Солтүстіктің суының да сұрауы бар
Солтүстіктің суының да сұрауы бар
516
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында ауызсу тарифі орташа республикалық көрсеткішке қарағанда екі-үш есе қымбат. Мұны Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті анықтады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өңірдегі коммуналдық қызметтерге тариф белгілеу саласындағы мониторингтің аралық нәтижелерін жариялады. Өңірлер бөлінісінде баға дина­микасын зерделеу көрсеткеніндей, Солтүстік Қазақстан облысында су екі-үш есе қымбат болып шыққан. Бұл – халық үшін өзекті мәселенің бірі. Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындарды ауызсумен қамту ісімен «Есіл су» кәсіпорны айналысады. Тіршілік нәрі аудандар мен ауылдар­дағы дилерлерге 907 теңгеден сатылады. Бірақ халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ түспеуі үшін бұл бағаның бір бөлігін мемлекет субсидиялайды. Осы көмектің арқа­сында тұрғындар судың бір текше метрі үшін 40 теңге ғана төлеп келеді. Алайда облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл депар­таментінің басшысы Сергей Перов­тың айтуынша, мұндай бағаны кейбір ауданның тұрғындары ғана төлеп жүрген көрінеді. Ал басқа аудандарда дилерлердің шығындары салдарынан су төрт-бес есе қымбат. Бұл – дилер­лердің субсидия алмайтынымен байланысты болып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бұл ретте ұстанымы айқын: мемлекеттік қолдау шараларын ең алдымен халық сезінуі тиіс деп санайды ондағылар. Сон­дық­тан департамент су жеткізуші­лерді тікелей субсидиялау туралы ұсыныс жасап отыр. Сонда ғана су бағасын біріздендіруге қол жет­кізілмек. Бұл жаңалық халықты таңғал­дырғаны жасырын емес.
«Неліктен судың бағасы әр жерде әртүрлі болуы тиіс? Әлде судың бірнеше түрін сата ма? Егер барлық жерде судың сапасы бірдей болса, бағасы да бірдей болуы керек. Барлық делдалды құрту қажет. Сонда ғана баға реттеледі», – деп пікірін білдірді солтүстікқазақстандық Жолболсын Сәдуақасов.
Солтүстік Жалпы, солтүстікқазақстан­дықтар өңірде басқа облыстармен салыстырғанда барлығы да әлдеқайда қымбаттағанын айтады. Астықты өңір бола тұра, нан қымбат, ең көп сүт осында өндірілгенімен, оның да бағасы шарықтап кеткен.
Судың сапасына қатысты нара­зылық білдірушілер де көп. Әсіресе, краннан ағатын суды не ішуге, не ас пісіруге қолдануға болмайтынын тұрғындар жақсы біледі. Олар судан тот басып, шіріген құбырдың және хлордың иісі мен дәмі шығатынын айтып жүр. Сондықтан сүзгіден өткізгеннің өзінде шәйнектің түбін апта сайын тазалау керек. Сол себепті көпшілігі арнайы аппарат арқылы сатылатын сүзгіден өткізілген су сатып алуға мәжбүр. Оның бір литрі­нің бағасы – 15 теңге. «Сонда мұндай судың текше метрі 15 мың теңге болып отыр. Осыны неге тексер­меске? Алматыда бұл судың бір литрі 5 теңге деседі. Бізде бәрі қымбат. Антикор барлық тарифті зерделеп, ретке келтірсе жақсы болар еді», – дейді петропавлдық Зина Рысжанова.
Бұл ретте «Қызылжар су» мен «Есіл судың» тарифтерін салыстыруға келмейді. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл департа­ментінің мониторингі ауылдық елді мекен­дердегі суға қатысты. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында ауызсу мәселесі өткір тұр әрі оң шешімін таппай келе жатқа­нына бірнеше жылдың жүзі болды. Облысты сумен қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорын – «Нұра» топтық су құбыры кәсіпорнының «Есіл су» филиалы. Осы кәсіпорынның мәлі­метінше, облыстағы 5 477,5 шақырым су құбырының 65 пайызы әбден тозған, жиі істен шығады. Толығымен ауыстыруды қажет ететіндері де бар. Бүгінде өңірдегі 635 елді мекеннің 400-ден астамы ғана (83,5 пайызы) орталықтандырылған сумен қамта­ма­сыз етілген. Бұл дегеніңіз – 250 мың адам. Ал қалған 230 шақты ауыл­да тұратын 49,5 мың адам таза тір­шілік нәріне зәру. Олардың ара­сында улы су мен ерітілген қар суын ішіп отырғандары да бар. Радиация­ланған суды қолданып отырғандар да жеткілікті. Мәселен, Шал ақын ауданындағы Сухорабовка ауылы. Мұнда 150-ден астам үй түтін түтетіп отыр, таза ауызсу жоқ. Әсіресе, Есіл топтық су құбыры қызмет көрсететін Шал ақын, Тимирязев, Жамбыл, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда жағдай мәз емес. Бұл жайт әлеуметтік шиеленісті ушықтырып, халықтың көшіп кетуіне себеп болуда. Мәселен, Шал ақын ауданында 43 ауылдың бесеуі ғана орталықтандырылған сумен қамтылған. Осы олқылықты жою мақсатында «Қазсушар» РМК Есіл топтық су құбырына қосылған елді мекендерге су бұру үшін осыдан 3-4 жыл бұрын үш бірдей жобалау-сметалық құжат­тама жасаған болатын. Соған сәйкес, 50 шақты ауыл таза суға кенеледі деп күтілген-тін. Алайда былтыр көк­темде миллиардтаған қаржы жұмса­лып жасалған жобалар­дың мерзімі өтіп кетіп, аяқсыз қалды.

Солтүстік Қазақстан облысы