Солтүстік Қазақстан облысында тағы да жер дауы ушықты. Осыдан бір жарым жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірден қоныс аударып, мал шаруашылығымен айналыса бастаған отбасы Есіл аудандық әкімдігінің заңды белден басуы салдарынан қайтадан кері көшіп кетуге шақ қалған. «Арыстан» шаруа қожалығының басшысы Қаламқас Дәулетованың айтуынша, оның отбасы 2019 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс күші көп оңтүстік өңірден Есіл ауданына қоныс аударған. Келе салысымен аукцион арқылы алты жылға жер телімін жалға алып, несиеге техника мен мал сатып алған.
«Тұрақты жұмыс орындарын ашып, бес адамды қабылдадық. Олардың орташа айлық еңбекақысы – 170 мың теңге. Біз өзіміздің барлық міндеттемемізді орындап отырмыз. Ауыл тұрғындарына жеңілдетілген бағамен жем-шөп береміз. Қара малдың етін өндірумен айналысатын жоспарымыз бар еді. Бірақ бүгінде бізге бөгет жасап, толыққанды жұмыс істеуге мұрша бермей отыр», – дейді шаруа қожалығының өкілі Азамат Абдрахманов.Белгілі болғанындай, былтыр жыл соңында Есіл аудандық әкімдігі оларға берілген 290 гектар жерді қайтарып алу туралы шешім шығарған. Бұл жердің нысаналы мақсаты – ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу. Қазір дәл осы жер үшін жергілікті атқарушы орган мен кәсіпкердің арасында талас туындап отыр. Бұл дауды өз күшімен шеше алмаған кәсіпкер «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Оның мәселесі кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. ЗАҢГЕР НЕ ДЕЙДІ?
«Өткен жылдың 20 желтоқсанында Есіл аудандық әкімдігінің №319 қаулысына сәйкес, Петровка ауылдық округінің Петровка ауылы тұрғындарының малын бағу үшін халықты жайылым жерлермен қамтамасыз ету мақсатында «Арыстан» шаруа қожалығының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жұмысы басталды. Бірақ Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабына сәйкес, жер меншік иесінің келісімімен немесе сот шешімі бойынша, мүлік тең өтелген ерекше жағдайларда ғана мемлекет үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуы мүмкін», – деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлімінің бастығы Айдос Кеңбейілов. Сондай-ақ заңгер мұндай жағдайлардың тізіміне тұрғындардың малын жаю мақсатында халықтың қажеттілігін қанағаттандыру да кіретінін түсіндірді. Алайда мұндай жерлер жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарына енгізілуі тиіс, сонымен қатар жеке қосымшада көрсетілуі керек. Бұл қосымша жайылымдардың сыртқы және ішкі шекаралары мен аудандарын көрсететін карта деп аталады. Бірақ Айдос Кеңбейіловтің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жоспарында Петровка ауылдық округінде мұндай жайылым жерлер жоқ. «Тиісінше, олардың бар екенін алға тарта отырып, аудандық әкімдіктің осы жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешімі заңсыз болып табылады. Егер олар осы жоспарда көрініс тапқан болса, шешім заңды болар еді», – деп түйіндеді Айдос Кеңбейілов.Бұған қоса, кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінің қолында Солтүстік Қазақстан облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінің Есіл ауданы әкімдігінің №319 қаулысы жер заңнамасының нормаларын бұза отырып шығарылғанын растайтын жауабы да бар. ДАУДЫҢ БАСЫ... Есіл аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Евгений Губа түсіндіргеніндей, бұл дау былтыр мамыр айында басталған. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, оған Петровка ауылы тұрғындарының бірі аудан әкімі алдында мал жаю үшін жайылым жер жетіспейтінін айтып, мәселе көтергені себеп болса керек.
«Содан кейін біз ауыл маңын аралап, оған округтегі жайылым жерлерді көрсеттік, жүгінген адам қанағаттанғандай болды. Бірақ жылдың соңына қарай бұл мәселе қайтадан көтерілді. Тұрғындар бүлік шығарып, облыстық прокуратураға жүгініп, шаруа қожалығының үстінен шағым жазды. Ауылдық округ әкімі тұрғындардың жалпы жиналысын өткізіп, онда осы жер телімін алып қою туралы шешім қабылданды. Аудан әкімінің атына тиісті қызметтік хат жолданды. Бұдан соң облыс әкімдігі әзірлеген Жол картасы негізінде біз жер телімін мәжбүрлеп тартып алу рәсімін бастап едік. Бірақ біздің үстімізден прокуратураға шағым түсіп, прокурорлар арызды жер инспекциясына жібереді. Ал жер инспекциясы заңды бұза отырып, қаулы шығарғанымызды растады», – деп түсіндірді Евгений Губа.Оның айтуынша, жерді мәжбүрлеп тартып алу рәсімі 2023 жылдың 10 маусымында басталады. Ендеше олардың осы учаскені жайылым жер жоспарына енгізуге әлі уақыты бар. Бірақ аудандық әкімдік кәсіпкерге оның орнына баламалы жер телімін бере алмайды, өйткені басқа жер жоқ. Алайда өтемақысын өтеуге дайын. Кеңес отырысына қатысқан Солтүстік Қазақстан облыстық жер инспекциясының өкілдері өз кезегінде шаруа қожалығының жер учаскесін мәжбүрлеп тартып алу туралы қаулының күшін жою бойынша аудандық әкімдіктің атына ұйғарым жіберілгенін атап өтті. Бірақ Есіл аудандық әкімдігі бұл ұйғарымға қатысты сотқа шағымдануға ниетті екенін айтып жауап беріпті. Қызу жарыссөз нәтижесінде Есіл аудандық әкімдігіне жерді мәжбүрлеп алып қою туралы заңсыз қаулының күшін жою және заңнамаға сәйкес әрекет етуді ұсыну туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ кеңес мүшелері қалыптасқан жағдайға кінәлі лауазымды тұлғаларды заңды белден басқаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды.
Солтүстік Қазақстан облысы