Алыс-берістің күретамырына айналамыз
Алыс-берістің күретамырына айналамыз
579
оқылды
Биылғы көктемде еліміз арқылы өтетін халықаралық тасымалдың тиегі ағытылып сала бергендей. Тек бір апта ішінде Қытайдан Қазақстанға өтетін жүктің ауқымы бірден 3 есеге, ал Қазақстаннан кері бағытқа бет алған жүк ауқымы 2 еседен астамға артып шыға келген. Өйткені халқын үш жыл бойы карантинге қамаған алпауыт аспанасты елі Zero-COVID саясатынан бас тартып, шекарасын ашты. Қазақстанның бұған дайын еместігі белгілі болды. Жалпы, транзит алда тек арта бермек. Жуырда Түркияға сапарлаған Қазақстан көшбасшысы «Орта дәліз» туралы келіссөз жүргізген. Бұл не және маңызы неде? ДДСҰ ұстанымы бойынша жал­ғасып жатқан, ал іс жүзінде түгесілуге таяған пандемия тасымал саласына көп кесірін тигізді. Жеткізуші тізбектер үзілді, транзит тоқырады. ҚХР «Үде­мелі нөлдік COVID» немесе Dynamic Zero-COVID саясатын қатаң ұстанды. Оның ұраны «Іздеу, тестілеу, оқшаулау және қолдау» (FTTIS) болды. Мұның тасымал саласына қатысы қандай? ҚХР ел ішіне сырттан індет кіріп кетпеуі үшін өз аумағына енетін әрбір жүк көлігі мен теміржол контейнерін жеке-жеке дезинфекциялады. Әр жүк­тен сынама алып, зертханаға жіберді, талдау қорытындысын күтті. Әгараки әлдебір кеден не шекара қызметкері коронавирусқа шалдықса, сол өткізу бекеті тәулікке тұтас жабылып, не жұмысы шектеліп, толық тексеру мен өңдеуден өтетін. Салдарынан қазақ-қытай шекарасында үнемі жүк кө­ліктерінің және теміржол құрам­да­рының ұзынсонар кезегі қалыптасты. Жыл басында ҚХР билігі Zero-COVID саясатын шектеп, халқы мен бизнесіне біршама жеңілдік берді. Содан 24 ақпанда Премьер-министр Әлихан Смайлов құзырлы органдарға: «Біз бұған дайын болуымыз керек» деп ескертті. Әйткенмен, сақадай сай болмай шықты. Жақсының жақсылығын айту керек, тәуелсіздіктің үш онжылдығында қабылданған шаралар, жүзеге асырыл­ған ірі жобалар, жолға қойылған сырт­қы экономикалық байланыстар арқасында Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы маңызды құрлық дәлізіне және әлемдік маңызы бар көлік-тран­зиттік тораптардың біріне айналды. Ал Ресей батыстың санкциялары сал­дарынан оқшауланғалы, Қазақстан арқылы өтетін дәліздердің маңызы да, жүктемесі де еселеп артты. ҚХР бұрын РФ және Беларусь арқылы жолдаған жүктерінің үлкен бөлігін қазақ еліне қайта бағыттап, Каспий арқылы та­сымалдап жатыр. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ даналығы. Шығыс көршінің мұз құрсауынан босаған Сырдариядай алапат қарқынмен тасқындаған жүгінің көбі жалғыз Жетісу облысы арқылы өтеді. «Достық» және «Нұр жолы» атты екі халықаралық өткізу пункті де, «Достық» және «Алтынкөл» шекара­лық теміржол стансасы да осы облыс аумағында орналасқан. Тиісінше, Ұлы Жібек жолын қайталайтын барлық дерлік халықаралық транзит маршрут Жетісудан бастау алады. Дәл қазір өңірдің барлық мүмкіндігін көлік-логистикалық салаға жұмылдыру қажет болып тұр. Осы орайда Достық–Мойынты теміржол учаскесінде екін­ші, параллель жолдардың құрылысы уақтылы басталды. Бұл саланың табысы шаш-етектен. Тіпті, шетелдік инвесторлардың көз сұғын қадап, ынтығып отырғанын сез­ген Үкімет көлік саласында заманауи инфрақұрылымды құруға ірі халық­аралық серіктестерді тартуға кірісті. Олардың қатысуымен «Достық» стан­сасында көпфункционалды жүк та­сымалдау терминалының құрылысын қолға алды. Бұған қоса, жүк айналымы жылына 1 миллион тоннадан асатын, құны 3 миллиард теңгеге жететін алып қойма кешені іске қосылмақ. Мұның сыртында 500-1000 жүк көлігінен тұра­тын жекеменшік еурофура паркін қа­лыптастыру жоспарланған. Бастапқы кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі 5 миллиард теңгеден асады. Осы­дан-ақ жаңа құрылған Жетісу облысының дамуына сала соны серпін бергелі тұрғанын байқауға болады. Кеденде тәртіп пен әділдік орнайды Әрине, беріліп отырған мол мүм­кіндікті пайдаланып қалуда кедергі көп. Мысалы, біраз маңызды нысан­ның құрылысы ұзап кетті.
