Ет өндірісінің ертеңі бұлыңғыр
Ет өндірісінің ертеңі бұлыңғыр
910
оқылды
Көбіне еліміздің жері мал шаруашылығын дамытуға қолайлы екенін айтып жатамыз. Сөйтсе де, Қазақстан ет өндірісін жолға қоя алмай келеді. Ет экспорттаудан бұрын ішкі сұранысты өтеуге қауқары жоқ. Жыл сайын шетелдерден сиыр, жылқы, құс етін мыңдаған тонналап сатып аламыз. Саланың бұлайша кері құлдырауына не себеп, шаруалардың ісі неге шатқаяқтап тұр? Береріміз аз, аларымыз көп Әуелі сөзімізді нақтылап алу үшін ста­тистикалық деректерді келтірейік. Жал­пы, 2022 жылдың қаңтар-қарашасы ара­лығында 38,6 мың тонна ет экс­порт­таған. Оның ішіне барлық ет түрі кіреді. Бұл көрсеткіш 2021 және 2019 жылдар­мен салыстырғанда 66,9 пайызға жоғары екен. Дегенмен импортымыз экспор­ты­мыз­ды бірнеше орап алады. Былтыр 11 ай­да еліміз сырттан 144,5 мың тонна ет са­тып алған. Соның 88 пайызы – құс еті. Осы сандарға қарап, ет өндірісі қан­ша­лық артта қалып жатқанын бағамдау қиын емес. Иә, не де болса сарапшылар ахуал­дың біртіндеп жақсарып келе жат­қанын айтады. Себебі бір ғана, соңғы екі жылда импорт көлемі сәл төмендеді. Ет өнімдері бойынша жағдай тіпті күр­делі. Былтыр 11 айда Қазақстан сырт­қы нарыққа 149 тонна шұжық та­сы­малдап, 39,1 мың тоннаны сырттан са­тып алған. Қараңыз, импорт экспорт­тан 262 есе көп. Әйтеуір, былтыр отан­дық фермерлер қой еті бойынша халық сұранысын толық өтепті. Сиыр еті бойын­ша – 98,6 пайызға, жылқы еті бойын­ша – 97,5 пайызға қамтамасыз ете ал­ғаны айтылады. Ақсаған тұсымыз құс еті (өз өндірісіміз – 67,4 пайыз), консер­ві­лер (импорт – 37,9 пайыз) және шұ­жық өнімдері (шетелден жеткізу – 39,7 пайыз). Қарым қаржыға тіреледі Енді мәселенің түпкі мәніне үңіліп көр­ген абзал. Шынында, осы саланы сөз еткенде шаруалардың дәрменсіздігін айыптаушылар жетерлік. Ең алдымен Қазақстанда заманауи талапқа сай үлкен ет комбинаты әлі күнге жоқ екенін ұмыт­­пайық. Мал соятын, бордақы­лай­тын шағын орындар көп, өзара бақта­ла­сып, бағаны құбылтып, бірқалыппен жүре береді. Егер үлкен ет комбинаттары бол­ғанда, шаруалар мал бордақылап, сойып, комбинатқа өткізіп, тиімді жүйе құрыл­ған болар еді. Отандық ет өңдеу өнер­кәсібінің әлі күнге баяу дамып жа­туының бір себебін Ет одағының дирек­торы Мақсұт Бақтыбаев инвестицияның жоқтығымен байланыстырады. «Нарық бәсекесіне шыдайтын ірі өң­деу кешендерін салу үшін инвестиция жоқ. Тұрақсыздыққа байланысты шет­елдік инвесторлар қазақстандық жо­ба­лар­ға қаржы салуға асықпайды. Мысалы, бізде халықаралық жоғары стандарттарға сай бургер үшін котлет өндіретін елде бір­де бір ет комбинаты жоқ. Ондай кә­сіп­орынды 2020 жылы италиялық Cremonini компаниясы іске қосуы тиіс бол­ған. Бұған қатысты меморандум Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2016 жылы жасалған. Алайда ведомство бас­шысы ауысып кетті де, іс жайына қал­ды. Инвестор да жобаны тастап кет­ті», – дейді ол. Оның айтуынша, мал басын экспорт­тауға қатысты шектеудің енгізілуі де са­ланың даму қарқынын бәсеңдеткен. 3 жыл­да мал сатып алу көлемі 5 есе азай­ды, кәсіпорындардың үштен бірі жұмыс істемейді. Қалғандары мал сатып алу көлемін айтарлықтай қысқартып таста­ған. Жалпы, экспорт көлемінің тарихи мак­симумы пандемияға дейінгі 2019 жы­лы байқалған. Ол жылы ет түрінде және тірі күйінде ет эквиваленті бойын­ша 80 мың тонна экспортталды. Панде­мия мен экспортқа шектеу енгізілуі сал­дарынан ішкі нарыққа қысым кү­ше­йіп, көтерме баға 20 пайызға төмендеді. Экспорт жоқ болған соң фермерлерден мал сатып алынбайды, мал басы азайып, шаруалар бизнестен кете бастаған. Суб­си­диясыз жұмыс істеуге көшу үшін экс­порт пен валюталық түсім тұрақты болуы қа­жет. Ал ет өңдеу кәсіпорындары қауым­дастығының атқарушы директоры Аза­мат Орымбаевтың айтуынша, бізге сырт­қа мал басын емес, ет экспорттауға ерек­ше мән беру керек. Өйткені