистияға ілігіп, жазасы же­ңілдеді. Тағы 89 адамның тағдыры бел­гісіз. Сондықтан бұл проблемаға Прези­денттің нүкте қойғаны орын­ды болғандай. Өлім жазасы бәрібір қылмыскерлерді тоқтата алмайды: олар ұсталмаймын деп ойлайды, сол үшін ештеңеден тайынбайды», – деді заңгер.
Әділетті мемлекеттің басты мінде­ті – өз азаматтарының өмірін қысқарту болмауы тиіс. Оның орнына бар күш-жігерін халықтың өмір сүру ұзақтығын ұзартуға шоғырландырса, құба-құп.