«Негізі «Достық-автомобиль» және «Достық-теміржол» нысандарында құрылыс 2022 жылғы маусым айында ғана басталды. Біршама кідіріс болды. Осы өткен қыста ауа райына байла­нысты бетон қоспасын жасап, құю қиынға соқты. Жұмыс тек жақында ғана қайта жанданды. Біраз нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары тек биыл­ қаңтар айының басында бас­талған. Бүгінде көптеген нысанға тех­ника мен жұмыс күші жұмылдырылып жатыр. Кейбір алаңдарда ғимараттар мен нысандарға демонтаж жүргізілуде, сондай-ақ жер қазу және іргетас құю жұмыстары қолға алынды. Орта есеп­пен нысандарда 20-дан 50-ге дейін жұмысшы жұмыс істейді», – деп ха­барлады кеден мен транзит саласына жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК).
Жалпы алғанда, Қазақстан биыл өз шекарасындағы 9 автомобиль, 1 те­міржол өткізу бекетін және Астана қа­ласындағы Бас диспетчерлік басқар­маны жаңғыртып, техникалық жа­рақтандырып шығуға ниетті. жүк тасымалы Сол себепті Үкімет ҰҚК Шекара қызметіне Қаржы министрлігімен бір­лесіп, шекарадағы өткізу бекеттеріндегі жұмыстардың іске асырылу барысын қатаң бақылауда ұстауды жүктеді. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары тәулік бойғы режимге ауыстырылыпты. Құзырлы органдар «Бақты» және «Қалжат» өткізу бекеттерінде орта­­лық­пен арнайы байланысты құпия де­ректер беруді қамтамасыз ететін ка­бель төсеуді жеделдетуге міндеттелді. Онсыз модернизациядан өткен бе­кеттер толыққанды іске кірісе алмай­тын көрінеді. Бірақ жүк жөнелтушілер, экспе­диторлар, тасымалдаушылар Қытаймен арадағы шекарада көлік кептелісіне шағымданады. Жауапты орган бұған шығыс көршінің пандемия шек­теулерінен бас тартуын «айыптады». Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жаналиновтың айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы аптада «Нұр жолы» бекетінің өткізу қабілеттілігі айтар­лықтай артты. Салыстыра кетсек, егер ҚХР-дан Қазақстанға 13 наурызда шамамен 150 көлік өте алса, ал 19 наурызда бұл сан 680-ден асыпты. Шекарадағы кезек алғашқы күн­дердегі 300 көліктен бүгінде шамамен 70 көлікке дейін азайды. Бұл кідірістің басқа себебі бар көрінеді: Қазақстан жағында көбіне Қытайдың визасын ала алмай, күтіп отырған тасымалдаушы көп. Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне виза алу процесін жеделдету, Қаржы министр­лігіне компаниялардың халықаралық тасымалдарға шығуын оңайлату үшін шара қабылдау жүктелді. Мұның сыртында шекаралық ба­қылау-өткізу бекеттеріндегі элек­тронды кезекті қалыптастыру тәсілдері қайта қаралып, оңтайлатылады.
