Ән қанатындағы әз-Наурыз
Ән қанатындағы әз-Наурыз
1,385
оқылды
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында радио-телеарналарда Наурыз туралы ән шырқалып, мерекеге орай ұйымдастырылған концерттік шаралардың көрігін де осы мазмұндағы әуезді әндер қыздыратыны бар. Күмбірлеген домбыраның қоңыр үні мен ұлттық дәстүрімізді ұлықтайтын осындай әндер мерекелік көңіл күй сыйлап, мерейімізді тасытып қана қоймады. «Наурыз айы туғанда, Той болушы еді бұл маңда. Сақталушы еді сыбаға, Сапарға кеткен ұлдарға, Наурыз айы туғанда». Осы бір әннің төрт жолынан-ақ дүбірлі мерекенің қадір-қасиетін түсінген кез келген қазақтың қаны буырқанып, жаны жадырайды. Өйткені рухқа толы салтанатты әннің сөйлеміндегі әрбір сөз мерекенің мән-мағынасын ашып бергені үшін де Мұқағалидың жыр жолы ұзақ жасап келеді. Наурыз мерекесінің бойтұмарына айналған бұл ән 1988 жылы филармонияда өткен концертте алғаш рет орындалған екен. Сол жолы әнді танымал күйші Абдулхамит Райымбергеновтің жетекшілігіндегі «Мұрагер» ансамблі сүйемелдеді. Осылайша, жүректен шыққан ән бірден тыңдаушыларының да көңілінен шығып, сәтімен тұсауы кесілген туынды болды. Сол жылдары Алматыда ғана емес, жалпы елімізде бұл мейрам енді-енді тойланып, өзіндік бағасын алып жатқан уақыт еді. Осы уақыттары қазақтың талантты композиторы Талғат Сарыбаев ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Наурыз-думан» өлеңіне ән жазады. Ақынның жүректен шыққан жыр жолдарына жан берген сазгер болса, сырлы да сазды әуеннің ғұмырлы болуына әнші Роза Рымбаеваның сәтті орындауы себепші болып келеді. топ «Наурыз мейрамы алғаш тойлана бастаған кез еді. 1988 жылы ақын Мұқағали Мақатаевтың кітабын алып композитор Талғат Сарыбаевқа арнайы бардым. Оған ақынның «Наурыз-думан» өлеңіне ән жазып беруін өтіндім. Сөйтіп, өзімнің болашақ туындыны қалай көріп тұрғанымды сөзбен суреттеп бергенім есімде. Ол да ойымды бірден түсінді. Өзім қалаған мінез бен стильде ән жазды. Осылайша, көктемнің шуақты сәттерін, наурыздың ерекшелігі мен қазақтың дарқан пейілін суреттейтін ән өмірге келді. Жан жарым Тасқын Оқапов – музыканың білікті маманы еді ғой. Өзі режиссер, өзі композитор, өзі ән өңдеуші болды. Туындыны бірден ұнатты. Ол «Наурыз-думанды» тұтас композицияға айналдыруды ұсынды. Ойдан-ой туып, Тасқынның ұсынысымен әннің ортасына атақты «Шернияз» күйін қостық. Осы арқылы әннің тынысы кеңіп, тұла бойындағы ұлттық бояуы қалыңдап, қазақтың шынайы болмысын ашқан әнге айналды», – дейді әннің тарихы туралы естелігімен бөліскен Қазақстанның халық әртісі Роза Қуанышқызы. Оның үстіне, бұл ән бірнеше уақыт ұлт жадынан ұмытыла бастаған Ұлыстың ұлы күнімен қайта қауышқан халықтың шөлін басқан шығармаға айналды. Әннің ел арасына тез тарап кетуі де сондықтан шығар. Әр көктем келген сайын «Наурыз-думан» шығармасы шынайы құрмет-қошеметке ие болып келеді. Айтпақшы, 2021 жылы әнге тұңғыш рет бейнебаян түсірілді. 35 жылға жуық шырқалып келе жатқан шығарманың алғашқы бейнебаянын Jevis командасы ұсынған болатын. Әз-Наурызға өлең жолдарын арнамаған қазақ ақыны кемде-кем. Соның бірі – халық жазушысы, ақын Тұманбай Молдағалиев. Оның қаламынан туған Наурыз туралы бірнеше өлең бар. Соның ішінде: «Келді көктемім, Гүлдер бүршігін жарып. Келді көктемім, Жаңа бір үміт алып», –  деген жыр шумақтарымен өрілген «Наурыз-көктем» әні бүгінде қазақ сахнасында шоқтығы биік шығармалардың біріне айналды. Әнін жазған танымал сазгер, әнші Марат Омаровтың өзі де орындайтын бұл туындыны бүгінде Алтынай Жорабаева да әндетіп жүр. Алтынай 90-жылдардың басында қазақтың этно-поп стилінде құрылған «Үркер» тобы да «Наурыз» әнін жарыққа шығарды. Сөзін Ерсайын Жапақов, әнін топ мүшесі әрі композитор Айдос Сағатовтың өзі жазған. Топтың орындауындағы ән де аз уақыттың ішінде тыңдармандардың жүрегінен орын алды. Сөйтіп, 1997 жылы «Наурыз» әні үшін топқа «Золотой диск» телефестивалінің дипломы беріледі. Ал 1998 жылы осы шығарма топтың «Тойбастар» атты альбомының құрамына шығарылады. 2001 жылы «Наурыз» 10 жылдықтың әні деп танылып, екінші рет «Золотой дискіні» иеленеді. Ал әнші Тамара Асардың орындауындағы «Наурыз-амал» әні ұзақ уақыт жазылған шығарма. Тек бес жыл өткеннен кейін  жарыққа шықпай жатқан туындының қысқаша тарихы туралы еске алған әншінің өзі «Қыс кезі болатын. Жаңа жыл қарсаңында студияға кезекті бір әнді жазуға барғанымда бірнеше жыл бұрын бастап, аяқталмай сандықта қалып қойған осы туындым есіме түсіп кетеді. Алдымен сөзін танымал ақындардың алдынан өткізіп, әуенін Әсет Мұсабаев деген музыкантым екеуміз бірге отырып жаздық. «Наурыз, наурыз амал келді жыл басы, Еріген күн Самарқанның көк тасы» деген жолдары бар. Наурыз – жыл басы, біздің төл мерекеміз. Бала кезден көзімізді ашқаннан тойлап келе жатқан мейрам. Соның ішінде Маңғыстау халқының ешқашан амалсыз күні өтпеген. Сол үшін бүкіл қазақ даласы Наурыз мерекесіндегі амалдың орнын білсе екен деген ниеттен туған өлең еді», – дейді әншінің өзі. Сөйтіп, 2021 жылы жарық көрген жаңа әнді «Хабар» телеарнасы бірден ұнатып, әнге бейнебаян түсіреді. Тамара Асардың айтуынша, туынды жарыққа шыққан кезде әншінің өзі де талай жыл арман еткен қыз баланы дүниеге әкелген. Сондықтан әнші «сол жылы егіз баланың анасы атандым» деп әзілдейтіні бар. Тамара Асар Соңғы жылдары отандық әншілердің репертуарында әз-Наурызға байланысты ән көп. Әншілерге мұндай туындылар мейрам кезіндегі тапсырысты арттыруға таптырмас мүмкіндік болуы мүмкін. Бірақ тыңдарманның талғамына сай ұлттық рухты оятып, Ұлыстың ұлы күнін дәріптеуде осындай шығармалардың жарыққа шыға бергені де жөн сияқты.