Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығындағы брифингте Халықаралық Түркі академиясы өкілдері мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өкілдері бүгінгі өтіп жатқан Мәжіліс және маслихат депутаттарын сайлау процесіне қатысты пікір білдірді.
Түркі академиясының Вице-президенті Эрхан Тюрбедар таңертеңнен бері он шақты сайлау учаскесіне барғанын айтты. Оның сөзінше, сайлау учаскелеріндегі қызметкерлердің біліктілігі жоғары деңгейде және учаскелердегі техникалық жабдықтау да дұрыс ұйымдастырылған.
АӨСШК Хатшылығы атқарушы директорының орынбасары Фан Чи қазақстандықтардың сайлауға қатысу белсенділігін ерекше атап өтті.
«АӨСШК өкілдері Қазақстандағы сайлауларда бірнеше рет байқаушы болған болатын. Осы жолғы сайлауда да елдегі демократия деңгейі жоғарылап келе жатқанына куә болдық. Бірнеше сайлау учаскесіне барып, процесті бақыладық. Белсенділік өте жоғары деңгейде. Кейбірі тіпті отбасымен келіп жатты. Учаскелердегі атмосфера да мерекелік көңіл-күйде. Адамдар өз еркін білдіре алатыны көрініп тұр» - деді Фан Чи.
АӨСШК-нің тағы бір өкілі Угур Туран да сайлаудағы белсенділік жайлы айтты. Оның ішінде жастардың белсенділігін ерекше атап өтті. АӨСШК өкілдері түске дейін Алматы ауданындағы учаскелерді аралаған. Түстен кейін байқауды Сарыарқа ауданында жалғастырмақ.
Халықаралық Түркі академиясының аға сарапшысы Тимур Козырев та әріптестерінің пікірін қолдап, барлығы заң аясында, халықаралық стандарттарға сәйкес өтіп жатқанын растады.