«Пандемияға дейін болған кедер­гісіз қозғалысқа оралу уақыт пен қал­пына келтіру процесін талап етеді. Қазақстандағы тасымалдаушылар мен жүргізушілердің көпшілігінде ҚХР-ға кіруге виза жоқ екені анықталды. Мұны белгілі бір топтар өз пайдасына жаратады. Визасы бар 40-50 жүргізуші ондай көліктерді шекаралық ауданнан өткізіп беруді ұсынады және сол қызметі үшін қымбат ақы сұрайды. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар Қытай тарапымен бірлесіп, тасымалдаушыларға берілетін визалар санын арттыру мәселелерін пысықтап жатыр», – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Оның мәліметінше, қазіргі кезде қазақстандық тасымалдаушылар мен жүргізушілерге визалық қолдау көр­сетіліп жатыр. Өткізу пунктерінің жұ­мыс уақыты ұзартылды. Электронды кезек жүйесінің функционалы жақ­сартылды. Жергілікті әкімдіктер мен құқық қорғау органдары тәртіп пен қа­уіпсіздікті сақтау шараларын қа­былдауда. Өз кезегінде «Атамекен» ұлттық палатасы тасымалдаушылар мен сырт­қы экономикалық қызметке қатысу­шылар арасында түсіндірме жұмыс­тарына кірісті: ҚХР аумағына кіру үшін қандай заңды талаптар қойылатынын, оларды мүлтіксіз орындау керегін айтады. Шекарадағы бекеттердің өткізу қабілетін арттыруға және тауарай­налымды ұлғайтуға бағытталған жұмыс жалғасады. Alfa Trans Kazakhstan өкілі Ернұр Сәдібеков Қытаймен арадағы шекарада орналасқан өткізу пункт­терінде біршама тәртіп орнағанын жеткізді.
«Бұрын онда делдалдар көп бола­тын, аяққа оралып жүргізбейтін. Соңы төбелеске ұласып та жататын. Бүгінде түзеліп қалды. Арнайы мониторинг топтары құрылыпты. Олар кезекте тұр­ған әр жүк көлігін тексереді. Құжаттары жоғын кезектен шығарып тастайды деп естідік. Біздің құжаттарымыз толық, сондықтан бұрынғыға қарағанда тезірек өттік. Әйтпесе, қулар көп, «Нұр жолы» сияқты өткізу пунктінде күні бұрын электронды кезекті брондайды да, содан соң ғана Қытайға жеткізетін жүктерді іздей бастайды. Жүк таба алмаған, немесе бекітілген мәміле, келісімшарты бұзылған жүк тасушы­лардың шекараға сол бойы келмеген жағдайлары кездеседі. Келгенімен құжаттары дайын болмай шығады. Содан құжаты келгенше, кезегінен айырылып қалмау үшін өзгелерді өткіз­бей, кептеліс туындайды. Салдарынан өзге тасымалдаушылар зардап шегеді, тауарлары бұзылады, уақытында жет­кізбегені үшін айыппұл төлеп, шығынға батады», – деді Е.Сәдібеков.
Бұл ақпаратты МКК растады. Ведомство дерегінше, отандық тасы­мал­даушылардың жартысынан көбінде шетелдік рұқсат бланкілерін алу үшін қажетті халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға арналған рұқсат карточ­калары болмай шықты. Нақтыласақ, электронды кезекте тіркелген 21 023 автокөліктің 10 868-інде рұқсат карточ­касы жоқ. Салдарынан мысалы, 14 нау­рыз күні құзырлы орган Қытайға 500 фураның өте алатынын жариялады. Бірақ іс жүзінде тек 183-і өтті. Қалған машина өткізу пунктінің алдында сол бойы қаңтарылып тұрып қалған: жүргізушілер рұқсат құжаттарын күтетінін алға тартып, кірмеді. Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» палатасы кезегін сақтап қалу үшін тасымалдаушылар алдын ала халықаралық тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат құжатын рәсімдеуі қажет екенін түсіндіріп жатыр. Мұндай құжатсыз автокөліктер жаппай ке­зектен шығарып тасталмақ. Негізі, көлік шекараға таяғанда ғана кезекке тұруы керек еді. Бұл кезек электронды түрде Қаржы министр­лігінің «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ платформасында, Qoldau.kz сайты арқылы жүргізіледі. Бірақ кедендегі кептелістен хабардар тасымалдаушылар біраз күн бұрын кезекке қашықтан тұрып алады. Бұған тосқауыл қою үшін жауапты органдар заңсыз фактілерін әшкерелеп, жолын кесуге кірісті. Мо­ни­торинг барысында жосықсыз тір­лік­ке барғандар анықталса, олар жүйеде бұғатталады екен. Ал егер кезекті сату­дың заңсыз дерегі анық­талса, онда