«Отандастар» оқу залы ашылды
«Отандастар» оқу залы ашылды
465
оқылды
Елордадағы Ұлттық ака­де­миялық кітапханада «Отан­дастар» оқу залы ашылды. «Отандастар» қоры мен Дү­ние­­жүзі қазақтары қауым­дас­тығының бастамасымен жүзеге асып отырған ауқым­ды жобаның аясында «Қазақ әлемі» кітабының да элек­трон­ды нұсқасының тұсауке­сері өтті. Оқу залында қазақ диаспорасы жайлы шетел әдебиеті мен отандастары­мыз­­дың құнды шығарма­ла­рын оқуға толық мүмкіндік бар.    width= Қазіргі таңда 2 500 кітап ше­тел­дегі қазақ мәдени орталық­та­рына таратылуға әзір. Барлық әдебиеттер «Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасының» тех­никалық платформасында цифр­ланған. Енді отандастарымыз әлем­­нің кез келген жерінде қы­зық­ты кітаптарды еркін оқи ала­ды. Алдағы кезеңде өзге елдегі этни­калық қазақ қаламгерлерінің кітаптарын басып шығару жос­пар­ланып отыр. Салтанатты жиынға мемле­кет қайраткері Мырзатай Жолдас­беков пен «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарба­сов арнайы қатысып, өзге елдерде жүр­ген қандастарымызға тиімді жағ­дай жасалу керегін жеткізді.
– Алғаш тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары сыртта жүрген қандастарымыз айтарлықтай көп еді. Жақсылыққа жазып біраз қан­дастарымыз елге оралды. Алды ел ісіне белсене араласып, бір кі­сі­­дей үлесін қосып жүр. Ендігі ке­зек отандастардың рухани туын­­­дыларын дәріптеп, өз елінде білім мен ғылым меңгеруіне жан-жақ­ты тиім­ді жағдай жасау. Сырт елде жүр­ген бауырлар елге орал­сын, елі­мізге қызмет етсін, өсіп-өр­кен­десін – біздің ізгі ниет-ті­легі­міз осы ғана, – деді Мыр­за­тай Жолдасбеков.
Өз кезегінде Отанына орал­ған қандастарымыз оқу залы­ның қолайлы екенін атап өтті. Одан соң жиылған қонақтардың қаты­суымен мәжіліс өтіп, «Отан­дас­тар» қоры келешек жоспар­ларын талқыға салды. Бұдан былай шетелдегі этникалық қазақтардың рухани мұрасын дәріптеуге баса назар аударылады. Шара аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы Сурет­ші­лер одағының қолдауымен қан­дас қылқалам шеберлерінің туын­дылары жинақталған көрме өткізілді.   Мадияр ТӨЛЕУ