Әлемде стримингті платформалар, онлайн кинотеатрлар, миллиондаған кітабы бар кітапханалар қарқынды дамып жатыр. Контент пайдаланушылар жазылым ақысын төлейді де, шығармашылық адамдардың көз майын тауысып дайындаған өнімін пайдалана береді. Дегенмен елімізде музыка тыңдау, кино көру және кітап оқу үшін халық ай сайын ақы төлеуге дайын ба? Пандемиядан кейін стримингтік платформалардың, яғни фильм, видеоға арналған сайттардың танымалдылығы артты. Олар да қоғамның тамырын тап басып, әрқашан сұранысқа қарай жауап береді. Соңғы жылдары әлемде Netflix, Amamzon prime, Ivi сияқты платформалар жиі қолданылып жүр. Былтыр Netflix-ке жазылушылар саны миллионнан асқан. Netflix бұған дейін шығарылған фильмдер ұсынатын медиатека ғана емес, өзі де фильмдер түсіруді қолға алған. Қоғамдағы өзекті тақырыпқа арналған фильм, хикаяларды дер кезінде ұсынуымен көптің назарына іліккен платформада бүгінде 3 600-ден астам фильм, 1 800-ге жуық телебағдарлама бар. Интеллектуалдық меншікті қорғаудың жолы Ал стримингті платформаға тіркелу құны ай сайын 6 200 теңгені құрайды. Платформаға жазылушы бұған дейін еш жерде көрсетілмеген фильмдерді алғашқылардың бірі болып көріп, музыкаларды алғашқылардың қатарында тыңдай алады. Дегенмен біздің елде көп адамға ай сайын қалтасынан қомақты қаржы шығарғанша, әлеуметтік желілер мен «ұры» сайттардан фильм тамашалаған қолжетімді болып тұр. Республиканың түрлі ойын-сауық орнында авторлық контентті пайдалануға қатысты да дәл осындай жағдай қалыптасқан. Кәсіпкерлер желіден қажетті музыка мен видеоны жүктеп алып қолданады да, туынды авторларына музыканы пайдаланғаны үшін ақы төлеуге дайын емес. Бұл жағдайды ретке келтіру мақсатында елімізде интеллектуалдық меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша бірқатар түзету енгізу туралы бастама көтерілген. Бірақ «баяғы жартас, сол жартас». Кино авторлары прокатқа шыққан туындыларының кинотеатрда көрсетіліп бітпей жатып, желілерге тарап кеткенін айтып, жиі шағымданады. Одан бөлек, жаңа жазылған кітаптар мен аудармалардың электронды нұсқасын сататын пысықайлар да пайда болған. Әлеуметтанушылардың пікірінше, бұл елімізде интеллектуалдық меншікті қорғау құқының дұрыс реттелмегенін ғана емес, азаматтардың әлеуметтік жағдайынан да хабар береді.
– Дүниежүзілік экономикалық форум дайындайтын жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша Қазақстан 2006 жылдан бері интеллектуалды меншікті қорғау рейтингіне қатысып келеді. 2019-2020 жылы 141 мемлекет бойынша дайындалған рейтингте «Интеллектуалдық меншікті қорғау» индикаторы бойынша Қазақстан 72-орынды иеленді. Біз цифрлық технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан әлемде өмір сүріп жатырмыз. Осыған байланысты меншік құқығын қорғау саласындағы әдіс-тәсілдер де өзгеріп отыр, – деді бұрынғы әділет вице-министрі Ақерке Ахметова.Оның пікірінше, авторлық құқықты бұзу фактілері көбіне дәмхана, барлар, мейрамханалар, сауда ойын-сауық орталықтарында ел алдында орындау кезінде жиі тіркеледі. 