ма­териалдар дереу құқық қорғау ор­гандарына тапсырылады. Әрине, бұ­дан адал тасымалдаушыларға да нұқ­сан келуі мүмкін. Аяқ астынан туын­даған проблеманы мемлекеттік орган жедел қарап шешу үшін «CarGoRuqsat» телеграм-арнасы жұмыс істейді. [caption id="attachment_246188" align="aligncenter" width="1417"]транзит © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Осылайша, бүгінде Қытаймен арадағы өткізу пунктері күніне 500-700 жүк көлігін өткізіп тұр. Жасанды ке­дергілерді жою бойынша нормативтік актілерге өзгерістер енгізіліп жатыр. Нәтижесінде, шекарадағы орынсыз тосқауылдар алып тасталса, онда бір ғана «Нұр жолы» бақылау-өткізу бекетінен тәулігіне мыңға жуық автокөлікті өткізуге жол ашылмақ. Орта дәліз – ортақ қазына Сонымен бірге тран­зит ауқымы алда тек арта беретінге ұқсайды. 2023 жылғы 16 наурызда Түркияға жұмыс сапа­рымен барған Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев осы ел Прези­денті Режеп Тайип Ер­до­ғанмен бірге «Орта дәліз» аталатын Транс­каспий халықаралық көлік бағытына қатысты келіссөз жүргізді. Қазақстан әлеуеті мол осы көлік-логистикалық бағдарды дамыту үшін ортақ инфрақұрылымдық жо­баларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Экономист Айдар Әлібаевтың мәліметінше, «Орта дәліз» Қытайды Қазақстан аумағы арқылы Түркиямен және Еуропамен жалғайды. Бұл дәліз де Каспий арқылы Ресейді айналып өтеді. «Орта дәліз» тасымалдаушылары қауымдастығының штаб-пәтері Ас­танада орналасқан. 2017 жылы қол­данысқа берілген бұл бағдар РФ арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің көлеңкесінде қалды. Алайда Мәскеудің Украинаға соғысы Орта дәлізді өзекті етіп отыр. РФ «Транссібіріне» тәуелділіктен құтылудың қамын жасаған еуропа­лық­тар да осы бағдарға ден қоюда. Мысалы, контейнерлік тасымал саласындағы әлемдік көшбасшылар даниялық Maersk пен финдік Nurminen Logistics осы жолға көшіп алды: олардың контейнерлерін Қытайға бастайтын қазақ теміржолынан байқауға болады. Қазақ жері арқылы өтетін дәліздер бойынша тасымалды бірден бірнеше есеге арттыруға болар еді. Дегенмен сарапшылар бұған Қазақстанның инфрақұрылымы дайын еместігіне назар аудартады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, республика аумағында жалпы ұзындығы 13 мың шақырымға жуық 8 транзиттік дәліз бар. Олар теңіз айлағына барып тіреледі. Сондықтан Ақтау портында контейнерлік хаб құру, қайта тиеу техникасының паркін жаңарту және мұнай құю айлақтарын қалпына келтіру, ал Құрық портында жаңа айлақ салу, көпфункционалды және астық терминалдарын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ 2030 жылға дейін Каспийде 10 мұнай құю баржасы, 8 паром, 6 танкер және контейнерлік кеме жұмыс істей бастайды деп күтілуде. Ақтаудағы контейнерлік хаб құры­лысы 2022 жылы басталды. Жобаның болжамды құны 10 миллиард теңгеден асады. Бұл хаб Орта дәліз арқылы жүк ағынын еселеп арттыра алады. Әйтпесе, әзірге Ақтау порты өз әлеуетінің төрт­тен бірін ғана пайдаланып отыр. Бұдан бөлек, ел Үкіметі жүк тасымалына ар­налған, кемелерге тиелетін контей­нерлерді елімізде шығару жобасын жүзеге асыруда. Еуропалық қайта құру және даму банкінің дерегінше, 2022 жылға, яғни Украинадағы соғысқа дейін Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы жүк айналымының 95 пайызы Солтүстік дәліз, яғни Ресей аумағы арқылы өтіпті. Енді оның орнын Орта дәліз басып жатыр. Қытайдан шыққан жүк Орта дәлізбен Еуропаға орташа алғанда 20–25 күнде жетеді. Бұл теңіз жолынан екі есеге жылдам. Қазақстан серіктес елдермен бірлесіп, рұқсат құжаттарын беру мерзімдерін азайту, кедергілерді жою арқылы бұл көрсеткішті одан ары жақсартуға күш салу үстінде. Ендеше, континентаралық жүк ағынының 95 пайызы қазақ жері арқылы өтетін кез де алыс қалмағандай. Осылайша, Еуразияның кіндік тұсындағы елде сан ғасыр бұрынғы Ұлы Жібек жолы қай­та жаңғырмақ.