Елімізде наурызда ауа райы қандай болады?
Елімізде наурызда ауа райы қандай болады?
© inform.kz
226
оқылды
«Қазгидромет» РМК наурыз айына арналған ауа райы болжамын жариялайды. Бірінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 5-10 градус аяз, шығыста кей жерлерде 15-20 градусқа дейін аяз, оңтүстік өңірлерде - күндіз ауа температурасы 10-20 градусқа дейін жылынады. Наурыздың басында және ортасында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтардың кей жерлерінде қатты, екпінді жел 15-25 м/с дейін, солтүстік өңірлерде бұрқасынмен жауын-шашын күтіледі. Республика бойынша жиі тұман, солтүстік жартысында көктайғақ күтіледі. Жауын-шашынмен қатар ауа температурасы төмендейді. Бірінші онкүндіктің соңында Кар теңізінен жылжыған суық антициклонның әсерінен республиканың солтүстігінде, шығысында және орталығында ауа температурасы төмендеп, термометр бағаны түнде 10-15, кей жерлерінде 20-25 градусқа дейін аяз, күндіз ауа температурасы 5-13 градусқа төмендейді, оңтүстікте түнде 2-12 аязға дейін, күндіз 0-8 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Қазақстанның батысында бірінші онкүндіктің басында және ортасында жауын-шашын күтіледі, ауа температурасы түнде 0...8 аяздан 0...5 жылыға дейін, күндіз 0...5 жылыдан 5...13 жылыға дейін өзгереді. Наурыз айында ауаның орташа айлық температурасы Қазақстанның басым бөлігінде нормадан 1°С жоғары, оңтүстік - шығыс бөлігінде норма шамасында (норма: солтүстік жартысында - 3...9 аяз, оңтүстік жартысында - 2 аяз...8 жылуды құрайды). Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан көп, еліміздің батыс бөлігінде норма шамасында болады деп болжануда (ҚР басым бөлігінде норма 10-25 мм, тек оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс тау және тау бөктерлі аудандарында 30-90 мм.) Бір ай ішінде циклондар мен антициклондардың жиі ауысуы жауын-шашынның жиі түсуіне және ауа температурасының өзгеруіне себепші болады.