Қазақ­стан­нан ет емес, мал сатып алуға құмарт­қан елдер бар. Соның бірі – Өзбекстан. «Стратегиялық жоспар бойынша ет экс­портына басымдық беру өте маңыз­ды. Бір немесе екі тікелей экспорттық ар­налар негізінен шектеулі және сала үшін үлкен тәуекелдерді тудырады. Бірін­шіден, өңдеу саласы құрдымға ке­теді де, қосымша құн тудыратын терең қай­та өңдеу ісі дамымай қалады. Бұдан бө­лек, өңдеу, жеңіл өнеркәсіп сияқты ара­лас салалардың дамымай қалатыны та­ғы бар. Екіншіден, біз қайта өңдеу ісін жо­ғалту арқылы осы арнаға тәуелді бо­ла­мыз, өйткені бағаларды біз айтпаймыз, басқалар белгілейді. Мұндай кезде қан­дай азық-түлік қауіпсіздігі жайлы әңгіме болуы мүмкін? Демек, сату каналдарын әр­тарап­тандырып, ет пен жартылай фаб­ри­каттардың экспорттық нарығын мак­си­­­малды түрде көбейту керек», – деді сарап­шы. Жарты жолда жабылған жоба көп Қазақстан негізінен өзінің сиыр етін Өз­бекстан, БАӘ, ЕАЭО елдеріне сатады. Өз­бекстанға сиырдан бөлек, қой мен еш­кі етін де көп өткіземіз. Ал өзіміз Ук­раина, Парагвай, Үндістан, Бразилия, Уруг­вай, Моңғолия және Аргентинадан ет сатып аламыз. Жоғарыда біз сыртқа тірі малды емес, ет өткізген жөн екенін тіл­ге тиек еттік. Бұл тақырыпта ескерусіз қал­мауы тиіс. Өйткені сол арқылы мем­лекет біршама шығын көреді. Мәселен, фер­мер бұқаны тірілей салмағымен сату ар­қылы тек ет үшін ақша алады. За­ма­науи ет комбинаттарында малдың терісі мен ішкі мүшелерінен бастап қан, мүйіз, тұяққа дейін барлығы дерлік қайта өң­деу­ге жіберіледі. Қазақстан тірі бұқаны са­та отырып, әрі кетсе 1000 доллар ала­ды. Бұл – еттің бағасы. Ал қалғанының бар­­лығы сатып алушыға тегін барады де­­ген сөз. Өзбекстан малды сойып, субө­нім­­дердің өзінен қосымша 120 доллар ақ­­ша табады. Терісінің өзі 20 доллар тұра­­ды. Экспорт мен импорт көлеміне қа­тыс­­ты баланс жайы жиі сөз болады. Кей шаруалар шектеудің болмағанын қалай­ды. Яғни, тірі малды өткізе ме, етін ғана жет­кізе ме, өздері таңдау жасағысы келе­ді. Бұл пікірдегілер Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа шығатын мал са­нына шектеу қойса, онда әр шаруа өзі­нің қанша мал экспорттай алатынын біл­гені абзал екенін айтады. Қазір ел бойын­ша барлық фермердің экспортқа жі­беретін ет көлемін анықтау керек. Об­лыс ауданнан, аудан ауылдық округтен, ауылдар шаруалардан санын сұрап біліп, белгілі бір мөлшер шығаруы тиіс. Егер ет өңдеушілер тиімді баға ұсынса, онда еш­кім малды экспортқа шығарып әуре бол­майды. Сайып келгенде, пайда қайда бол­са, кәсіпкер сонда сабылады. Саланы дамытуға қатысты әртүрлі көз­қарас бар. Бірі етті өз ішімізде өң­деуі­міз керек, экспортқа тірі малды шы­ғар­майық десе, келесілері ірі малды сатуға шек­теу қойылмауы тиіс деген ұстанымда. Қа­лай болғанда да салаға үлкен көлемде ин­вестиция қажет екені түсінікті. Бұл бір жағынан фермерлердің сенімділігін оят­са, екінші жағынан отандық ет ха­лық­аралық стандарттарға сай болып, экс­портқа кедергісіз кетер еді. Energyp­rom сарапшылары бұған дейін ауст­ра­лия­лық Cedar Meat компаниясы Шығыс Қа­зақ­стандағы Аягөз ауданында са­ламын деп жоспарлаған инвестициялық жо­басын аяғына дейін жеткізбегенін мә­лімдеген болатын. Компания басшы­ла­рының бірі Эндрю Фернихоф 2018 жы­лы Altay Invest инвестициялық фору­мын­да мәміле жасасқан. Дегенмен жоба іске аспақ түгілі құрылысы да бастал­ма­ған. Әйтеуір, Қазақстанға ет өндірісіне бай­ланысты келуі тиіс инвестицияның бәрі жарты жолдан тоқтаған. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі корольдік отба­сы­ның өкілі Халиф бен Халид те Шығыс Қа­зақстандағы Бородулихин ауданында ет өндірісі бойынша агроферма құры­лы­сына 45 млрд доллар салуға ниеттенген екен. Алайда кейінірек инвестордың ойы­нан айнып қалғаны туралы ақпарат тара­ды. Осыған қарап, бұл жерде біз білмейтін бір шикіліктің барын аңғара­мыз.