15 жыл бұрын CD-диск шығару кезінде құқық бұзылғаны туралы айтылса, қазір жаңа технологиялардың дамуы авторлық құқықты бұзу фактілерін интернет кеңістігіне көшірген. Егер өз туындыларының интернет ресурстарында заңсыз таралғанын білсе, авторлар мен құқық иеленушілер құқық қорғау органдары немесе сотқа жүгінуге құқылы. Сондай-ақ авторлық құқық нысандарын заңсыз тарататын интернет ресурстарды бұғаттау шарасы да қарастырылған. Ішкі істер органдарының ақпараты бойынша, былтыр лицензиясы жоқ бағдарламалық жасақтаманы тарататын 24 шетелдік интернет ресурс анықталған. Ал интеллектуалдық меншікті қорғаудың жалғыз жолы стриминг саласына серпін беріп, мәдени контентті заңды түрде қолдану дағдысын қалыптастыру. QOS – қазақша стримингтік платформа Жақында Megogo, ivi, Netflix, Кинопоиск платформаларына бәсекелес отандық QOS стримингтік жобасы іске қосылды. Осылайша, жаңа қазақстандық қосымша App Store дүкенінде жүктеу бойынша төртінші орынға шықты. Qazaq original stream жобасының негізін белгілі продюсер Ерболат Беделхан, Нұрлан Қоянбаев және IT кәсіпкер Абай Серғазиев қалаған. Онлайн кинотеатрға қазірдің өзінде 500 мың доллар инвестиция тартылыпты. Ал платформаға қазақстандық және шетелдік туындылардан 100-ден астам бейнеконтент жүктелген. Контент көрермендердің сұранысына қарай үнемі кеңейтіліп, толықтырылып отырылады, өнімдердің 80 пайызы қазақ тілінде ұсынылады деп жоспарланып отыр.
– QOS жобасын жүзеге асыру туралы ой осыдан 3 жыл бұрын, пандемия кезінде келді. Қазір біздің қоғамымызда орыс тіліндегі медиакеңістік сұранысқа ие. Сондықтан біз қазақ тілінде коммерциялық медиаөнім жасауға басты назар аударамыз. Шетелдік контентті заманауи, түсінікті қазақ тілінде дубляждап, осы платформада жариялаймыз, – дейді Ерболат Беделхан.Ал IT кәсіпкер Абай Серғазиевтің айтуынша, әлемдік IT өнімдер екі бағытқа бөлінеді. Бірі үлкен аудиторияға арналған суперапп қосымшалар, екіншісі белгілі бір салаға арналған моно өнімдер. Суперапп қосымшасының ішінде әртүрлі қызметтер болады. Мысалы, Каспи сияқты.
– Бұл жобаны жүзеге асырудағы негізгі идеямыз қазақ тілін дамыту. Кез келген әлеуметтік жоба бизнестік жоба болуы керек. Бұл – жобаның аяқтан тұруы үшін қажет қадам. Айталық, Netflix-тің 5 пайыз контенті 200 миллион жазушылардын алып келеді. Біз Netflix, КиноПоискпен бәсекеге түспей, белгілі бір аудиторияға жұмыс істеуді ойлаймыз. ТМД-да таралатын ivi, ОККО қосымшаларының 1-3 пайызы ғана қазақша,– дейді Абай Серғазиев.QOS онлайн кинотеатрдың ресми YouTube парақшасына берген сұхбатында Нұрлан Қоянбаев қазақша стримингтік платформаның ерекшелігін айтты.
– Біз қазақша кино түсіріп жүрміз. Сол кезде неге қазақстандық онлайн кинотеатр жасамасқа деген ой келді. Осылайша, шетелдегі бағдарламашыларға хабарласып, жан-жақтан сұрастыра бастадым. Қазір команда әлемдік ірі компаниямен келісімге келіп, танымал екі фильмді сатып алайын деп отыр. Әрине, бұл салада бәсекелестік жоғары. Уақытты ғана емес, үлкен қаржыны да қажет етеді. Біз түсірген фильмдер кинотеатрда көрсетілгенімен, ауыл-аймақтағы халыққа жетпейді. Ал біз киноны бірден тегін платформаларға салып жіберсек, кинотеатрға көрермен бармайды. Сондықтан индустрияның заңдылығымен жұмыс істейміз. Киноны бірінші кинотеатрға береміз, кейін кинотеатрдың рұқсатын алып онлайн көрсетеміз, – дейді Нұрлан Қоянбаев.Ендеше заман талабына сай стримингтік платформалардың дами берері анық. Тек интеллектуалдық меншікті қорғау заңнамаларына жаңа өзгерістер мен қатаң талап керек.