Шытырманды шыны зауыты
Шытырманды шыны зауыты
518
оқылды
2015 жылдың көктемін­де Сыр еліндегі серпінді жоба­лардың бірегейі сана­ла­тын шыны зауытының құ­­рылысы қарқын алғаны бел­гілі. Сол кездегі жос­пар­ға сәйкес атал­­мыш ал­па­уыт зауыт құ­ры­лысы 2017 жылы аяқта­лып, EXPO көр­­месіне арнайы шы­ны өнім­де­рін шығару көз­делген бола­тын. Бірақ содан бері 5 жыл­ға таяу уақыт өтті. Әлі күн­ге дейін құрылысы созы­лып кеткен за­уыт­­тың қа­шан іске қосыла­ты­­нын дөп ба­сып айту қиын болып тұр. Зауыт құрылысы жайында бас­пасөз беттерінде аз жазылып жатқан жоқ. Жалпы, қаржысы 52 млрд теңгені құрайтын өндіріс ор­нының жылдық өнімінің қуа­ты – 197,1 тонна. Бұл зауыт елі­міздің ғана емес, АҚШ, Қы­­тай, Ита­лия, Финляндия сын­­­ды ел­дердің заманауи құ­рыл­­ғы­ла­­рымен жабдықталған соң­ғы үлгідегі бірегей жоба са­на­­­лады. Зауыт іске қосылған күн­де 160 адамды жұмыспен қам­туы мүм­кін. Сонымен бірге өн­ді­­ріл­ген өнімнің 50 пайызы шет­ел­ге экспортталуы керек. Алай­да үмі­тінен күдігі басым бола түс­кен жоба «әне-міне аяқ­та­л­ады» деумен күн артынан күн, ай артынан ай сырғып өтуде. Аты­­шулы құрылысқа айналған шы­ны зауытының бастамасы жем­қорлықпен басталғанынан қа­лың қауым хабардар. Қаралған қар­жы­ны жымқырды деген күдік­пен бірнеше атқамінерге айып та­ғылып, қамауға алынған еді. Олар­дың арасында экс-министр Қ.Бішімбаев та болған. Бірақ сон­да да бұл жоба аяқ­сыз қалмай, құ­­ры­­лысы әупі­рім­деп жалғасып ке­­леді. Ең қызығы, құрылыс басына барып, жүріп жатқан жұмыстарға ба­қылау жүргізетін жергілікті би­лік­тің берер бағасы да әр кезде әрқилы. Сөйтіп, пайдалануға бері­летін күні де өзгеріп отырады. Нақты бір шешім әлі күнге ай­тыл­ған емес. Тіпті, зауытты 2020 жылдың шілде айында пайда­ла­нуға беретінін айтқан құрылыс басындағылардың сөзіне ешкім таңырқай да қойған жоқ. Әдет­те­гідей, үйреншікті жайт. Негізсіз ақпарат беруден тиісті құрылыс мекемесі де шаршаған емес. Әй­теуір, құрылыстың тоқ­тап қал­май, жүріп жатқаны анық бай­қалады. Қазығын қақ­қан бұл зауытты пайдалануға беру­ге бү­гінгі әкім Қуанышбек Ысқа­қов­­тың ықыласы зор екені аңға­ры­лып отыр. Жалпы аумағы 50 га жерді ала­тын зауытта жұмысшыларға арналған 500 орынды вахталық қалашық тұрғызылады. Оның ішінде 25 вагонның 18-ін жұмыс­шы­лар тұрғын үй есебінде пай­да­­ланады. Ал дайын өнім қойма­сы­ның ұзындығы – 300 метр, ені 150 метр болады екен. Қазір құры­лысқа қажетті заттың 97 пайы­зы Еуропа мен АҚШ-тан алы­нып, кейбір қоспаларды жер­гілікті жерден өндіріп жатыр. 219 адам жұмылдырылған құрылыс жұмыстарына 11 мердігер ком­па­ния атсалысуда. Оның бас мердігері ретінде «Чайна Три­умф Интернэшнл Ин­жи­ни­ринг» қытайлық тран­сұлт­тық ком­паниясы тартылған. Аумағы төрт футбол алаңына тең келетін зауыт­та тиісті жұмыстар жүріп, барлық қондырғы рет-ретімен құрылып, өнім дайындайтын робот ап­парат­тары қосылса, іріктеп алын­ған мамандар біліктігін арт­тыру үшін Қытайдағы «Чайна Три­умф» зауытына жіберілмекші. Әрине, әлемдік тәжірибесі мол мердігердің зауытты өз деңгейінде салып шығуына сенім мол. Де­ген­мен алдыңғыдай бөлінген қар­­жы ұстағанның қолында кет­песе болғаны.    width=Миуа БАЙНАЗАРОВА

Қызылорда облысы